Судьялардың жауапкершілігі күшейтіледі

KAZINFORM. Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. 

Құжат жобасы Мемлекет басшысының Жолдауында сот төрелігін атқару сапасын қамтамасыз ету және судьялардың кәсіби деңгейін арттыру жөнінде берілген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді. Заң жобасы Сенат пен Мәжіліс депутаттарының бастамасымен, мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ғылыми және заң қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен дайындалған.
Конституциялық заң жобасының мақсаты – сот төрелігінің атқарылу сапасын, судьялар корпусының кәсіби біліктілігін, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған құқықтық тетіктерді жетілдіру арқылы сот жүйесін одан әрі дамыту.
«Заң жобасына енгізілген түзетулерді 3 бағытқа бөлуге болады. Бірінші бағыт – Сот жюриінің жұмысын жетілдіруге қатысты. Сот жюриімен сот ісін қарау кезінде заңдылықтың өрескел бұзылуының әрбір фактісі бойынша судьяға қатысты тәртіптік іс материалдарын тексерудің жаңа тетігі енгізіледі, бұл судьялар тарапынан заң бұзуды болдырмауға оң әсерін тигізеді. Тәртіптік істер бойынша жүктеменің ұлғаюы мүмкін деген болжамға байланысты Конституциялық заң жобасымен Сот жюриінің құрамын 9-дан 15 мүшеге дейін ұлғайту қарастырылған, оған 13 судья, сондай-ақ кеңесші дауыс беру құқығы бар заңгерлер қауымының 2 өкілі енеді» деді сенатор Нұрлан Бекназаров.
Түзетулердің екінші бағыты сот төрелігінің сапасы жөніндегі Комиссияның ұйымдастырылуы мен қызметінің тәртібін өзгертуді қамтиды. Атап айтқанда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес Сот төрелігінің сапасы жөніндегі Комиссия судьяның кәсіби қызметін бағалауды жүзеге асырып келген өлшемшарттар қатарынан бірнеше талаптар, оның ішінде «адамгершілік қасиеттері» өлшемшарты алынып тасталады. Себебі, ол бойынша бағалауды Сот жюриі, судья әдебі жөніндегі комиссия және пленарлық отырыстары да жүзеге асырады. Іс жүзінде бұл тәртіп бойынша судья бағалаудан қайталанып өтіп отырған.
Түзетулердің үшінші бағыты судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан олардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін күшейту мәселелерін ескеріп отыр. Конституциялық заң жобасында отставкадағы судьяларға өмір бойғы қамтылым төлемінің мөлшеріне қатысты түзетулер қаралған. Сонымен бірге, судьяның сот жюриіне жіберілгенге дейін барлық материалдармен танысу мүмкіндігін, сондай-ақ тәртіптік істі қарауға жеке өзінің немесе өкілінің қатысуы арқылы судьяның құқықтарын толыққанды қорғауға кепілдіктер беретін нормалармен толықтырылады.

Пікір қалдырыңыз