Жетісайда жібек кластері дамиды

Жетісай ауданында тұт өсіру арқылы жібек құртын өндіру бағытында өткен жылы көршілес Өзбек-стан елінен әкелінген жапондық «Ашима» сортының алғашқы 10 мың данасы егілген болатын. Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып, жібек кластерін дамыту мақсатында тұт ағаштарын отырғызуға 31,8 гектар жер қарастырылып отыр.
Жібек – жібек құртының пілләсынан өндіріліп, тоқыма-мата өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшық. Оны өндіру – аудан экономикасын әрі қарай дамытуға мол септігін тигізеді.
Жібек өндірісін дамытуға қызығушылық білдірген 6 кәсіпкер анықталып, қолдағы 52 гектар жердің бүгінгі таңда 25 гектарына «Шапағат Нұры-2» шаруа қожалығы тұт ағашының «Мархаба 2017» сортынан 250 мың түп көшет отырғызуда.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында шаруа қожалығында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жауаптыларға тапсырма берді. Биыл жоспар бойынша Жетісай ауданында 400 гектар жерге тұт өсірілмек. Алда тоқыма өндірісін дамыту көзделген.
– Бұл өте ұтымды жоба, сондықтан осы саланы дамытуымыз керек. Жаңа істің пайдасын диқандар әлі білмей жүр. Бұл – ағаш өсіріп, оны ұрпаққа мұраға қалдыратын кәсіп. Суды аз қажет етеді, шығыны да көп емес. Экологиялық тұрғыдан да қолайлы. Жібек өндірісі – әлемдегі ең табысты кәсіптердің бірі. Жібек талшығы жібек құртынан алынады. Ал, жібек құртының негізгі азығы – ол тұт ағашы. Бір гектар тұт бауынан орташа есеппен 50 тонна жапырақ алынады. Осылайша, шаруа ұтады. Одан жіп, мата шығару ісін дамыту керек. Іс дамығанда жұмыс орны көптеп ашылады. Сондықтан жібек өндірісін жолға қою – табысты арттырудың тиімді тәсілі, – деді шаруалармен кездескен өңір басшысы.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды жүзеге асыруға «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығынан 100 млн. теңге несие алынған.
Мамандар тұт ағашын егу арқылы отбасылық кәсіп ашып, табиғаты қолайлы өңірде 1 гектар жерге егілген тұт ағашының жапырағынан 2 млн. теңгеге дейін, ал, жібек құртын өсіру арқылы 1 гектар баудан 4,5 млн. теңгеге дейін пайда табуға болатынын айтады. Егер бұл өлкеде осы кәсіп жаппай қолға алынатын болса, өнімдерді Шығыс Еуропа мен Жапония, Оңтүстік Кореяға, Қытайға еш кедергісіз сатуға болады. Ал, өндірілген өнімнің келісін көршілес өзбекстандық инвесторлар 600 теңгеге дейінгі бағада сатып алуға ниет білдіріп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін де отандық және Өзбекстан елінен шақырылған тұт шаруашылығы мамандары жергілікті шаруалармен бірнеше рет кездесу, семинар-кеңестер өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде Жетісай ауданында жібек кластерін дамытуға арналған жалпы жер қоры 83,8 гектарға жеткен.
Ағын су – ең өзекті мәселе
Аграрлы өлкенің ең өзекті мәселесі – ағын су. Соңғы жылдары Жетісай ауданындағы егістік алқаптарға «Достық» магистральды каналы арқылы келетін ағын су мөлшерінің жетіспеушілігі, каналдардың, арық-атыздардың дер кезінде тазаланбауы шаруалардың мол өнім алуына кедергі келтіріп отыр.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына жасаған іссапары барысында «Достық» магистральды каналы арқылы келетін ағын су жеткіліксіз болған жағдайда Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеру арқылы қосымша ағын су алу мақсатында салынған «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналында болды.
Аталған су арналарына жауапты «Қазсушар» РМК басшыларымен бірге жергілікті шаруалармен кездесіп, өзекті мәселенің шешу жолдарын түсіндірді. Облыс әкімі шұғыл түрде тиісті сала мамандарын тарта отырып, аталған каналдардың су өтімділігін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.
Өткен жылы мұнда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша су сорғы стансасындағы 3 дана су сорғы агрегаттары жөнделген. Су сорғы стансалары арқылы жеткізуші каналдың тығынды аумақтарында механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Биыл жалпы 8 дана насос агрегатын жөндеу қолға алынбақ. Осы мақсатта мердігерді анықтау іс-шарасы жүргізіліп жатыр.
– Шаруалардың ойдағыдай өнім алуы үшін ағын су уақтылы және қажетті мөлшерде жеткізілуі керек. Бұл – ортақ мәселе. Ағын судың тиісті көлемде шаруаларға жеткізілуіне каналдарды қалыпты жағдайда ұстау және орын алған ақауларды дер кезінде қалпына келтірілуі маңызды. Егістікті әртараптандыру бағытындағы жұмыстарға, су үнемдеу технологиясын ендіруге күш салу керек. Өкінішке қарай, бұл салада маман тапшылығы бар. Жалпы, барлық жерде білікті маман қажет. Бұл салаға жаңашылдық, даму жетіспей тұр, – деді Дархан Сатыбалды.
