ҰЛЖАЛҒАСТЫҢ ТӘТТІЛЕРІ
* Кәсібің-нәсібің
Мемлекет басшысының тапсырмасына
сәйкес, бүгінде кәсіпкерлікпен айналысатын жастардың қатары көбейіп келеді.
Солардың бірі – Ұлжалғас Сапарова. Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылында
тұратын жас кәсіпкер бүгінде торт пісірумен айналысады.
-Мен кәсіпкер боламын деп ешуақытта
ойланған емеспін. Пісірген тәттілерімді отбасыма арнап жасайтын едім. Былайша
айтқанда, бұл менің «хоббиім» деуге болады. Бала кезден сүйіп айналысатын ісім
болғандықтан, ең бірінші отбасымды қуантуға тырысатын едім. Бірде танысым
тапсырыспен «бал тортын» жасап беруімді сұранды. Тортымның оған ұнағаны
соншалық танысым одан кейін менің тұрақты клиентіме айналды. Сөйтіп, торт
пісіру кәсібін бастап кеттім. Аздап қаражат та таба бастадым. Тәттілеріме
тапсырыс көбейгеннен кейін үйімнің алдынан «ulzhalgas_sweets_shayan» деп
аталатын өзімнің студиямды аштым. Бүгінде қолға алған кәсібімді дөңгелетіп
жатырмын. Ендігі мақсатым - ауылмен шектеліп қалмай, үлкен қалаларды да өз
тәттілеріммен қамтамасыз етсем деймін. Былайша айтқанда, өз брендімді
қалыптастырғым келеді, - дейді Ұлжалғас Мейірбекқызы.
Ұлжалғас кәсібін жетілдіру
мақсатында «Бизнеследи» және «Іскер әйелдер» форумына қатысып тұрады. Осы
кәсібінің арқасында «Үздік жас кәсіпкер», «Бәйдібек ауданының жас кәсіпкері» атанды.
Жас кәсіпкер бүгінде тойларға, туған күн кештеріне тапсырыспен торттар жасайды.
Оның тәттілеріне ауыл тұрғындары дән риза.
Айша ЖАМБЫЛ,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті
журналистика факультетінің 2-курс студенті.