«Балықшыға» барғанның үміті оянады

Бір кездері бетінен қаны тамып тұратын Бостан қарияның аяқ астынан инсульт алып қаламын деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Қапсағай денелі, бойшаң қарияның құқық қорғау саласындағы қызметі адалдық пен аярлықтың аражігін ажыратуға құрылғанын, сол жолда бір адаммен келіссе, екінші адаммен керісіп қалатынын жай ғана жұмыс бабына балап қоя салатын. Алайда, іуақыт дегенін істеп, жүйке шаршапты, жүрекке салмақ түсіріп алыпты. Міне, енді, қолтығына балдақ қыстырып, санаторийдің «ЛФК» бөлмесінде құрысып қалған қол-аяқтарымен алысып әлек. Бостан қария сияқты жаттығу жасап, жанталасып жатқандардың жанарында  «Құдай қаласа жүріп кетемін, жүгіріп кетемін» деген үміт оты маздап тұр.
Тау аясындағы саялы, салқын жерде орналасқан «Балықшы» санаторийі осындай инсульт алғандардың оңалту орталығына айналғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Емдеу орнының тарихы да қызық. Санаторий 1937 жылы туберкулез дертіне шалдыққан балаларды емдеп, сауықтыру мекемесі болып ашылған екен. Ұлы Отан соғысы кезінде осы сауықтыру мекемесіне Молдованың «Бугоз», Украинаның «Украина», Одессаның «Майкоп» санаторийлерінен өкпе ауруына шалдыққан балалар эвакуацияланған, ал, 1944 жылы республикалық «Балықшы» балалар сүйек туберкулезі санаторийі болып бөлініп, аймақтық бағынысқа берілген.
Еліміз егемендік алғаннан кейін санаторий «Балықшы» ауруханасына айналып, сүйек-буын туберкулезіне күрделі ота жасау ісі жандандырылды. 2001-2011 жылдар аралығында мұнда білікті хирургтердің қатысуымен 500-ден астам ота жасалған екен. Бұдан кейінгі жылдары өмір емдеу мекемесіне өз өзгерістерін енгізді. Бүгінде санаторий облыстық «Балықшы» фтизиопульманологиялық оңалту орталығы болып қайта құрылған, 180 төсек-орны бар. Емделушілер мұнда оңалту емінің ІІ және ІІІ  кезеңдері бойынша неврологиялық, травматологиялық, кардиологиялық сауықтыру ем-домдарын ала алады.
Бір байқағанымыз, санаторийде емделушілердің дені еліміздің түкпір-түкпірінен және өңіріміздің әр аймағынан келгендер. «Сіздер жақта мұндай оңалту орталығы жоқ па?» деп сұраймын ғой олардан. «Бұл жердің табиғаты керемет, ауасымен демалып қана емделуге болады» деген жауап естимін. Рас, оған өзімнің де көзім жеткен сияқты.
Бірнеше гектарды алып жатқан аймақта тал-теректер мүлгіп, алуан түрлі жеміс ағаштары сыңсып тұр. Санаторийдің қақ ортасынан Балықты өзені жарып өтеді. Ал, шетінде Арыс өзені арқырап ағып жатыр. «Бауда емдік қасиеті мол дәрілік шөптер де өседі. Буын ауруына шалдыққандар көбінесе осы шөптерді пайдаланады екен. Оның дәреметін өзім де көрдім.
Бір қызығы, осында жұмыс істейтін маман дәрігерлер мен медбикелердің дені жергілікті тұрғындар. Көбісі осы ауылдың келіндері. Дәрігер мамандығын алған ауыл жастары да осы орталықтан жұмыс тауып отыр. Былайша айтқанда, санаторий жергілікті тұрғындардың күнкөріс көзі сияқты.
– Биыл 5 дәрігер мен 16 медбикенің білімін жетілдіру мақсатында оқуға жібермекпіз. Сондай-ақ, 2024-2026 жылдарға физиоемдеу, денешынықтыру құрал-жабдықтарына тапсырыс беріп қойдық. Жалпы, оңалту орталығы болған соң физиотерапиялық емнің жаңа үлгілерін ендіруге басымдық беріп отырмыз, – дейді санаторийдің бас дәрігері Асхат Тұрарұлы.

Нұрлан ҚҰЛБЕК.
Суретте: кардиолог дәрігер Әйгерім ШЫНӘЛИЕВА мен аға медбике Ләззат БЕЙСЕНОВА науқастың қан қысымын тексеруде.
Пікір қалдырыңыз