Салған жөн, бірақ, ескеретін мәселелер де аз емес
АЭС десе халықтың есіне Жапониядағы Фукусима апаты, кешегі КСРО заманында талай жанды жалмаған Чернобыльдағы жарылыс, одан қала берді Семей полигонындағы ядролық сынақтар түсетіні анық. Жасыратыны жоқ, көпшілік АЭС-тің осындай қауіпті жағын ғана біледі. Ал, оның энергияның қайнар көзі екенін ескере бермейтініміз рас.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында АЭС салу мәселесіне жан-жақты тоқталып, оның энергия тапшылығын шешудегі маңызды рөліне ерекше назар аударды. Президенттің сөзінше, еліміз сенімді әрі экологиялық таза қуат көздеріне аса мұқтаж.
– Біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі, экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етеді. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек, – деп Мемлекет басшысы көпшілікті АЭС салуға қатысты байыпты шешім қабылдауға шақырды.
Президент Жолдауынан кейін Түркістан облысындағы азаматтық қоғам өкілдері бас қосып, «АЭС-тің оң және теріс ықпалы» деген тақырыпта өзара пікір алмасты. Басқосуда АЭС салудың тиімділігі мен кері әсері жөнінде әртүрлі пікірлер айтылды. Біз солардың бірнешеуін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Әлихан ӘБДЕШОВ, «Өгем» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Төлеби ауданы:
– Өздеріңізге мәлім, АЭС-ке келгенде көпшіліктің пікірі қақ жарылып отыр. Бірі оның энергия тапшылығын шешудегі рөлін алға тартса, екінші тарап қауіпсіздік мәселесіне алаңдаулы. Дегенмен, билік өкілдері алдағы уақытта энергия тапшылығы болуы мүмкін екенін алға тартып, АЭС-ті салу қажеттігін ұсынып отыр. Жөн-ақ. Дегенмен, АЭС-ке оң көзбен қарағанымызбен, әлі де ойланатын тұстар бар. Сондықтан бұл мәселеде асығыстық танытуға болмайды.
Гулия ТӘЙТЕЛИЕВА, Ордабасы аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы:
– АЭС салу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Бірақ, содан бері әлі бір шешімге келгеніміз жоқ. Бұл мәселе 6 қазан күні өтетін республикалық референдумда шешілмек. Қазір әлеуметтік желілерде АЭС-ке қатысты сан алуан пікірлер айтылып жатыр. Жасыратыны жоқ, көпшілігі оның теріс әсерін жиі сөз етеді. Ал, нағыз осы сала мамандарының талдаулары өте аз. Сондықтан әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде мамандардың АЭС құрылысына қатысты пікірлері көптеп берілуі керек. Көпшілік сонда ғана АЭС төңірегіндегі түрлі әңгімелердің ара-жігін ажырата алар еді.
Ақмарал ӘБДІНӘБИЕВА, «Жігерлі ел» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Түркістан қаласы:
– Экономикамыз ілгерілеп, санымыз өскен сайын электр энергиясына деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. Әрине, бұл тұрғыда АЭС-тің қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Меніңше, АЭС-тің салынғаны дұрыс. Бірақ, оның төңірегіндегі сыртқы саясат, энергетикалық және экологиялық қауіпсіздік мәселелерінде мін болмауы тиіс.
Гүлнар НИЯЗОВА, «Эко Атамекен» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Кентау қаласы:
– АЭС-тің аты аталса болды, басымызға Семей полигоны туралы ойдың келе қалары сөзсіз. Бірақ, АЭС салу – басқа мәселе. Байқап жүргеніміздей, біраз адам АЭС салуға келгенде, Чернобыль, Фукусимадағы апатты жағдайларды алға тартады. Иә, ондай трагедиялардың орын алғаны рас. Алайда, АЭС технологиясының да заман талабына сай дамып жатқанын естен шығармауымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде АЭС салу жобасын қолдау керек. АЭС арқылы көптеген проблеманың шешімі табылатынын түсінуіміз қажет.
Құрал ӨТЕГЕН, «Төрткүл ауылдық округі» қоғамдастық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ордабасы ауданы:
– АЭС салу керек пе, әлде керек емес пе деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Бұқара арасында мұны әлі де түсінбейтіндер аз емес. АЭС салу кезек күттірмес мәселе дегенімізбен, оның күрмеулі тұстары да жетерлік. Біріншіден, «АЭС-ті кім салады?» деген сұраққа әлі жауап жоқ. Екіншіден, құны. Үшіншіден, мамандар тапшылығы. Міне, билік осы сұрақтарға нақты жауап берсе, халық 6 қазан күні нақты таңдау жасайтын болады деп ойлаймын.
Ұлдықыз ЗЕЙНЕДИНОВА, «Мейірім жастар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Шардара ауданы:
– Жалпы, атом электр стансасының салынуына қарсы емеспін. Қаншама жұмыс орны ашылып, халықтың әлеуметтік жағдайы көтерілер еді. Сондықтан бүгінгі ғылым барлық қауіпсіздіктерді ескереді деп ойлаймын. Әр нәрседен қорқа берсек, бәрінен құр қаламыз.
Сәбира БАЙЗАХОВА, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Шымкент қаласы:
– АЭС-тің салынуына қарсы емеспін. Өйткені, бұл – уақыт талабы. Еліміздегі көмір мен газдың қоры шексіз емес, олар да бір күні сарқылады. Ал, бізде уран мол. Осыны неге пайдаланбасқа?!
Нұрболат ҚАЙРАМБАЕВ, «Ақ Мейір» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Түлкібас ауданы:
– АЭС – болашағымыз үшін қажет деп ойлаймын. Себебі, бізге тұрақты әрі сенімді энергия көзі ретінде өте қолайлы. Жер астындағы қисапсыз байлықты елдің игілігіне жарату үшін бізге көп мөлшерде электр энергиясы қажет. Энергияны пайдалану деңгейі өсе берсе, алдағы уақытта тапшылық туындауы мүмкін. Сондықтан АЭС қалайда салынуы керек.
Владислав ГОЛЯРКО, «Generation» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Сайрам ауданы:
– Егер АЭС салынса, біраз мәселенің түйіні шешілгелі тұр. Әсіресе, бұл энергетика саласына қатысты. Бұл жағынан алып қарағанда, бізге АЭС салу өте тиімді. Сондықтан да өз басым АЭС салуға қарсы емеспін.
Дайындаған Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».