Стратегиялық әріптестікті одан ары дамытуға уағдаласты

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль стратегиялық әріптестікті одан ары дамытуға уағдаласты. Бұл туралы Ақордада Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльмен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Бүгін қазақ-корей достығы жылнамасындағы айтулы күн деуге толық негіз бар. Біз Корея басшысының осы мемлекеттік сапарына айрықша мән береміз. Бұл екіжақты қарым-қатынастың деңгейі жоғары екендігін көрсетеді. Мен елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймын. Бүгін біз кеңейтілген стратегиялық әріптестігімізді одан ары дамытуға уағдаластық. Өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын айқындадық. Ең бастысы, бір-бірімізге әрқашан тілеулес екендігімізді таныттық» деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сауда-экономика және инвестиция салаларына баса мән берілгенін атап өтті.
«Корея – Қазақстанның ең ірі бес инвесторының бірі. Былтырға дейін осы елден тартылған инвестиция көлемі 9,6 млрд. долларға жетті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі. Қазақстанда корей капиталы бар 700-ден астам компания қызмет етеді. Мысалы, Samsung, Hyundai, КІА, LOTTE, Doosan, Cosco сияқты алпауыт корпорацияларды атап өтуге болады. Олар елімізде табысты жұмыс жүргізіп жатыр» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Пікір қалдырыңыз