«Дүниедегі ең мықты қыздар – қазақтың қыздары»

Ақын Ханбибі Есенқарақызы:

Қазақтың аяулы ақын қызы, халықтың өзі  «Хан апа» атап кеткен Ханбибі Есенқарақызы биыл 
75 жасқа толады. Саналы ғұмырында ақындықпен қатар мемлекеттік қызметті де атқарып, қоғамдық істердің де басы-қасынан табылған сұхбаттасымыз ел дамуына елеулі еңбек сіңірді.  Қай жерде де қазақтың сөзін айтты. Қолынан қаламы түспеді. Бүгінде мемуар жазу үстінде. Біз Хан апаны сұхбатқа тартып, әңгімені әріден бастадық. 

– Біздің «Оңтүстік Қазақстан» газеті тұнба бастауын «Ақ жол» басылымынан алады. Сіздің «Шолпан» журналы мен «Ақ жол» газетінің жоқтаушысы болып талай жыл тер төккен еңбегіңізді білеміз. Оларды  бірнеше том етіп бастырып та шығардыңыз. Бұл шаруаға қалай келдіңіз?
– «Ақ жол» газеті мен «Шолпан» журналының тігінділерін жеке кітап етіп шығарудағы басты мақсатым қазақтың тарихын, әдебиетін зерттеп жүрген, ғалым боламын деген азаматтарға көмектесу еді. «Ақ жолдың» 60-70 пайыз дерегін  Мәскеудегі және Өзбекстандағы архивтерден алдым. Одан бөлек Алматының архивін, кітапханаларын ақтардым. Бүгінде жарық көргеніне 100 жыл болған газет тым сарғайып кеткен. Дегенмен, бұл болашақ ұрпақ үшін қажетті дүние еді. Өйткені, ғылым жолында талаптанып жүргендердің көбісі шекара асып Мәскеуге бара алмайды, барып архивке кірген күнде де қазіргі жастар төте араб әрпімен жазылған материалдарды оқи алмайды. Сондықтан оны кириллицаға транскрипция жасатып,  істі аяғына дейін жеткіздім. 
1993 жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау туралы» ҚР Президентінің Жарлығы шыққаны белгілі. Мұндай жарлық одан бұрын да шығып, ол кезде Сәкен, Бейімбет, Ілияс бастаған бір топ қазақ зиялылары ақталған еді. Қазіргі Президентіміз Қ.Тоқаев билікке келгелі осы шаруаны тыңғылықты қолға алды. Ашаршылық туралы М.Әшімбаев бастаған топ 5 томдық үлкен хроникалық кітап шығарды. Бұл аса қиындық тудырған жоқ, ашаршылық туралы материалдардың бәрі сақталған еді. Ал, енді мынау газет сақталмағандықтан  көп қиналдым. Бүгінде комиссиялар құрылып, жер-жерде репрессияға ұшыраған адамдар туралы тарихи материалдар жазылуда. Бұл өте жақсы үрдіс. Алаш арыстары бастаған саясаттың құрбандары жайлы бірнеше кітаптар шықты. Солай болуы тиіс деп ойлаймын. 
Тәуелсіздіктің 10 жылдығы қарсаңында біздің өңірде республика бойынша репрессия тарихына арналған алғашқы мұражай ашылды. Жыл сайын мұражайда 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтетінбіз. Алғашқыда митингке 50-60 адам ғана жиналатын, бірте-бірте олардың қатары көбейді. 2004 жылы орыс тілді журналистердің бірі маған келіп, «репрессияға ұшыраған бір адам тауып беріңіз, біз интервью алайық» дегені бар. «Репрессияға ұшырағанның тірі қалғаны жоқ, олардың ұрпағын тауып бер десең әңгіме бөлек» дедім мен. Бұл жәйттің өзі маған үлкен ой салды, сол жылдан бастап алдымен белгілі адамдардың ұрпақтарын іздей бастадық. Нәтижесінде  Ілияс Жансүгіровтің қызы Ильфа апай, ұлы Саят, Мұхаметжан Тынышбаевтың ұлы Дәулет Шейх, Сабыр Айтқожиннің ұлы Эльдар Айтқожин. Әлихан Бөкейхановтың ұлы Диас Бөкейханов, Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апай (тоқсаннан асып қайтыс болды), Жүсіпбек Аймауытовтың ұлы Бектұр (Виктор) табылды. Мақаш Тәтімовтің туыстары болып келетін бір отбасының 17 адамы атылып кеткен ғой. Міне, осылардың барлығын жыл сайын саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде шақырып, қоян-қолтық араласа бастадық.  «Ақ жол» менің 12 жыл уақытымды алды. 2020 жылы 25 томдық кітап болып жарық көрді. Министрдің есігіне тыныштық бермей жүріп, ақыры дегеніме жеттім.   
