Кентауда төрт қазандық жаңартылады

Өткен аптаның соңында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Кентаудағы жылу энерго орталығын жаңғырту жобасы бойынша кезекті кездесу өтті. Кездесуге «Қазақ-стандық Коммуналдық жүйелері» ЖШС, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің басшылары  мен жауапты басқарма басшылары қатысты. 

Айта кетейік, «Қазақстандық Коммуналдық жүйелері» ЖШС жаңа газ турбиналы электр стансасын салу арқылы Кентау ЖЭО-5 мекемесін кеңейту жобасын іске асыруда. Бұл жұмыс мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясымен жүзеге асырылуда. Осы мақсатта көктемде Түркістан облысының әкімдігі, ҚР Энергетика министрлігі және «Қазақстандық Коммуналдық жүйелері» ЖШС арасында үшжақты меморандумға қол қойылған. Жобаның бастамашысы – «Қазақстандық Коммуналдық жүйелері» ЖШС.
Облыс әкімі бұл жобаның халық үшін маңызы зор екенін, сондықтан жұмыс барысы қатаң бақылауда тұрғанын айтты. Тиісті мамандарға жобаның есеп-қисабын дәл есептеп, міндеттемелерді екшеп, нақты жоспар жасауды тапсырды. 
Жоба шамамен 140 млрд. теңге шамасында болады деп күтілуде. Ол 2024-2027 жылдары іске асырылмақ. Бүгінде табиғи газға қосылудың техникалық шарттары алынған. Енді электр қуатын беру схемасын әзірлеу, топографиялық және геологиялық зерттеулер жүргізу, ТЭН әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге «Қазақстандық Коммуналдық жүйелері» ЖШС-нің демеушілігімен №6 қазандықты жөндеу жұмыстары басталды. 
Бүгінде жылу энерго орталығындағы 8 қазандықтың екеуі қайта құрылды. Ондағы 6 қазандықты  жылыту маусымы басталғанға дейін қайта жаңғырту жоспарланған. Нәтижесінде Кентау қаласының жылу энерго орталығының 4 бірдей қазандығы толықтай жаңадан орнатылады.
Пікір қалдырыңыз