Қолөнершілер симпозиумы өтті
Түркістанда «Шығыс базары» деген атаумен түркі халықтары қолөнер шеберлерінің симпозиумы өтті. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. «Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы» атануына байланысты ұйымдастырылған симпозиумға Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен және еліміздің әр аймағынан 30-ға жуық қолөнер шебері қатысты.
Көпшілік назарына облыстағы өнер шеберлерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әртістері дәстүрлі және халық әндерін орындап, қонақтарды қазақ өнерімен таныстырды. Сонымен қатар «Алқоңыр» фольклорлық ансамблі мен «Самғау» би ансамблі келушілер назарын өздеріне ерекше аударды.
Облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген іс-шара екі күнге созылды. Симпозиумға қатысушылар зергерлік, керамика, тоқыма, ұлттық киімдер тігу, құрақ тігу, кесте тігу, киіз басу, ағаш ою, былғарыны көркемдеп өңдеу бойынша тәжірибе алмасты, шеберлік сағаттары өткізілді. Соңынан көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды.
Қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесінің мақсаты түркі халықтарының ұлттық қолөнерін дамытуға, шеберлерге қолдау көрсетуге, олардың жасаған бұйымдарын кеңінен насихаттауға, сонымен қатар түркі мемлекеттері арасында мәдени байланыстарды нығайтуға және туризмді дамытуға ықпал етуге бағытталған.