Сіз жатқа оқуға тиіс бір өлең...

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

АНАР

Бар ма екен сенің есіңде

Балқаймақ күндер шайқаусыз.

Бұлтиып бір зат төсіңде

Булығып өсті байқаусыз.

Құрақтай қаулап қолаң шаш,

Құралпы қатар қызғанған.

Қынай бел қыпша, қаламқас,

Қашқақтап өстің қыздардан.

Омыраудың дауысын шығарып,

Алқа мен шашбау тағынбай.

Тал шыбық бойың бұралып,

Тәнті етер қимыл табылмай.

Томардан түскен шоққа ұсап,

Томсарып көзің жанғанда,

Тай сезіміңе ноқта сап,

Тулатпай ұстап алғанда,

Жалғанда ешкім жоққа ұсап,

Тезекке бірге барғанда,

Кезекпен әнге салғанда

Кезіккенімді білмеппін

Қадір түн – қайран, арманға!

Қақпаша жағаң күн қағып,

Қадалған түймең қатарлай.

Кеудеңе кейде ұрланып

Қарайтын едім бата алмай.

Бойың да өсті булығып,

Ойың да өсті булығып.

Тамырын тартпай бәйшешек

Шыға ма жерге суырылып.

...Екінді құлай еңкуге

Елгезек самал елпілдеп,

Жаға мен жеңнен жел гулеп,

Жел тиген етек желпілдеп,

Ақ тезек тердік, арқаға

Алаша қапшық төркіндеп.

Көденің түбі қараңдап,

Кіреуке тартты нарт іңір.

Жалқаяқ жалқын талаурап,

Жуасып жатты жалқы қыр.

Қапшықты қозғап бар дене

Көтере берген сәтіңде,

Дар ете түсті әлдене,

Күн қаққан жағаң, нәтінде...

Секемсіз тұр ем алдыңда,

Сескеніп менен қалдың ба,

Айдындай төсің мөлт етті,

Қос шабақ көлге шолп етті

Оралып өскен балдырға.

Он екі мүшең кетіктей

Қымсыңдың неге алдымда,

Айыпты тозған көйлек пе,

Айымыз басқа тағдыр ма?!.

...Одан соң талай жыл өтті,

Ауылыңа талай бардым да,

Сәбиіңді көрдім алдыңда,

Аңқитып төсіңді иітіп,

Разы боп сонда отырдың

Айымыз басқа тағдырға.

Пікір қалдырыңыз