Әлеуметтік-экономикалық саясатқа — жаңа серпін
KAZINFORM. Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, алқалы жиынға арнайы қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің он үшінші Премьер-министрін тағайындау үшін депутаттардың келісімін алды. Осылайша Үкімет басшысы қызметіне бұған дейін Президент Әкімшілігінің басшысы болған Олжас Бектенов келді.
Президент алдымен Мәжілістегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесу өткізіп, Конституцияның 44-бабына сәйкес Премьер-министр лауазымына ұсынылған Олжас Бектеновтің кандидатурасы жөнінде фракция басшыларымен кеңесті. Талқылауға «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Асхат Рақымжанов, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев, «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Ходжаназаров қатысты.
Төрт қасиетті ұштастыруы тиіс
Мәжілістің жалпы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды озық елге айналдыру қажеттігін, бұл жай ұран емес, нақты жоспар екенін атап өтті.
«Бізге керегі – дамудың сара жолы. Сондықтан түбегейлі саяси реформалар жүргізумен қатар, еліміздің қоғамдық-экономикалық өмірінде терең өзгерістер жасау үшін батыл шаралар қабылдауымыз қажет. Ең бастысы, біздің барлық іс-әрекетіміз «Әділетті Қазақстан» құру қағидатына сай болуға тиіс. Алдымен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатына жаңа серпін беру керек, яғни экономиканың барлық саласын дамыту, ынталандыру жолдары мен алдағы міндеттерді қайта қарау қажет. Түптеп келгенде, мемлекет енді үздіксіз қолдау шараларынан нағыз сапалы дамуға қолғабыс ету ісіне түбегейлі көшуі керек. Бұл жұмысты сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындайтын уақыт жетті» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Салық және Бюджет кодекстері, Мемлекеттік сатып алу, сондай-ақ Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі туралы заңнамалар мүлде жаңаша сипатқа ие болғанына назар аударып, мұның бәрі Жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырудың мықты тірегі болуға тиіс екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдымызда тариф саясатындағы кедергілерді жою, агросекторды қайта жандандыру, әлеуметтік саланы басқару мен қаржыландырудың тиімді тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр.
«Бұл жерде, әрине, ең алдымен, Үкімет маңызды рөл атқаруға тиіс. Жаңа қарқынмен жұмыс істеу қажет. Маңызды шешімдерді шұғыл қабылдап, көп созбай, шешуші қадамдарды жасауы керек. Үкімет өз қызметінде кәсібилік, жауапкершілік, жеделдік және бастамашылдық сияқты қасиеттерді ұштастыруға тиіс. Бұл міндеттің маңызы зор және ол стратегиялық сипатқа ие» деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзін қорытындылай келе, «Amanat» партиясы ұсынған кандидатты Мәжілістегі партиялар фракцияларының жетекшілерімен талқылағаннан кейін ортақ шешімге келгенін айтып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 3-тармақшасына сәйкес Премьер-министр лауазымына тағайындауға келісу үшін Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.
«Олжас Бектенов – тәжірибелі мемлекеттік қызметші. Оның Қазақстан экономикасы және басқа да салалар бойынша білімі мол, ұйымдастыру қабілеті жоғары, өзі тәртіпті, адал, еңбекқор азамат. Сондықтан ел экономикасының алдында тұрған мақсаттарды жүзеге асыруға қабілеті жетеді деп ойлаймын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында Парламент Мәжілісіндегі «Amanat», «Ақ жол», «Respublica», «Ауыл» партиялары фракцияларының жетекшілері сөз сөйлеп, ұсынылған кандидатураны қолдаса, ЖСДП мен ҚХП партиясының мүшелері дауыс беруден қалыс қалатындығын ашық айтты. Содан кейін депутаттар Үкімет басшысының жаңа кандидатурасын дауысқа салды: 69 депутат қолдап, 7 халық қалаулысы қалыс қалды.
Үкімет халқымыздың игілігіне қызмет етеді
Жаңадан тағайындалған Үкімет басшысы Президенттің жүктеген жоғары сенімін ақтауға бар күш-жігерін салатынын айтты.
«Менің кандидатурамды қолдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуда бірқатар ауқымды тапсырма берді. Аталған тапсырмалардың барлығы мүлтіксіз орындалады. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер дәуірінде зор экономикалық серпіліс жасауымыз керек. Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында Үкімет батыл әрі тиімді қадамдар жасайды» деді О.Бектенов Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беріледі.
«Мұнай-газ және көмір химиясы, металды терең өңдеу, машина жасау, автобөлшектер шығару, яғни жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын салаларды барынша дамытамыз. Отандық өндірісімізді ынталандыруға бағытталған нақты шаралар қабылданады. Реттелетін сатып алу аясында Қазақстанда жасалған тауарлардың үлесін арттырып, отандық өндірушілерді қолдау мақсатында офтейк жүйесін толық іске қосамыз. Басты мақсат – басқа елдің емес, өзіміздің ұлттық бизнесімізді қолдау. Ауыл шаруашылығы саласының зор әлеуетін дұрыс пайдалану маңызды. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуге назар аударамыз. Электр қуаты, жылу әрі сумен қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс атқарамыз. Тиімсіз шығындарды қысқартып, үнемделген қаражат инфрақұрылымды жаңартуға бағытталады. Көлік-логистика саласын дамытып, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру – Үкімет жұмысындағы басымдықтардың бірі болатыны сөзсіз. Цифрландыру, жасанды интеллектінің қолдану саласын кеңейту, есептеу қуаттарын ұлғайту – аса маңызды міндеттер. Мемлекет басшысы белгілеген заң мен тәртіп қағидатын жүзеге асыруға бағытталған шаралар қабылдаймыз. Басқа да халықтың көкейінде тұрған өзекті мәселелер үнемі Үкіметтің назарында болады. Үкімет халқымыздың игілігіне, еліміздің өркендеуіне қызмет етеді» деді Үкімет басшысы.