Мақсат – алыпсатарлыққа және қолдан тапшылық жасауға жол бермеу

«ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізу азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты»  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров болжам бойынша биыл егіс алқабы 23,8 млн. гектарды құрайтынын, бидайға 429,2 мың га қысқартумен 13,3 млн. га жер бөлінетінін айтты. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақылдар көлемін арттыру көзделуде. Атап айтқанда, биыл 3,2 млн. гектар алқапқа майлы дақылдар егілмек. Cондай-ақ, күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдар көлемін 60 мың гектарға ұлғайтып, жалпы алқапты 1,2 млн. гектарға дейін, қант қызылшасын 12 мың гектардан 25 мың гектарға дейін жеткізу көзделуде.

Министр дәнді, көкөніс-бақша дақылдары мен картоптың жоспарланған көлемі ішкі нарық қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар мал азықтық дақылдардың көлемі 3,2 млн. гектарға дейін ұлғаяды. Егіс жұмыстары Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында басталып, мамыр айының екінші онкүндігінде жаппай науқан басталады.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев диқандарды арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету жағдайы туралы баяндады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 340 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесі бекітілді. Баға барлық 20 өңірде 2023 жылғы деңгейде қалды – ҚҚС-мен литрі 250 теңге. Бұл бөлшек сауда құнынан 15%-ға төмен.

Премьер-министр Олжас Бектенов егіс науқанын сапалы әрі уақтылы жүргізу мақсатында Үкімет қажетті шаралар қабылдағанын атап өтті. Атап айтқанда, «Кең Дала» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен 140 млрд. теңге несие беріледі. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттерден қосымша 100 млрд. теңге бөлінеді. Одан бөлек форвардтық сатып алуға 40 млрд. теңге және субсидиялар үшін 95,4 млрд. теңге қарастырылған.

Олжас Бектенов суармалы алқаптарды кеңейту, егіс алқаптарын әртараптандыру және қажетті статистикалық деректерді өзектендіру керектігін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс ай сайын Үкіметте қаралатын болады. Сондай-ақ, Премьер-министр бүгінде елімізде сапалы тұқым қоры мен тұқымның импортына тәуелділік бойынша да проблемалар жеткілікті екенін, импортқа тәуелділік бар екенін атап өтті. Әсіресе, бұл ұсақ және орта шаруашылықтар үшін өзекті болып отыр.

«Фермерлер жақсы тұқымға қол жеткізу мүмкін еместігін айтып, шағымданады. Азық-түлік корпорациясы жинақталған қордан кемінде 200 мың тонна тұқымды мұқтаж фермерлерге тауарлық несие түрінде бөлуі керек. Біздегі климаттық жағдайларға төзімді, өзімізде шығарылатын тұқымдық қордың көлемін ұлғайту қажет. Сонымен қатар агротехнологиялық талаптардың сақталмауы да өнімнің көлемі мен сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Ең алдымен, бұл – минералды тыңайтқыштардың, пестицидтер мен өсімдіктерді қорғайтын басқа да құралдардың қажетті мөлшерін қолдануға қатысты мәселе. Бізде тыңайтқыштарды қолдану деңгейі ғылыми қажеттіліктің небәрі 21%-ын ғана құрады» деп атап өтті Үкімет басшысы.

Биыл топыраққа 1,5 млн. тоннаға жуық тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялаудың жаңа тетігін әзірледі, оның аясында шаруаларға арзандатылған тыңайтқыштар алдын-ала берілетін болады. Тыңайтқыштарды әкімдіктердің кепілдігімен бөліп-бөліп беру мәселесі зауыттармен пысықталуда. Олжас Бектенов Президент бұл көрсеткішті барынша ұлғайту туралы нақты міндет қойғанын еске салды. Жоспар бойынша биыл тыңайтқыштарды қолдану деңгейін 46%-ға жеткізу қажет. Ол әрі қарай, яғни ғылыми талаптар толық орындалғанша тұрақты түрде өсіп отыруға тиіс.

Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы техникасының тозуы туралы мәселе де көтерілді. Премьер-министр қазақстандық диқандардың жаңа техниканы сатып алуын жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлықты азайту қажеттігін атап өтті. Аталған мәселені шешу үшін фермердің өзі төлеп келген алғашқы 15% жарнаның орнына тікелей лизингтік компанияға инвестициялық субсидия салынуға тиіс. Олжас Бектенов бұл шаруалардың айналым қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік беретінін айтты.

«Фермерлер өздеріне тиесілі субсидиялардың тым кешігіп төленетініне наразылық білдіруде. Өткен жылғы субсидиялар бойынша қарыз 160 млрд. теңгеден асып кетті. Бұл қаражатты егіс жұмыстарына жаратуға болатын еді. Жеңілдікті дизель отынын үлестіру барысы да ерекше бақылауда болуға тиіс. Алыпсатарлыққа және қолдан тапшылық жасауға жол бермеу керек» деп түйіндеді сөзін Премьер-министр.

Үкімет басшысы облыс әкімдері мен министрлерге бірқатар тапсырмалар берді.

Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен облыс әкімдіктері арзандатылған отынның бөлінген көлемін жеткізуді бақылауға алып, операторлардың оны дер кезінде тиеп-жөнелту жұмыстарын қамтамасыз етуге тиіс.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары шеңберінде мал азықтық дақылдардың қажетті көлемін егуді тапсырды.

Су ресурстары министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, вегетациялық кезеңде оңтүстік өңірлерді ағын сумен тұрақты түрде қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет.

Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері және «Бәйтерек» холдингі 1 мамырға қарай ауыл шаруашылығы техникаларының жеңілдікті лизингін қаржыландыруға қаражат бөліп, оның қарыз алушы үшін мөлшерлемесі 5%-дан аспауға тиіс.

Қаржы, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктері заманауи агротехнологияларды сақтауды ынталандыру мақсатында 1 маусымға дейін тиісті субсидиялар бөлу мәселесін шешуге тиіс.

Дайындаған А.ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз