Сыбайлас жемқорлыққа байланысты жаза күшейтілді

Кентау қаласында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілі Ерұлан Тұңғышбаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша кеңес өткізілді.
Ерұлан Икрамұлы өз баяндамасында қатысушылардың назарын қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғау, және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері туралы Заңда қамтылған маңызды заңнамалық өзгерістерге аударды. Атап айтқанда, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарды бірден қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне жіберу мүмкіндігін тоқтату. Осы арқылы жемқорлықпен сотталғандардың артықшылықтары жойылды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар үшін сыбайлас жемқорлыққа байланысты жаза күшейтілді.
Жиын барысында Ерұлан Тұңғышбаев «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» ТБН-4 жобаларын орындау бойынша түсініктеме берді. Жобалық басқару – бұл, ең алдымен лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін көрсетуде, нақты нәтижелерге қол жеткізуде, сондай-ақ формализмнен алшақтауда көрініс тапқан институционалдық реформалардың маңызды кезеңі екенін атап өтіп, ТБН-4 шеңберінде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі жұмысын ұйымдастыру сапасын арттыру үшін мүмкіндіктер ашылатынын айтты.
Кеңес қорытындысы бойынша Кентау қаласы әкімі аппаратының басшысы – Әдеп жөніндегі уәкілі Бауыржан Әбенұлы осы талқылаудағы басты бағыттар –сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу, сыбайлас жемқорлық қылмысқа жол бермеу үшін барлық мүмкін жағдайларды болдырмау, заңды бұзу фактілерінің алдын алу бойынша қажетті шаралар атқарылатынын айтты. Мұнан бөлек, мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу, кез келген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жолын кесу, қоғамда және ұжымда оған қарсы мәдениетті күшейту бойынша жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, жиынға қатысушыларға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері анықталған жағдайда, басшылыққа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірыңғай Колл орталығына (1424 ) дереу хабарлау керектігін ескертті.

Кентау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз