Қайырлы қаталдық

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Сонау 1922 жылы қазақ даласына келіп, ұлтымыздың отбасылық өмір сүру салтындағы азаматтың орнын зерттеген ағылшын ғалымы М.Олкотт: «Қазақ ерлері досқа адал, батыр, аңқау, бірақ дұшпанына қатал болып келеді. Ата-анасын қатты сыйлайды. Қазақ ерлеріне ата-анасының айтқаны заң. Жарына адал. Отбасын аң аулап асырайды. Балаларын өте жақсы көреді» деп жазыпты өзінің кітабында. Шетел азаматы бұл жерде қазақтар туралы боямасыз жазып отыр. Ғалымға дән риза болатыныңыз да содан.
Біз зерттеушінің «балаларын өте жақсы көреді» деген сөзіне тоқталғалы отырмыз. Жалпы, адамзатта баласын жаман көретін әке болмауы тиіс. Бірен-саран қатыгез әке болмаса, перзентін сүймейтін жан бола ма?!
Ал, енді осы М.Олкотт қазақтардың балаларын өте жақсы көретінін жазғанда әкелердің ұрпақтарына қалай тәрбие беретініне келгенде сараңдық жасаған немесе жете зерттемеген тәрізді. Неге дейсіз бе?
Сол жақсы көргеннен емес пе, әкелер балаларын белі бекіп, бұғанасы қатпай жатып жұмысқа жегетіні. Оларды жандарынан тастамай жүріп асауды бас білдіруге, садақ тартуға, шөп оруға, мал күзетуге, тағы да басқа өнерге баулиды. Егер шетелдік ғалым 1922 жылы емес, одан әріректе келгенде қазақ нояндарының бесіктен белі енді шыққан ұлдарын қылыштасуға, найзаласуға баулып жатқанын көрер еді. Міне, сонда әкелердің қабағына қарап «бұл қазақ дегендер ұлдарына неге сонша қатал?» деп ой түйіп кетер еді.
Міне, сол әке қаталдығының арқасында қазақ жігіттері шеттерінен батыр, жауынгер болып ержетті. Шаруасы да мығым болды. Жалпы, қазақ ұлдарын «тәк-тәкпен» тежеп ұстады. Ұрпақтарын жастайынан өжеттікке, қайсарлыққа баулыды. Ал, жастайынан бойын қорқыныш, үрей билеген ұл өмір бойына қорқақ, ынжық, ез болып өтер еді. Қай әке ұлының осындай жігерсіз болуын қалайды?! Сондықтан олар керек кезінде еркелетіп, ұлының бойына сенім ұялата да білді, шымыр да өжет болып өсуі үшін қиындықтарға аямай сала да білді. Бұған енді ел қорғайтын ұлдары «біздің әкеміз қатал болды, еркелеткен жоқ» деп ешкімге шағымданған жоқ. Әке қаталдығын олар қалыпты дүние деп түсінді.
Әңгіме 1922 жылғы оқиғадан басталды ғой. Сол кезеңдердегі бір оқиғаны айта кетсек, артық болмас. Бұл академик Ғарифолла Есімнің «Әке» атты эссесінен алынды. Сол бір сұрапыл, аласапыран кезеңде Есім ата замана ауанынан қорқып, белсенділерден қашып «ішке» ауғалы жатады. Барлық зат жиналып, үй іші түгел көшіп кетпек. Бірақ, Ғабдыжаппарға бұл жөнінде ешкім жақ ашпайды. Атасы кетер шақта Құран оқып, сапарға сәттілік тілейді. Ал, енді жүреміз деген кезде булығып отырған әйелдер жағы шуылдап жылап қоя береді. Үлкендер тоқтау айтқанмен, көбі өксіктерін баса алмайды. Қайтсін, жиған-терген, қора-қопсы бәрі қалып барады. Туған жерден су шыққандай, бас ауған жаққа қаңғып барады. «Ішке барамыз» дейді. Оның не жер екенін кім білген? Онда бұларды құшақ жая кім қарсы алмақ?
«Шешем байғұс өте ұстамды кісі еді, есеңгіреп тұрған маған жақындап келіп, құшырлана сүйді де, қолыма бір түйіншек ұстатты. «Балам, берік бол, сақтан пәле-жаладан. Қайтейін?» деп көзін сүртіп, арбаға бет алды» дейді Ғабдыжаппар.
Әкесі оны Қоспан деген кісіге көмекші ретінде қой бағуға тастап кетпекші. Мұндай сұмдық боларын сезбеген жас баланың жүрегі атқақтайды. Өйткені, бүкіл туыс, әке-шешесі, бауыр, қарындастары «ішке» кетіп, бұл ғана жұртта қалмақ. Оның өне бойы мұздап сала береді.
Арба қозғала бергенде ол ызаға булығып, соңдарынан қалмайды. Жан-тәнімен соңғы арбаға жетіп, жармасады. Інісі қолын созып, оны арбаға отырғызып алады. Бәрін байқап отырған әкесі бірінші арбадан қарғып түсіп, әй-шайға қарамастан оны отырған жерінен жұлып алып, екі жағынан кезек-кезек тартып жібереді. 
Дүние астан-кестең болады. Біреулер араға түседі. Қарындасы жылайды. Әкесі: «Тәйт, шуылдамай өңшең...» дегенде бәрі жым болады. Ғабдыжаппар таяқ жегеніне қарамай арбаға ұмтылады. Ал, мінезі жібектей сабырлы әкесі кеудесінен қатты нұқып итеріп жібереді. Құлап түскен ол орнынан тұрмай, ұзақ жылап қала береді. Есін жиғанда арбалар көз ұшында кетіп бара жатады.
Сол кеткеннен отбасы екі жылдан соң оралады. Қоспанға көмекші болып жүрген мұны тауып алады. Арада көп жыл өтіп көңіл жайланғанда Ғабдыжаппар әкесінен «сіздер «ішке» ауғанда мені неге тентіретіп жұртқа тастап кеттіңіз?» деп сұрамай ма. Сондағы әкесінің жауабы:
– Балам-ау, біз отызыншы жылдары аман қаламыз деп ойлаған жоқпыз. Кулак деп мені жұмысқа алмады. Ашыға бастадық. Содан ел қатарлы «ішке» кетуді жөн көрдім. Бірақ, онда бізді кім күтіп тұр? Діні, тілі бөлек ел. Ойлана келе сені елге тастауды жөн көрдім. Егер біз ашығып шетелде опат болсақ, артымызда тұяқ қалсын деген ой еді. Бауырың жас. Сен болсаң ес жиып қалдың.
Әкемнің екі жағымды дуылдата тартқан шапалағы мен кеудемнен нұқып итеріп тастағанын кейін барып түсіндім. Байқап отырсам, қаталдықтың өзі ақылдан туған секілді. Өмірде осындай мәні мол қаталдықтар көп болса ғой деп ойлаймын» дейді Ғабдыжаппар ұлы Ғарифоллаға сыр шерте отырып («Егемен Қазақстан» газеті. 27 қараша 2023 ж.).
Иә, өмірде осындай қайырлы қаталдықтар көп кездеседі. Қазір де балаларының түзу тәрбиесі үшін керек кезінде қаталдыққа баратын әкелер бар. Бірақ, мұны кейбір келіншектер түсіне бермейтін де көрінеді. Әкесі баласының әлдебір тентектігін не қателігін көрсе, әрине, шыдап отыра алмайды ғой. Мұндайда әкесі баласының денесіне аса батырмай, аздап шапалақтап алуы да заңды. Алайда, шешесі шырылдап араға түседі. Әйелдің бір қозғалса таудан құлаған су секілді алдындағысын түгел сыпырып кететінін ойлап, еркек байғұс іштен тынады. Мұны шеше де, бала да жеңілдіге балайды. Осыдан былай әкесі қабағын түйе бастаса бала шешесінің етегіне келіп тығылады. Осы әдетпен тек анасын ғана тыңдап өседі. Ұл баланың санасына, жан дүниесіне еркекке тән мінез қалыптастыру үшін ол әкесінің уысында жүруі тиіс. Ал, біз кешегі отарлық кезінен берідегі «әйел теңдігі» дегенді желеу етіп, әкені отбасындағы жетекшілік орнынан көмекшілікке ысырып тастадық. Міне, содан барып, өмірде әке тәрбиесін көрмеген ұл әке сыйлауды, қыз күйеу сыйлауды білмей келеді.
Ұлттық құндылықтарымызды берік сақтап, ұл тәрбиелеуде ата-бабаларымыз салып кеткен дәстүр жолына қайта түсуіміз керек. Әкенің қабақ шытуының бәрін қатігездікке, жаны ашымастыққа жори беруден тыйылған жөн. Иә, бүгінде баласын сабағанның өзіне заң аясында жаза көретін шаралар ойластырылып жатыр. Бұл да заманына қарай амалы шығар, кім біліпті?..
Біз бұл жерде аса қатыгез, нашақорлық пен маскүнемдікке салынып кеткен, балаларына алимент төлеуден қашып жүрген борышкер әкелер туралы айтып отырғанымыз жоқ. Бірақ, халқымыздың ұл, қыз тәрбиесіндегі өзіндік жолы ұмытылмауы тиіс. Шетелдің қаңсығы бізге тәрбие болып жарытпайды. Әр халықтың өз салт-дәстүрі, мінез-құлқы бар. «Шетелдерде осылай екен» деп көрінгеннің шылауында кетудің ақыры жақсылыққа әкелмес деп қауіптенеміз... 
Әрине, әкенің ұлға беретін тәрбиесін басқа әке, не басқа институт бере алмайды. Әке орны ұл үшін қашан да бөлек. Әкенің әрбір ісі, өнегесі ұрпағының бойына сіңеді.
Әкенің қайырлы қаталдығы жөнінде әзірге айтпағымыз осылар еді.

Пікір қалдырыңыз