Дронды өзіміз шығарамыз

Қытайлық «Hunan Youhang UAV Technology» компаниясы Түркістан өңірінде дрон шығаратын кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр. Облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров қытайлық кәсіпкерлермен кездесіп, бұл бастаманы кеңінен талқылады. Сонымен қатар Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, мемлекеттік қолдау шарттарын айтты.

Инвесторлар дрон шығаратын кәсіпорын үш кезеңнен тұратынын, алғашқы кезеңінде 150 миллион доллар, екінші кезеңінде 400 миллион доллар инвестиция салатындарын айтты. Бірінші кезеңнің өзінде жергілікті 100-ден аса адам, ал, екінші кезеңде 2 000-нан аса адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Үшінші кезең алғашқы екі кезең аяқталған соң іске аспақ. 
Кездесу соңында «Turkistan Invest» ЖШС басқарма төрағасы Берік Кенжебаев пен қытайлық «Hunan Youhang UAV Technology» компаниясының өкілдері меморандумға қол қойды. Аспан асты елінен келген кәсіпкерлер кәсіпорынның алғашқы кезеңін жыл соңына  дейін аяқтайтындарын айтты. Оларға Сауран ауданындағы дайын өндірістік парктен 6 гектар аумақты құрайтын ғимарат жалға беріледі. 
Айта кетейік, еліміздегі аспанда ұшатын құрылғы шығаратын алғашқы кәсіпорын Түркістан облысында ашылады. Алдағы уақытта сапалы әрі қолжетімді құрылғылар «Made in Kazakhstan» маркасымен шетелдерге экспортталады деп күтілуде.
Пікір қалдырыңыз