Ал, «Шолпан» журналын іздеген көрнекті ғалым, сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішев еді. «Үш саны табылды, жалпы 8 саны шыққан, қалғаны табылмай жатыр» дегенін газеттен оқығаннан кейін, Ташкентке барып, 8 санын түгел таптым. Ол кісіге алып барып едім, қуанып кетті. Сипалап отырып, «шіркін-ай, осыны кітап етіп шығарар ма еді, мұның берері көп қой» деді. Әрине,  мұнда Мағжанның «Батыр Баяны», Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлуы», Жүсіпбектің,  басқа да бүкіл белгілі классиктердің шығармалары цензурадан өтпеген, түпнұсқа күйінде еді. Сөйтіп, араб қарпінен кириллицаға көшіртіп, 2009 жылы «Шолпан» кітабы жарыққа шықты. Содан 15 жылдан кейін «Ақ жол» шықты. Біз әдетте «тәуелсіздік маған не берді?» дейміз, «мен тәуелсіздікке не бердім?» дегенді ойламаймыз. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына менің қосқан үлесім осы болды.
– Сіздің өлеңдеріңіздің ішкі қуаты, сезімдер арпалысы бұл ақынның ішінде жүріп жатқан арпалыстар екені белгілі. Бүгінгі қатал қоғам мен ақынның нәзік жаны қалай үндесіп жатыр? 
– Ақындықтың синонимі – жастық. Жас адамның бәрі романтик, бәрі лирик, бәрі ақын болады. Ешнәрседен тайсалмайды. Алғашқыда махаббат, табиғат, өмір туралы өзімнің өрем жеткен нәрсені жазып жүрдім. Қоғаммен бірге ақын да өседі. Әр заманның ақыны өз қоғамына сәйкес өзгеріп отырады. Осы 30 жылдың ішінде біз талай нәрсені көрдік. Оппозицияны да көрдік. Алғашқы кезде оппозицияға сендік. Бірақ, басын өзіміз бастаған «Ақ жол» ақыр соңында бизнесмен кәсіпкерлердің партиясы болып шықты. Оған таң қалдық та қойдық. Сол кездері мен осы саясаттың қитұрқылығын, ішімде жатқан жаңағы өзің айтпақшы, аласапыран дүниелерді жасқанбай жаздым, айттым.  «Ақ жол» партиясының басшылық қызметте істейтін көптеген мүшелері кезінде өз қызметтерінен шеттетілді. Олар ақын емес қой. Менің сыным, менің мінім өлеңімде болды. Олар мені қалай соттарын білмеді. Мені емес, өлеңімді соттауы керек еді. Олар осыны жақсы түсінді де, маған тиген жоқ. Он жылдай филармонияны, одан он бес жылдай қуғын-сүргін мұражайын басқардым. Мұражайдың жұмысының өзі саяси қуғын-сүргін болғаннан кейін саясатқа араласуға мәжбүр болдым. «Саясатпен сен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген бар. 2003 жылы Қасым Қайсенов келіп кеткен. Сол кезде мен: «Аға, мен саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайында істеймін ғой» дедім. «Білемін, – деді ол кісі. – Мен саған соны айтуға келдім. Саясатқа қарсы шығу ешкімге жақсылық әкелмеген. Биліктің саясатқа қарсы шыққанға жасайтын әрекеті ауыр танк сияқты, кім екеніңе қарамай таптап өте шығады. Сондықтан сені сақтандырайын, қорғайын, саған айтайын деп келдім». «Аға, мен жолымнан қайта алмаймын, тапталсам тапталып кетейін» деп  партиядан шықпадым. 