Бұл канал осыдан 13 жыл бұрын салынған. Жер асты ақаба суының әсерінен каналдың ішкі жақтаулары құлап, ұлтаны толып, су өткізу қабілеті төмендеген. Өткен жылдың вегетациялық кезеңінде жалпы 12 насостың 5 данасын іске қосуға мүмкіндік болып, канал арқылы секундына 22 текше метр ағын су берілген. 2024 жылдың суармалы кезеңіне су сорғы стансаларындағы агрегаттардың саны көбейеді. Осы мақсатта «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» және «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы мамандарымен бірлесе зерделеу жұмыстары жүргізілуде.
Нәтижесінде Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеру кешенін қайта құру арқылы бастапқы жобадағы ұзындығы 29 шақырымды құрайтын канал арқылы 120 мың гектар суармалы жер кепілді ағын сумен қамтамасыз етіледі. Биылғы жылдың вегетациялық кезеңіне 12 насостың 10-ы іске қосылуға дайын. Сонымен қатар жалпы 16 мың гектар суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз етуге арналған К-30, К-28 каналдарының құрылысы 2010-2012 жылдар аралығында басталып, аяқталмай қалған. Енді сол құрылысты қайта жүргізуге «Су шаруашылығы комитеті» тарапынан бірқатар іс-шаралар қолға алған.
Атап айтқанда, К-30 каналының сметалық жоба құны бағамын ұлғайтуға ҚР Қаржы министрлігі бюджеттік комиссиясының оң шешімі алынды және бүгінге жобаны әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Әзірленген жобаға сәйкес, құрылыс жұмыстары іске асырылады. К-28 каналының қалған жұмыстарына түзету жобасы жүргізілуде. Дайындалған жобаға сәйкес, құрылысты іске асыру жұмыстары «Қазсушар» РМК тарапынан атқарылатын болады.
Тұрғындардың өтініштерін тыңдады
Бұдан кейін Жетісай ауданында тұрғындармен кездескен өңір басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Аймақты дамыту бағытындағы жұмыстар туралы ой қозғады.
– Президентіміз жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ең бастылары – инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және егін шаруашылығында су үнемдейтін технологияларды кеңінен қолдану. Сонымен қатар ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2023 жылы 16 елді мекенде 2 млрд. теңгеге 32 жоба жүзеге асырылды. Биыл 16 елді мекенде 2,8 млрд. теңгеге 16 жоба бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1,5 млрд. теңгеге 245 жоба қаржыландырылды. Мемлекет басшысы орта білім беру мекемелерін сапалы жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтуды тапсырған. Облыста жалпы саны 330 орта білім беру ұйымын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің туындысы «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде ол 329 мектепте орнатылды. Бұған дейін осы 329 мектептегі интернеттің жылдамдығы секундына 20 мегабайтке жетпейтін болған. Қазіргі уақытта 200 мегабайтке жетіп, сапалы қызмет көрсетіліп жатыр. Оның ішінде Жетісай ауданында 22 мектеп толық іске қосылды. Осы айда Президентіміздің бастамасымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Акция аясында елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстары қолға алынып отыр. Бұл жұмыстар менің жіті бақылауымда. Осы кездесуді пайдаланып, Сіздерді ең алдымен өздеріңіз тұратын ауланы, көшені таза ұстауға, үйлеріңіздің сыртқы келбетін ретке келтіруге, қоқыстарды ретсіз тастамауға, ағаш егуге, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырамын, – деді Дархан Сатыбалды.
Өз сөзінде облыс әкімі Жетісай ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2020 жылдан бері 1,6 есеге өсіп, былтыр 174 млрд. теңгеге жетті. Биыл 3 айда бұл көрсеткіш 18,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға өскен.
Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 38 пайызға өсіп, 2023 жылы 20 мыңнан асқан. Олардың өндірген өнім көлемі 146 млрд. теңгені құрады.
– Тұрғындармен кездесуде өңірдегі проблемалық мәселелерді бірге анықтап, олардың шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Аудандағы кейбір салаларда кемшіліктер де бар. Мәселен, 2023 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 25,4 млрд. теңгені құрап, жоспардың орындалуы 60 пайызды ғана құраған. Жетісай ауданы бойынша ешқандай инвестициялық жоба жүзеге асырылмаған. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі өткен жылы 118 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі тиісті басқармамен бекітілген жоспардан 2 пайызға кем орындалған. Осы мәселелердің барлығы ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына кері әсерін тигізеді. Бұл бағыттардағы жұмысты жүйелеп, күшейтуіміз керек, – деді облыс әкімі.
Жиында аудан әкімі Серік Мамытовтың ауданда 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды.
Еркін форматта өткен кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтты. Атап айтқанда, кездесуде жетісайлықтар инфрақұрылым жүйелерін реттеу, баспана алу, кәсіпкерлік қолдау, субсидия, жер телімі және өзге де мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Дархан Сатыбалды сұрақтарға жауап беріп, тиісті басшыларға көтерілген мәселелерді заң аясында шешуді тапсырды.
Кездесу соңында ауданға инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу, тұрғын үй және ағын су мәселелерін шешу бойынша да нақты тапсырмалар міндеттелді.
Өңір басшысы іссапары аясында жеке қабылдау өткізіп, жетісайлық азаматтардың өтініштерін тыңдады, жауаптыларға заң аясында шешу бағытында нақты тапсырма жүктеді. Қабылдауға құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері қатысып, оңтайлы шешілуіне атсалысты.