Жан баспаған аралды «жұмаққа» айналдырған

Адам баласы аяқ баспаған аралды сатып алып, сонда жалғыздан жалғыз өмір сүріп, елсіз мекенді жердегі «жұмаққа» айналдыру бір қарағанда мүмкін емес сияқты. Бірақ, мүмкін екен... Себебі, британдық Брендон Гримшоу 60 жылдан астам уақыт бұрын осы мүмкін емес нәрсені іске асырған. Тіпті, ағылшын азаматы өзі 50 жыл өмір сүрген аралды 50 миллион АҚШ долларына сатудан бас тартқан.
«Жаңа Робинзон» деген лақап атқа ие болған Брендон Гримшоу 40 жасында газет редакторы қызметін тастап, өмірін түбегейлі өзгертуге шешім қабылдаған. Өзгерткенде де барлық адам тәнті боларлықтай әрекетке барған. Дәлірек айтсақ, ол 1962 жылы Сейшел архипелагынан «Моенн» деп аталатын кішігірім аралды сатып алады. Аралдың ұзындығы 480 метр болса, ені 300 метрді құраған. Брендон Гримшоу Үнді мұхиты қоршаған адам аяқ баспайтын жер үшін 13 мың доллар төлепті. Брендон барғанға дейін бұл арал соңғы 50 жыл бойы қаңырап бос тұрған және шөп басып, топырағы көрінбейтін жағдайға жеткен. Тіпті, бастапқыда Гримшоу аралдың кейбір бөліктеріне өте алмай, сумен жүзіп жеткен көрінеді.
Негізі Брендон Гримшоудың жоспары бойынша, ол аралда жалғыз өзі өмір сүруі керек еді. Бірақ өмірдің заңына сәйкес ол осы жерден өзіне көмекші тапқан. Рене Лафортен есімді азамат біз айтып отырған «Жаңа Робинзон» үшін «Жұма» болған десек те қателеспейміз. Өйткені, Рене Брендонға аралды игеруге және үй-жайын реттеуге көмектескен. Алайда, оның тарихтағы «Жұма» есімді кейіпкерден айырмашылығы – аралда өмір сүрмеген, оқта-текте ғана келіп-кетіп тұрған.
Осылайша, біршама уақыт ішінде Брендон Гримшоу мен Рене Лафортен «Мойенн» аралын адам танымастай етіп өзгерткен. Екеуі шамамен 16 мың түп дарақ отырғызып, жалпы ұзындығы 5 шақырым болатын жол төсеген. 2007 жылы Рене Лафортен өмірден өтіп, сексен жастағы қарт Брендон аралда жалғыз қалады. Сонда да тіршілігін тоқтатпаған Гримшоу аралдағы фаунаның көлемін едәуір ұлғайтқан. Соның арқасында аралда құстардың екі мыңға жуық түрі және жүздеген сирек кездесетін алып тасбақалар пайда болған.
Аңыздарда айтылғандай, бір замандарда бұл аралға қарақшылар өз олжаларын көмген көрінеді. Бірақ, Брендон Гримшоу аралдан бір түйір де алтын таппаған, есесіне «Мойеннің» өзін адамзат қазынасына айналдырған. Бір кездері Сауд Арабиясының ханзадасы бұл арал үшін 50 миллион АҚШ долларын беруге дайын екендігін айтыпты. Алайда, қария ұсынысты қабылдамапты. Ал, 2008 жылы Брендон Гримшоудың аралына қорық мәртебесі берілген. Бүгінде «Мойенн» аралы Сент-Анн Ұлттық теңіз саябағының бір бөлігі болып саналады.
Аралдағы Брендонға журналистер жиі-жиі баратын болған. Бірде ол «Өзіңізді жалғыз сезінген кезіңіз болды ма?» деген сұраққа: «Иә, бір рет. Мен ол кезде Лондон қаласынан пәтер жалдадым» деп жауап беріпті. Кейбір журналистер оның таңғажайып өмірі туралы деректі фильм де түсірген.
Брендон Гримшоу қашан ажал сағаты соққанша, денсаулығы мықты, шымыр болған деседі. Оған аралдағы белсенді өмір салтының әсері де мол болған шығар. Аты тарих беттерінде таңбаланған Брендон Гримшоу соңғы 50 жылдық ғұмырын теңіз тасбақаларының және мыңдаған құстардың ортасында өткізген. Сонымен бірге, жанында өзімен бірге алып барған бірнеше иті болған. Брендон Гримшоу 2012 жылдың тамызында көз жұмған. Дегенмен, оның табиғи да тарихи «туындысы» қазірге дейін сақталып, Сейшел архипелагындағы мыңдаған туристің сүйікті орны болып келеді. Саяхатшылар арасында бұл жерді «жердегі жұмақ» деп айтатындар да кездеседі. Жалғыз жүріп елсіз мекенді «жұмақ мекенге» айналдыру мүмкін емес, әрине, бірақ бұл шындық!

Б.МЕЙІРХАНҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз