Бұлақ көрсең, көзін аш
Менің
қарындасым
Айым-біздің үйдің кенжесі. Ол жастайынан домбыра үніне құлақ түріп, күйлерді ұйып
тыңдайтын. Мектеп қабырғасын
аттасымен-ақ анама «домбыра үйірмесіне барайыншы» деп өтініш жасап жүрді. Оған анам: Сенікі әшейін
қызығушылық. Орта жолда тастап кетесің»
деп сенімсіздік танытқан екен. Бірақ қарындасым айтқанынан қайтпады. Ақырында анамның келіспеске шарасы қалмады.
Біз Төлеби ауданындағы №88 жалпы орта мектебінде оқушы едік. Осы білім
ошағы жанынан «Аия» деген өнер мектебі ашылды. Анам
қарындасымды сол мектептің домбыра үйірмесіне берді. Домбыра үйірмесінің
жетекшісі Манарбек ағай өте білімді,
сабырлы кісі. Ол Айымның талабына қуанды. Алайда, анам Айымның домбыра тартып кететінене сенімсіздікпен қарауын қоймады. Өйткені,
біздің әулетте бұрын-соңды күй тартатындар болмаған екен.
Сөйтіп жүрген күндердің бірінде Айым
анама «Балбырауын» күйін тартып бергенде, анам таң қалып, қатты қуанды.Енді ол
Айымға басқаша қарай бастады. Айым үйде түкпірдегі бөлмеге кіріп алып, домбырасын шертіп отыратын болды.
Үйірме мүшелері күйді топпен тартады. Қолдары жаттығып, тәжірибе алған соң
олар түрлі жарыстарға қатыса бастады. Алғашқы рет барғанына қарамастан Өзбекстанда
бас жүлдені ұтып алды. Бұдан кейін Түркістан, Шымкент қалаларында өткен
байқауларға қатысып, 3 рет бас жүлде, бір мәрте 2- орынды иеленді. Осылайша «Аия» өнер тобы көпшілікке таныла бастады.
Олардың арасында әрине, менің қарындасым да бар еді.
Бірде күйшілер үйірмесі облыстық жарыста 2 ші орын иеленіп қайтты. Бұған
қарындасым қатты қынжылды. Бұдан кейін
күйшілер күн сайын дайындалатын болды. Тәжірибелерін толықтырды. Домбыраны
шерту әдісін жетілдірді. Негізі күй ырғағына қарай қос ішектің бірде астың,
бірде үстін шымши тартып, қайырмасын құлпыртып отыру бар. Мұны домбырашылар
жақсы білсе керек. Манарбек ағай жас күйшілерге үйретуден жалықпады. Соның
нәтижесінде келесі жарысқа барған жас
күйшілер бас жүлдеге қол жеткізді.
Жастардың бойында дарын, талант бар. Бірақ сол дарынды оята білу де керек. Барлық
істе қиыншылық болатыны белгілі. Қандай да бір қиыншылықты еңсеріп, алға
ұмтылғандар ғана мақсатқа қол жеткізеді.
Осы ретте жас таланттардың жолын ашып
жүрген Манарбек ағайға айтар алғысымыз көп.
Еркебұлан
ҚУАНЫШБЕК,
М. Әуезов атындағы ОҚУ
журналистика факультетінің 2-курс
студенті.