Сол партиядан депутаттыққа түстім. Менің жақтастарым, қолдаушыларым көбейіп кетті. Ол кезде елімізде 12 партия болды. «Нұры» жоқ «Отан» бар еді. Содан бәрі партияларын сатып, депутат болу үшін «Отанға» мүше болып жатты. Маған да «Сізден артық кандидат жоқ. Сізді сайлаймыз, «Отанға» өтіңіз» деген ұсыныс түсті. Сонда: «Бүгін «Ақ жолды» сатсам, ертең «Отанды» сатам ғой. Сатқын депутат керек пе сіздерге?» дедім. «Онда өтпейсіз ғой» деді. Мен ол әкімге «депутатты халық сайлай ма, әкім сайлай ма?» дедім. «Әкім сайлайды!» деді ол. Сол жолы өтіп тұрған жерімнен өтпей қалдым. Мемлекеттік сыйлыққа да солай болды. 2007 жылы Мемлекеттік сыйлыққа бағымды сынап көргім келді, Мәдениет және ақпарат министрі Е.Ертісбаев еді. Алғашқы кезде ол мәдениет қызметкерін қолдайтынын айтқан. Барлық комиссиядан өттім. Соңғы сәтте ол: «Сіз репрессияға ұшырағандарды оппозицияландырдыңыз ба?» деп сұрады. Мен: «Олар өз дәуіріндегі үкіметке оппозицияда болғандар және солай болып қала береді» дедім. Осы бір ауыз сөзім үшін комиссиядан өтпей қалдым. Бірақ, ойын өзгертер деген үміті болды-ау деймін, өз телефон нөмірін берді. Қоңырау соқпадым, атақ алу үшін өз пікірімнен қайтқым келмеді. Сөйтіп, депутаттыққа да өтпедім, Мемлекеттік сыйлықтан да қағылдым. Бұл енді менің азаматтық позициям. Ал, азаматтығың болмаса өлеңің де өтірік өлең болады. 
Ақынның жаны, мінезі, болмысы өлеңдерінен көрініп тұруы керек.  Біреулер «қыздар өлең жазса, ылғи жылауық өлең жазады, өмірге нала болып жазады» дейді. Ал, мен оларға «жаза берсін, олар өмірден көргенін, білгенін өз деңгейінде жазады. Ертеңгі күні оның да сүйегі қатаяды, қабырғасы бекиді, сол кезде ол сол кездің өлеңін жазатын болады. Бұл қатып қалған нәрсе емес» деймін. 
Поэзия да адамның өмірімен бірге  өзгерістерге ұшырап отырады. Ақын қыздар көктемдегі бәйшешектей құлпырып шығады. Алайда, ақын қыздар алдында түрлі соқпақтар, қиыншылықтар, психологиялық шабуылдар күтіп тұрады, солардың бәрінен аман-есен өту жұрттың бәрінің маңдайына жазыла бермейді. Қадыр Мырзалиев: «Ақын болып келу бар да, ақын болып қалу бар» дегенді жайдан жай айтты дейсіз бе?! 
Біз Мәриям Хакімжанованы, Зияш Қалауованы, Тұрсынхан Әбдірахманованы айтпағанның өзінде, поэзияны көбінесе Фаризадан бастаймыз. Фариза поэзияда революция жасады. «Сүйіп қалдым, күйіп қалдым деп өлең жазу қазақ қыздарына ұят деп», бұрын ондай өлеңдерді баспайтын. Сол тас қамалды Фариза Оңғарсынова бұзды. Ол кісі әйелдерде де еркектердікіндей сезім болатынын, батырлық, батылдық болатынын дәлелдеп кетті. Қазіргі таңда қыздар өз ойларын ірікпей ашық жазатын дәрежеге жетті. Ақындарға тосқауыл қоюдың қажеті жоқ, бірнеше сұрыптаулардан кейін өздері-ақ іріктеледі. Ақындық бір Алладан келетін пәрмен, одан кейінгісін әкесі мен шешесінен алады.
– Иә, тақыр жерге ешнәрсе өнбейді. Ақындық өнер де бір жерден тамыр тартуы керек қой...
– Ұлбике ақын анамның жақын туыстары екен. Күйеуі ұрып өлтіретін Ұлбике ақын ше баяғы, соны айтып отырмын. Оның дақпырты ұрпақтан ұрпаққа кетті. «Үлкендер ол өлгенде сүйегіне кірдік, денесінің бәрі жазу екен» деп айтып отыратын дейтін апам. Анамның өзінің де ақындығы болған, айтысқа қатысатын. Соғыс кезінде Қажымұқан ұшаққа ақша жинаған кезде, қасында концерт беруші бригада жүрді. Менің анам сол бригада құрамында әнші болған. Ал, әкем қатал адам еді.  Бірде әкем өзінен- өзі бұлқан-талқан болып, сандықтағы қағаздарын тысқа шығарып өртеп: «Абай болмаған соң, өлеңді қою керек!» деп жатты. Кейін есім кіргенде анамның: «Сенің әкең үлкен ақын еді» дегені  бар еді.  Әкем менің өлеңдерімді қатты сынға алатын. Тіптен, өлең жазуыма қарсылық танытқан. Әкем де, анам да «халық жауының» ұрпақтары. Әкем Атыраудың Тайсойғанында туған, ал, анам Бәйдібектің ұрпағы, ұлы жүздің қызы, әкесі болыс болғандықтан қуғын-сүргінге ұшыраған. 
