Жақсы іс жалғасын табуда
Ерлан ҚУАНДЫҚОВ, «Оңтүстік Қазақстан».
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар одан әрі жалғасуда. Өңірдің қала мен аудандарында айтулы шараға үн қосушылар саны да, атқарылған жұмыстар да күннен-күнге көбейіп келеді.Акция барысы туралы таяуда облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен арнайы кеңес өтті. Жиында акция барысында атқарылған жұмыстарға талдау жасалды. Мәжіліске қатысқан тиісті департамент, басқарма басшылары, сондай-ақ, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Президент бастамасымен қолға алынған осынау шараны тұрақты әрі жүйелі жүргізуді тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғасатынын, апта сайын атқарылған жұмыстар пысықталып, егжей-тегжейлі талқыланып отыратынын жеткізді.
– Әсіресе, тұрғындардың белсенділігін көтеру, олардың арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Акция аясында кең көлемді сенбіліктер ұйымдастыру керек, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. Белсенділік танытпаған, ортақ, пайдалы іске қырын қарайтындардың тәртіптік жауапкершілігі қаралатындығын еске салды.
Мәжілісте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық құрылыс басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл «Таза Қазақстан» акциясын жүзеге асыру жөнінде баяндама жасады. Олардың ұсыныстары тыңдалды. Білім, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, дін істері, денешынықтыру және спорт, мәдениет, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, экология департаменті және «ҚазАвтоЖол» мекемесінің өкілдері акцияға қосқан үлестері, алдағы жоспарлары жайлы баяндады.
Облысқа қарасты 807 елді мекенде сенбілік кестеге сай атқарылуда. Оның ішінде Түркістан қаласында облыс жастары мен еріктілерінің белсенділігі артқан. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиын барысында да «Таза Қазақстан» акциясы аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру, тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтере отырып, қоршаған ортаны таза ұстау мәселесі талқыланды. Осы орайда белсенді азаматтардың ұсынысынан туған «Үлгілі аула» жобасы да көше тазалығын, жеке үйлердің айналасы мен көпқабатты үйлердің маңайын күл-қоқыстан тазартуда үлкен рөл атқарып отыр. Оған облыстағы үздік ауылдар өтінім берген. Бұл жоба аясында инфрақұрылымы дамыған, тазалық жұмыстарымен айналысуды тұрақты қолға алған ауылдар өзара бәсекеге түспек. Қоғамдық даму басқармасы шараға 17 ауданнан 80 мыңға жуық ерікті қатысқанын, қала көлемінде 92 мыңға жуық ағаш көшеті мен 10 мыңдай гүл отырғызылғанын, 1174 тонна қоқыс шығарылғанын баяндады. Сонымен қатар, киелі орындардың айналасындағы 198 көшеде ағаштарды әктеу, өзге де сырлау жұмыстары жүргізіліп, қоқыс қалдықтары шығарылған. 230 қарттың үйіне тазалық жұмыстары жүргізілді. Облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Жас Түркістан» еріктілер қауымдастығы құрылып, «Бұл сенің өмірің» акциясы аясында 500 жастың қатысуымен тимбилдинг ұйымдастырылды. Ал, «Асыл мұра» жобасы аясында облыстағы тарихи-мәдени орталықтар мен туристік аймақтарда аптасына бір мәрте 300 жастың қатысуымен квест ойындары өтпек. Биыл «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы мемлекеттік бағдарламасына 1500 жасты қамту жоспарланып отыр.
Отырар ауданында экоакцияға «Мұрагер» республикалық қоғамдық бірлестігінің Отырар ауданы бойынша филиалы өкілдері қатысып, «Арыстанбаб» кесенесінің маңайы шөп-шаламнан тазартылған. Үш жүзге тарта адам жұмылған шарада 10 тоннадай қоқыс арнайы орынға жөнелтілген. Мақтаарал ауданының
2 кенті мен 9 ауылдық округінде өткен сенбілікте арық-атыздар, ішкі көшелер, аяқжолдар, мекемелердің айналасы, кәсіпкерлік нысандар айналасы тазартылып, 18 тонна қоқыс шығарылды.
Дәл осындай шара Арыс қаласында да өткен. Таң атпастан қолдарына құрал-саймандарын ұстаған Ақдала ауылының тұрғындары Арысқа кіре берістегі жол жиегін арамшөптерден тазартқан. Осындағы «Kazakh Real Stroy» ЖШС аталмыш акцияны қолдап, арыстықтарға қалыңдығы 2 см металдан жасалған 1200 текше сыйымдылығы бар 30 дана жаңа қоқыс жәшігін тарту етті. 500 адам сенбілікке жұмылдырылған. Сайрам ауданы «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын өткізген. Акция барысында Манкент ауылындағы орталық саябақ ретке келтірілген. Елуге жуық бағана сырланып, екі жүз түптей ағаш әктелген. Аулалар 1,5 тонна қоқыстан тазартылған. Белсенділер өзен-көлдердің жағалауларын тазартып, басқаларды да тазалық сақтауға шақырған.
Созақтықтар да экологиялық шараға атсалысты. Арнайы 2 техника жұмылдырылып, ұзындығы 5,9 шақырымдық 6 көше 3,5 тонна қоқыстан тазартылды.