Әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдар азайып келеді

Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».

Облыс әкімінің осы жылдың ақпанында бекіткен «Өңірді жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Атап айтқанда, 108 мың адамды тұрақты және уақытша жұмыс орындарына, 3,7 мың адамды Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар арқылы ашылатын жұмыс орындарына жолдау, сонымен бірге 7,2 мың адамға грант немесе шағын несие беру көзделген. Тиісінше, 1 тамыздағы  статистикаға сәйкес 68,5 мың түркістандық жұмыспен қамтылып, жоспар 58 пайызға орындалған. Бұл жайында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баспасөз жиынында айтты. Спикердің сөзіне сүйенсек, 31 мың адам тұрақты, 37,5 мың адам уақытша және 1,5 мың адам Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар бойынша ашылған жұмыс орындарымен қамтылған. 

Спикердің айтуынша, өңірде Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар негізінде 400-ге тарта ин- фрақұрылымдық жобаларды іске асырып, 3 600-ден астам жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінге дейін оның 227-сі қолға алынып, 1500-ден аса жұмыс орны құрылыпты. Ал, «Еңбек» бағыты бойынша 2024 жылы 85,4 мың азаматты жұмысқа жолдау жоспарланып, 7 ай ішінде 44,6 мың адам жұмысқа орналасқан. Одан бөлек 31 мыңнан аса адамды субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау көзделіп, 25 570 адам жұмысқа кірісіп кеткен. Кәсіп бастауға ниет білдірген 1783 адамға грант беріліп, 2 570,9 млн. теңге игерілген. Сонымен бірге, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 7 аудан мен қаланың 120 тұрғынына пилоттық жобаларды жүзеге асыру үшін грант тағайындалған.
– Этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесін беру мәселесі бойынша облысқа қоныс аударған 339 отбасыға қызмет көрсетіліп, 588 этникалық қазақ «Қандас» мәртебесіне ие болды. Олардың 570-і Өзбекстаннан, 10-ы Тәжікстаннан, үшеуі Ресейден, қалғандары басқа мемлекеттерден көшіп келді. Қоныс аударған этникалық қазақтардың 235-і Сарыағаш ауданына, 75-і Ордабасы ауданына, 73-і Қазығұрт ауданына, 101-і Келес ауданына, 34-і Сайрам ауданына, 21-і Жетісай ауданына, 14-і Түлкібас ауданына, 20-сы Мақтаарал ауданына, 3-еуі Шардараға, біреуі Арысқа және 11-і Түркістан қаласына тұрақтады. Ал, шетелден жұмыс күшін тартуға рұқсат беру қызметі бойынша биыл Түркістан облысына 324 квота бекітілген. Бөлінген квота негізінде 2024 жылдың 1 тамызына дейін 20 кәсіпорын мен ұйымға 83 шетел азаматы жұмысқа тұрды. Қазіргі уақытқа дейін шетелдік жұмыс күшіне рұқсат алғаны және ұзартқаны үшін алынған салық көлемі 58,8 млн. теңгені құрады. «Босқын» мәртебесін беру рәсімі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Босқын мәртебесiн беру туралы өтiнiшхатты тiркеу мен қарау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүргізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін облыста 7 шетелдік отбасының 11 азаматына пана іздеуші куәлігі және 8 шетелдікке босқын куәлігі берілді. Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығына сәйкес еңбек ету үшін көшіп келушілерге рұқсат беріледі. Бұл тұрғыда 7 ай көлемінде 29 мыңнан аса адам рұқсат алған. Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бойынша 7 050 квота бөліп, қандастар мен қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 7 облыс белгіленді. Олар – Абай, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау  және Шығыс Қазақстан облыстары. Бөлінген квота негізінде биылғы жылдың жеті айында Түркістан облысынан 165 отбасы немесе 599 адам аталған өңірлерге қоныс аударды. Олардың 28-і Шығыс Қазақстан облысын, жетеуі Қостанай облысын, 369-ы Павлодар облысын, 170-і Солтүстік Қазақстан облысын, екеуі Қарағанды облысын, 16-сы Абай облысын және жетеуі Ұлытау облысын таңдаған, – деді Әсия Құралқызы.
Бүгінде өңірдегі көп балалы отбасылар саны 185 690-ға жеткен. Яғни еліміздегі көп балалы отбасылардың әрбір төртіншісі Түркістан облысында тұрады деген сөз. Сондықтан әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың табысын арттыру арқылы кедейлікті төмендету жұмыстары биыл да тұрақты түрде жалғасып келеді. Сәйкесінше биыл өңірдегі кедейлік деңгейін 5,5 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Осы орайда биыл 116,2 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек беру үшін бюджеттен 9,6 млрд. теңге бөлінген. Сонымен қатар, кедейлік деңгейін төмендету жөнінде аудан, қала әкімдерімен меморандумдар түзіліп, АӘК берудің тоқсандық жоспары бекітілген. Бұл тұрғыда 7 ай ішінде 14 160 отбасы немесе 84 860 адамға АӘК тағайындалып, көмекке мұқтаждар саны 19 563 адамға кеміген. Қазіргі уақытта аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халқының 4 пайызын құрап отыр. Айта кетсек, 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жағдайы төмен азаматтардың саны 61 224 адамға немесе 41,9 пайызға азайыпты. 
