Жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек

Бүгінгі таңда атом энергетикасы арқылы өндірілетін электр энергиясы әлемде он пайызға жетті. Дүние жүзінің 32 елінде 440 реактор жұмыс істеп тұр. Барлығымызға белгілі, атом энергиясы климаттың өзгеруіне қарсы күресте маңызды рөл атқарады. Өйткені, ол көміртексіз электр энергиясын өндірудің тұрақты және сенімді көздерінің бірі болып табылады.

Алдымен әлемдік атом энергетикасының даму тенденцияларына тоқталайық. Қуаттылықты арттыру мақсатында кейбір елдер атом энергетикасына инвестицияларды барынша ұлғайтып жатыр. Атап айтсақ, Қытай, Ресей, Үндістан, Франция және Оңтүстік Корея сияқты алпауыт мемлекеттердің бірқатарында атом электр стансалары әлдеқашан іске қосылса, тағы біразы бұл саланы жандандыруды қолға алмақ. Себебі, бұл елдерде ядролық энергетикаға деген сұраныс жоғары болып тұр.
Әрине, қауіпсіздік жағын да қаперден шығаруға болмайды. Осы ретте соңғы технологиялық жаңалықтар жайлы айтар болсақ, атом электр стансасының қауіпсіздігін арттыру мақсатында жаңа технологиялар енгізілуде. Үшінші және төртінші буын реакторлар қауіпсіздікті жақсартып, болуы мүмкін апаттарды барынша азайтуға бағытталғанын да айта кетейік. Сондай-ақ, ядролық отынды қайта өңдеу технологиялары дамып, бұл табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және радиоактивті қалдықтарды азайтуға мүмкіндік береді.
Тағы бір айта кететін нәрсе, жаңартылатын энергия интеграциясы күн өткен сайын дамып келеді. Яғни атом энергетикасы жел және күн энергиясы сияқты жаңартылатын энергия көздерімен біріктіріле бастады. Бұл энергия жүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет.
Осы ретте маман ретінде атом энергетикасының артықшылықтары туралы өз ойымды айта кетсем деп едім. Біріншіден, ол – экономикалық тұрғыдан өте тиімді. Атом электр стансалары ұзақ мерзімді перспективада тиімді электр энергиясын өндіре алады. Бастапқы шығындарға қарамастан АЭС-тер ұзақ мерзімді жұмыста төмен операциялық шығындарымен ерекшеленеді.
Екіншіден, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Атом энергиясының бағасы тұрақты және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, бұл экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, елдегі электр қуатына сұранысты қанағаттандырып отырады. Үшіншіден, экологиялық жағынан да қоршаған ортаға қолайлы саналады. Төмен көміртегі шығарындыларын айтар болсақ, атом энергетикасы парниктік газдардың шығарылуын азайтуға көмектеседі. Өйткені, оның жұмысында көміртек диоксиді (CO2) шығарындылары жоқ. 
Төртіншіден, атмосфераға зиянды заттардың шығарылмауы жағынан да тиімді. Атом стансалары ауаға күкірт оксидтері немесе азот оксидтері сияқты зиянды заттар шығармайды. Бесіншіден, энергиямен қамтамасыз етуде де тиімді тұстары көп. Жоғары қуаттылыққа ие. АЭС-тер үлкен көлемде электр энергиясын тұрақты өндіреді. Бұл оларды базалық жүктемені қамтамасыз ету үшін сенімді көзге айналдырады. Алтыншыдан, жоғарыда айтқанымыздай, егер сапалы салынса қауіпсіздігі жағынан да тиімді болмақ. Қазіргі заманғы АЭС-тер жетілдірілген қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған, ал, ядролық өнеркәсіптегі реттеуші қадағалау қатаң ережелерге бағынады.
Рас, атом энергетикасының кемшіліктері де жоқ емес. Егер мұны айтпасақ, әділетке қиянат болар еді. Мәселен, біріншіден, заманауи АЭС салу үлкен инвестицияны талап етеді. Жоба құнының қымбат болуы ұзақ мерзімді экономикалық тиімділікке әсер етуі мүмкін. Сол себепті, мұның құрылысы мен пайдаланудағы кідірістер немесе бюджеттен асатын шығындар экономикалық тәуекелдерге алып келуі ықтимал. Екіншіден, атом энергиясын пайдалану радиоактивті қалдықтардың пайда болуына әкелетіні сөзсіз. Оны қалай залалсыздандырамыз? Бұл бүгінде ең өзекті мәселе ретінде қаралып жатыр. Өйткені, әліге дейін бұл қалдықтарды ұзақ мерзімді және қауіпсіз сақтау мәселесі шешілмеген. Экологиялық проблемалар туындататыны да содан болып тұр. Ал, авариялардың экологиялық әсері туралы айтқанда, бұдан бірнеше жыл бұрын орын алса да ел әлі ұмыта қоймаған жойқын апаттарды мысалға келтіруге тура келеді. Чернобыль және Фукусима сияқты атомдық апаттар қоршаған ортаға ауыр зиян келтіргенін ешкім жоққа шығара алмайды. Мұндай апаттар сирек орын алса да, олардың салдарының ұзақ уақыт бойы сезілетіні жасырын емес.
Иә, уран ресурстарының шектеулігі туралы айтар болсақ, атом энергиясына арналған уран қоры шектеулі және оның ұзақ мерзімді перспективада жетіспеушілігі туындауы мүмкін. Бірақ, бүгінгі экономикалық тұрғыдан алғанда, мұны салудың тиімділігі басым болып тұр. Тек, сапаға ерекше мән беру керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәселеде сақтықпен қарап, жеті өлшеп, бір кескеннің артықтығы болмас. Екінші жағынан алғанда, АЭС салу ұзақ уақытты алады. Уақыттың көш-керуені үнемі алға жылжып отыратынын ескерсек, бұл мезгіл аралығында басқа баламалы энергия көздері дамып, атом энергиясының маңыздылығын төмендетуі де мүмкін.
Ең негізгісі, әлемде ядролық қару тарату қаупі басым. Атом энергетикасы ядролық қарудың таралу қаупін тудырады. Өйткені, кейбір елдер ядролық технологияларды қару жасау мақсатында қолданады. Жаңа технологиялардың өмірімізге дендеп енуі мен түрлі қауіпсіздік шараларына қарамастан, атомдық авариялардың мүмкіндігі толығымен жойылмағанын да естен шығармайық.

Шерзод РУСТАМБЕКҰЛЫ, 
жаратылыстану ғылымдары, нанотехнологиялар және жаңа материалдар ғылыми-зерттеу институтының директоры.
Пікір қалдырыңыз