– Өзіңіздің әдебиетке келген дәуіріңіз, қазақ әдебиетінің  «алтын ғасыры» туралы не айтасыз?
– Сонау алпысыншы жылдардан сексенінші жылдарға дейін әдебиеттің «алтын ғасыры» болғаны рас. Барлығының тағдыры бірдей, әкелері соғыстан оралмаған 25 мықты ақын шықты. Бір жылғы түлектер. Жұмекен Нәжімеденовтің әкесі өз ізін құмға басып, «оралам» деп үстіне қазан төңкеріп кеткенін білесіздер.  Менің қатарымдағылар аз. Соғыстан кейінгі ұрпақ, соның ішінде Темірхан Медетбеков, Жарасқан Әбдірашев, Кеңшілік Мырзабеков бастап «алтын ғасырды» біршама жалғады. Солардың қатарында мен де болдым. 
– Мемуар жазуды қолға алдым деп едіңіз. Аяқтайын дедіңіз бе?
– Әлі жазылып жатыр. Бес-алты күнделік блокнот жазылды. Бұлар мүмкін менің 80 жылдығымда жарық көрер. Бірақ, дәл қазір «Өзге емес өзім айтам өз жайымды» деп хроникалық өмірбаянды араластырып бір нәрсе жазсам ба деп отырмын. Бұл – бір. Екіншіден, Нурикамал туралы түрлі аңыздар қаптап кетті. Осы Нурикамал туралы өзім жазсам ба деймін. Оған әркім әртүрлі ракурста қарайды да, әркім өзінше сүйреп кетіп жатыр. Сондықтан өзім жазсам деген ой туды. 
– 75 жас қандай екен, Хан апа? 
– Күнделігімнің бір жеріне «Мен шынымен 75-ке келдім бе?» деп жазып қойыппын. Қарттықты мойындаймын, бір жағынан 75 деген өте көп сияқты. Бірақ, көңіл бұрынғыдай. Кейде торығасың, кейде қуанасың. Бұрын қандай болсам, қазір де сол симптомдардың барлығы бар. Мәриям Хакімжанова апай 80 жасқа келгенде «апа, 80 деген қандай болады екен?» деп жаңағы сен сияқты сұрағанмын. Сонда апам: «Өзің 80-ге келгенде білесің» деген еді. Сол айтпақшы, 75-тің қандай болатынын 75-ке келгенде білесің. 
– Ізіңізді алып келе жатқан сіңлілеріңізге не айтасыз?
– Жалпы, жастарға қатысты атам заманнан келе жатқан бір дәстүр бар. Біздің әкелеріміздің әкелері «қазіргі жастар қандай болып кеткен, біз ондай емес едік» деген. Одан кейінгілер де солай деді. Қазір біздің замандастар да «қазіргі жастарға не болды?» дейміз. Бұл ойды өзгерту керек. Қазіргі жастар білімді, техниканың қай саласын болса да еркін меңгерген. Ашығын айту керек, кезінде Алаш қайраткерлері қазақ қыздары оқымаған деп қиянат жасады, қазақтың қыздарын менсінбей өзге ұлттың қыздарына үйленді. Дүниедегі ең мықты қыздар – қазақтың қыздары. Сонау тоқсаныншы-екі мыңыншы жылдары елді дағдарыстан алып шыққан  ала дорба арқалап базар жағалаған қазақтың қыз-келіншектері. Қашан да нәзіктік пен әдеміліктің символы саналатын қыздарымыз қазақ әйеліне тән ибалылықты да жоғалтпаса екен деймін.
– Әңгімеңізге рахмет, Хан апа. Жүз жасаңыз!

Сұхбаттасқан Баян ДАРҒОЖИНА,
«Оңтүстік Қазақстан».
Пікір қалдырыңыз