«Тұран су» жұмысты жаңаша бағытта жүргізуде

Облыс әкімдігінің қолдауымен жұмысын жаңаша бағытта жүйелеген «Тұран су» мекемесі бірқатар табыстарға қол жеткізді. Сәрсенбі күні аталған мекеме ұжымының атқарған жұмыстары және алдағы жоспарлары талқыланған жиын өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды тиісті мекемеге су үнемдеу технологияларын енгізу, аймақтағы су нысандарын жөндеу, реттеу жұмыстарын күшейте түсуді тапсырды. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел-ұлы су нысандарын реттеу, су шаруашылығын тиімді жүргізу, каналдарды жөндеу жөнінде нақты тапсырма берді. Өңірде осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасады. Су қоймаларын жөндеу, жаңадан салу, каналдарды тазалау, жаңарту жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс. Ағын су мәселесін шешіп, су үнемдеу технологияларын енгізу маңызды, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Жиында «Тұран су» мекемесінің басшысы Досхан Лесовтің есебі тыңдалды. Оның айтуынша, биыл егістікке 817,4 млн. текше метр жоспарлы ағын су лимиті бекітіліп, бүгінгі таңда босатылған су көлемі 632,7 млн. текше метрді құрады. Экологиялық қажеттілікке 272,8 млн. текше метр су босатылып, жоспар 2,1 есе артығымен орындалды. Төлеби ауданындағы «Ащы» су қоймасын күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Кәсіпорынның меншігіндегі су нысандарына, атап айтқанда, «Рабат» су қоймасына «Сифон» қондырғысы және 10 дана жарықшам орнатылды. «Көкібел» су қоймасының төменгі жағына су фильтрациясын қою жұмыстары жүргізіліп, 8 жарықшам орнатылды. «Түркістан» және «Арыс» магистральды және ішкі шаруааралық каналдарына 82,7 шақырым механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Су үнемдеу технологиясын шығаратын кәсіпорындар желісі салынды. Қондырғылар орнатылды. Жоба жуырда толық іске қосылмақ.
Бүгінде мекеменің I категориялы лицензиясы, 3 өндірістік-техникалық базасы, 85 арнайы техникасы бар. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен кәсіпорынды техникалық жарақтандыру бойынша кешенді шаралар атқарылды. Арнайы техникалар бөліп төлеу негізінде сатып алынды. Оның ішінде 41 экскаватор, 3 бульдозер, 2 жылжымалы вагон және басқа да аса қажетті техникалар бар. 
Аудан, қалалар аумағындағы каналдар мен арықтарды тазалау және де қажетті жұмыстарды атқару мақсатында 14 экскаватор 8 аудан, қала әкімдіктеріне сатып алу тәртібімен жалға берілді. Аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, табиғи арналар, каналдар мен қашыртқылардың 1100 шақырымына тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланып, қазіргі таңда оның 500 шақырымға жуығы тазаланды. 
Биыл Ордабасы, Сауран, Қазығұрт, Шардара, Сайрам аудандарындағы 9 су нысанының 96 шақырымын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда 58 шақырымы жөнделді. Нәтижесінде 15 391 гектар суармалы алқап сумен қамтамасыз етілді.
Шардара ауданының 6 ауылдық округінде қашыртқылардың 1025 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген. Мекеменің техникалары мен мамандары еліміздің батыс өңірлеріндегі су тасқыны салдарын жою жұмыстарына да қатысты. 
Пікір қалдырыңыз