Қазіргі уақытта Түркістан облысында 97 280 мүгедектігі бар азамат есепте тұр. Биыл облыстағы мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 13,4 млрд. теңге бөлінген. Алғашқы жеті айда қаралған қаржы есебінен 40 111 техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылып, қажеттіліктің 73,2 пайызы қамтылған. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» деп аталатын сайлауалды бағдарламасының 26-тармағын орындау аясында 154,7 млн. теңге бөлініп, былтырдан бері өңірдегі 607 нысанда бейімдеу шаралары іске асырылған. Алайда, кейбір аудандарда бұл проблеманы шешу мақсатында жергілікті бюджеттен мүлдем қаржы қаралмаған немесе бөлінген қаражат өте мардымсыз. Бұл бейімдеу жұмыстарын сапалы түрде орындауға кері әсерін тигізіп жатыр. Жалпы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты әлеуметтік қызметтер көрсететін 12 орталық бар. Оның төртеуі стационарлық, алтауы жартылай стационарлық үлгідегі мекемелер және «Ардагерлер үйі» мен «Арнаулы кәсіптік колледжі». Бұл мекемелерде жұмыс ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттары» және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларына» сәйкес жүргізіледі. Атап айтқанда, жалғызілікті қарттарға, мүгедектігі бар адамдар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтердің 8 түрі бойынша кепілдік берілген қызмет көрсетіледі. Осы жылдың 
7 айында мыңнан аса азамат сол қызметтердің игілігін көрген. 
– 2021-2022 жылдары республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы қаралып, 2021 жылдың қыркүйек айында Сауран ауданына қарасты Ораңғай ауылында мүгедектігі бар ересек адамдарды оңалтатын 200 орынды орталықтың құрылысы басталған болатын. Тапсырыс беруші – Түркістан облыстық құрылыс басқармасы, мердігер мекеме – «Шымкент Құрылыс» ЖШС. Құрылыстың жалпы құны  
2 562,9 млн. теңгені құрайды. Бүгінгі таңда тапсырыс беруші тарапынан нысан қабылданды. Алдағы уақытта нысан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының теңгеріміне өтеді. Осыған орай басқармада нысанды қабылдау комиссиясы құрылды. Комиссия құрамында басқарма өкілдерімен қатар, облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар. Облыс әкімінің қаулысымен басқармаға қарасты «№6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» құрылып, ол облыстық әділет департаментіне тіркелді. Орталық жұмысы үшін биыл басқарма тарапынан 391,7 млн. теңге бөлінді. Оның 224 млн. теңгесі жалақыға төленсе, азық-түлік, дәрі-дәрмек және өзге де шығындарға 167,7 млн. теңге жұмсалады. Сонымен бірге, жаңа орталыққа 2 қызметтік көлік алу үшін – 29,4 млн. теңге және құрал-жабдықтар алуға 225,5 млн. теңге бөлінді. Жоспар бойынша жаңа орталық теңгерімге қабылданған соң, биылғы қазан айынан бастап толық іске қосылып, мұқтаж азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсете бастайды. Сауран ауданы, Ораңғай ауылындағы тағы бір әлеуметтік нысан – психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 50 орынды орталық. Нысан құрылысы былтыр шілде айында басталды. Тапсырыс беруші – Түркістан облыстық құрылыс басқармасы, мердігер мекеме – «KAZ Intel Group» ЖШС. Құрылыстың жалпы құны – 3,2 млрд. теңге. Жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталуы керек. Нысан басқарма теңгеріміне өткен соң мекеме ашылып, қызметін бастайды. Сәуір айында «Қамқорлық Қоры» КҚ тарапынан облыс әкімдігіне «Аутизм және басқа да менталды бұзылулары бар балаларға арналған орталықтар құру» жобасын жүзеге асыру бойынша хат келді. Ұсынысқа сәйкес, көлемі 2000 шаршы метрден кем болмайтын ғимарат сұралып, қызметтік хат әзірленіп, облыс әкімімен келісілді. Жобаны іске асыруға Түркістан қаласындағы Б.Саттарханов, 31 мекенжайында орналасқан ғимарат ұсынылды. Ғимараттың жөндеу жұмыстарын бекітілген бірыңғай дизайн концепциясына сәйкес жүргізу бойынша басқарма мен ғимарат иесі – «Саб Ко» ЖК арасында меморандум түзілді. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкер тарапынан брендбук дизайнына сәйкес жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң ғимарат жалға алынып, жаңа орталық құру бойынша жұмыс жүргізу көзделген. Жоспар бойынша мекеме аутизм және басқа да психикалық ауытқулары бар 125 балаға қызмет көрсетеді, – дейді басқарма басшысы.
Пікір қалдырыңыз