Өңір өнеркәсібі жанданып келеді
Түркістан облысына 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын 216,3 мың гектарға енгізу жоспарланған. Бүгінде 32 мың гектардан астам алқапқа су шығынын азайту технологиялары енгізілуде. Жаңа жүйе суды 2 есе үнемдеп, өнімді 3 есе арттырады. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті назарында. Осылайша су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыру бағытында еліміздегі ең алғашқы зауыт Түркістан облысында іске қосылды.
Сауран ауданының Шаға ауылдық округіндегі өнеркәсіптік парк аймағында «BNK Group» БНК компаниясы америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды әрекет ететін жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосты.
Бұл – Қазақстанда су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану үшін су шашыратқыш машиналардың толық циклін өндіруді жолға қоюға мүмкіндік беретін ірі және көп миллиардтық инвестициялық жоба. Бұдан бөлек, аталған «BNK Group» БНК кәсіпорнының жылына 50 мың гектарды қамтитын және «Тұран су» мекемесі жанынан жылына 9 мың гектарды қамтитын тамшылатып суару қондырғыларын шығаратын 2 зауыт ашылады.
Тамшылатып суару жүйелерін шығаратын төртінші зауыт шетелдік инвестордың қолдауымен Отырар ауданында жүзеге аспақ. Ірі инвестор тоқыма кластерін құру бойынша өңірге 440 млн. АҚШ долларын құюға дайын. Нәтижесінде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Тамшылатып суару арқылы мақта егудің озық тәсілін жергілікті диқандар меңгеріп жатыр. Компания «Turan» арнайы экономикалық аймағында ПВХ құбыр, тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыттар, 2 мақта өңдеу зауыты, жіп иіру бояу, әрлеу, фабрикасын және тігін фабрикалары сияқты инвестициялық жобаларды іске қосуды жоспарлауда.
Түркістан облысында 2024-2027 жылдар аралығында өңір экономикасының дамуына тың серпін беретін 145 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Осы жылдың өзінде 62 жоба жоспарланып, бүгінгі күнге оның 24-і іске қосылды. Ауқымды жобалар толық іске асқанда 18 мың жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Ірі өндірістік жобалардың қатарында қуаттылығы 926,5 МВт-ны құрайтын бу-газ қондырғысы, мұнай өңдеу зауыты, каустикалық сода, ПВХ, цемент, карбид және әк шығару зауыттары, күкірт қышқылын өндіру зауыты, жүгеріні терең өңдеу зауыты, ауыз су және түрлі-түсті сусындар шығару кәсіпорны мен тоқыма кластері зауыттары бар.
Инвестициялық жобалар өңірдің экономикалық көрсеткіштеріне оң серпін беруде. Ағымдағы жылдың 6 айында макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 106,8%-ға, өңдеу өнеркәсібі 111,2%-ға ұлғайды. Экономикаға тартылған инвестициялар көлемі 137,8%-ға өсті. Нәтижесінде мыңға жуық жұмыс орны ашылып, өңірде өнеркәсіп саласы жанданып келеді.
Түркия және Корея Республикасы мен Қытай Халық Республикасынан өңірге инвестиция тарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстарды күшейту үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған Түркістан облысы делегациясы кейін аудан және қала әкімдіктері, бизнес өкілдерімен бірге Қытайға арнайы іссапармен барып қайтты. Нәтижесінде көрші елдің жаңа технологиясы мен қытайлық инвесторлардың капиталымен бірқатар жобаларды жүзеге асыру қолға алынды.
Осы жұмыстардың нәтижесінде өңір экономикасына шамамен 1,2 трлн. теңге инвестиция бағытталады. Олардың қатарында тоқыма кластерін құру бойынша ірі жобалар бар. Қуаттылығы 800 МВт болатын күн және жел электро-стансасының құрылысы, Түркістан қаласында 5 жұлдызды қонақүй, бизнес орталық және аквапарк салу жоспарланған.
Сонымен қатар Қытай елімен ІТ саласында тәжірибе алмасу, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, озық технологиямен қамту, терең өңдеу, білім, мәдениет, туризм, Түркістан қаласындағы әуежайдың логистикалық әлеуетін пайдалану, әуе рейсін ашу және өзге де мәселелерде әріптестік орнату бойынша келіссөздер жүргізілді. Түркістан облысы мен бірқатар провинция арасында бауырластық, достық қатынастарды орнату туралы меморандумдарға қол қойылды. Сондай-ақ, облысқа шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында көкөніс қоймасының құрылысы, құрылыс материалдар өндіру зауытының құрылысы, аурухана ашу, ірі қара мал терісін өңдеу өндірісін ашу, жиһаз шығару, дрондар құрастыру және санитарлық-гигиеналық материалдар шығаратын зауыт ашу секілді бірқатар меморандумдарға қол қойылды.