«Білімім – Отаныма!»

Дилара БИМЕНОВА,
«Оңтүстік Қазақстан».

Биыл облыста 32 306 оқушы мектеп бітіреді. Оның 1 727-сі «Алтын белгіге», ал, 2 466-сы «Үздік аттестатқа» үміткер. Түлектердің 27 340-ы Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш білдірген. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтің мәлімдеуінше, бұл күндері түлектер ҰБТ-ға тыңғылықты дайындалуда. 

Айта кетейік, өткен жылдан бастап талапкерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілген. Қазіргі таңда ҰБТ-ға қатысуға өтініш қабылдау уақыты аяқталды. Талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты мен UTO қосымшасы арқылы тіркеліп, тест тапсыратын күн мен оның уақытын өздері таңдады.
Су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланған 6 өңірдегі талапкерлерге ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдіру уақыты 20 мамырға дейін ұзартылды. Олар ҰБТ-ны 25 мамыр мен 12 шілде аралығында тапсырады. Ал, басқа өңірлерде ҰБТ 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді. 
ҰБТ-ны мектеп пен колледждердің биылғы және өткен жылғы түлектері, шетелде 11 және 12 сыныпты бітірген оқушылар, жоғары оқу орындарында шартты түрде оқып жатқандар тапсырады. Жалпы, биылғы тестілеу форматында айтарлықтай өзгерістер жоқ. Талапкерлерге үш міндетті және таңдау бойынша екі пәннен 120 сұрақ беріледі. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» – 20, «Оқу сауаттылығынан» – 10, «Математикалық сауаттылықтан» – 10, екі бейінді пән бойынша 40 сұрақтан беріледі. 
Ең жоғары балл – 140. Тестілеу уақыты – 4 сағат. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыт қарастырылған.   
Шекті балл саны да өзгеріссіз. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсемін деушілер кемінде 65 балл, ал, басқа жоғары оқу орындарына құжат тапсыратындар кемінде 50 балл жинауы керек. Сонымен қатар, «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» салаларына қызығатындар кемінде 75 балл, медициналық мамандықтарды таңдағандар 70 балл жинауы тиіс. Ал, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» мен «Ветеринария» мамандығында білім алуды мақсат еткендердің сертификатында кемінде 60 ұпай болуы шарт. 
Қазіргі таңда өңіріміздегі 1052 мектепте 518 733 оқушы білім алуда. Оның ішінде мемлекеттік мектептерде – 482 722 оқушы, жекеменшік 140 мектепте 36 057 шәкірт оқып жүр. Биылғы оқу жылында  9-сыныпты 45 416 оқушы бітіреді. Олардың 4 540-ы «Үздік аттестаттан» үмітті. 

Дилара БИМЕНОВА.  



Пікір қалдырыңыз