«Саяси қуғын-сүргін тарихы – мәңгі тақырып...»

Президент Қ.Тоқаевтың арнайы Жарлығы бойынша құрылған саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын толық ақтау жөніндегі республикалық және өңірлік комиссиялардың жұмысын бастағанына таяуда үш жыл толады. Осы уақыт аралығында барлық өңірлердегі сияқты Түркістан облысында да өте ауқымды жұмыстар атқарылғандығын «Оңтүстік Қазақстан» газеті бұған дейін де жариялаған. 
Осы үш жылдың ішінде мемлекеттік деңгейде мән берілген шаралар қалай іске асырылып жатқандығын талқылаған өңірлік комиссияның мәжілісіне қатысып, біршама мәселелердің куәсі болған едік. Жыл қорытындысына арналған сол мәжілістен соң өңірлік комиссияның мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі ТҰРСҰНДЫ сұхбатқа тартқанбыз.

– Хазретәлі Мақанұлы, әуелі өңірлік комиссияның жұмыс бағыты, олардың міндеттері туралы айтып өтсеңіз.
– Республикалық комиссияның методикалық орталығы ақтау жұмыстарын өзектілендіру мақсатында зерттеу-іздестіру, талдау-сараптама жұмыстарын жалпы он бір бағытқа топтастырған. Өңірлік комиссиялар мен жұмыс топтары жұмыстарын осы 11 бағытта жүргізіп келеді. Негізі, өткен ғасырдың 20-50-ші жылдарын қамтыған саяси қуғын-сүргін тарихын бағыттарға топтастыру, науқандармен байланыстыру ғылыми қалыптасқан жүйе болып табылады. Кезең-кезеңімен орын алған ашаршылық, ауа көшу мен босқыншылық, кеңестік билікке қарсы шыққандықтан ұлтшылдықпен айыпталып, дүркін-дүркін жазаға тартылған әлеуметтік топтар, ұлтымыздың дәстүрлі шаруашылық-мәдени тұрпатын күйреткен күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру, осы бір жойдасыз реформаларға қарсылық ретінде шаруалардың бас көтерулерінің архивтік құжаттары іздестірілуі керек, ғылыми өңделіп, көпшілікке ұсынылуы керек.
– Комиссия мен жұмыс тобы мүшелерінің атқарған жұмыстарының нәтижесі қандай?
– Облыстық комиссия мен жұмыс тобының бағыттар бойынша атқарған жұмыстарының нәтижелері ауыз толтырып айтарлықтай десе болады. 2022 жылы облыстық деңгейде 
7 жинақ, 1 монография, 1 ақтауға ұсынылғандар тізімін баспадан шығардық. Республикадан жарық көрген 34 томға 2 том дайындап бердік.
Биылғы жылы мынадай жинақтар республикалық комиссияға тапсырылды:
– «Өзбекстан, Тәжікстанға ауа көшу тарихының архивтік құжаттары мен зерттеулер» жинағы; 
– «Алаш қозғалысы Түркістан қанаты тарихының архивтік құжаттары мен материалдар» жинағы; 
– «Түркістанға депортацияланғандардың құжаттар» жинағы;
– «Халық жады» көптомдығының «Түркістан облысы бойынша қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының естеліктер жинағы». 
Бұл жинақтар республикалық деңгейде таяуда жарық көретін болады. 
Бұған қосымша Алаш қозғалысына қатысты монографияға «Түркістан мұхтариатының тарихы» атты тарау дайындап бердік. Бұл да таяуда жарыққа шығады. 
Облыстық комиссияның жұмыс тобы биыл өткен жылғы жарияланымдардың жалғасы ретінде мынадай құжаттар жинағының екінші томдарын дайындап, баспаға ұсынды: «Түркістан облысындағы отырықшыландыру мен күштеп ұжымдастыру», «Бостандық және Қызылқұм көтерілістерінің құжаттар жинағы», «Түркістан облысындағы ашаршылық (1920-1921, 1930-1933)», «Түркістанға депортацияланғандардың құжаттары», «Кеңес өкіметінің дін саясаты және діни себептермен қуғындалғандардың құжаттары», «Түркістандағы діни қуғындау саясатының тарихы», «Кәмпеске науқанына қатысты архив құжаттарының жинағы» (Түркістан облыстық мемлекеттік архиві қорлары бойынша), «Түркістан өңіріндегі отырықшыландыру және саяси қуғын-сүргін естеліктері». Осы жинақтар облыс әкімінің комиссияға бөлген қаржысының есебінен баспадан шығады және облыстың кітапханаларына таратылады.
– Өзіңіз қай бағыт бойынша жұмыс істеудесіз?
– Комиссияның «1916-1930 жылдардағы мемлекеттің жазалаушылық әрекеттері мен биліктің саяси қуғын-сүргін кезіндегі түрлі зорлық-зомбылық саяси науқандар мен аштық кезінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған қазақстандық босқындарды ақтау бойынша зерттеу, ұсыныстарды дайындау және енгізу» деп аталатын бағытында жұмыс істеймін. Менің теориялық дайындығым, ғылыми ізденістердегі тәжірибем кез келген бағытта жұмыс істеуіме мүмкіндік беретін еді. Әйтсе де, ауа көшушілердің ұрпағы болғандықтан осы бағытта жұмыс істеуді мақұл көрдім.
Туған жерден үдере көшіп, туған елден жырақта күн кешудің ащы дәмін бесікте жатып сезінгенмін. Ауа көшудің шерлі тарихы санама анамның әлдиімен, әкемнің өлең сөздерімен сіңген еді.
Әкем Тұрсұнұлы Махан (1911-1974) 1930 жылдың қаңтарында Төменарықтың жанындағы Қысты Ата деген қыстаудан шешесі Жұмакүл екеуі ағасы Ысмайылдың бастауымен жетім көштің күйін кешіп, туған жерден жасырын жылыстап, ауа көшкен екен. Жызақ, Самарқан асып, Тәжік-станның Ауғанстанмен шекаралас Пархар ауданына барып табан тіреген көш 1960 жылы ғана елге қайта бет түзеген. Бірқатар ағайындары Ауған-станға өтіп кеткен. Пархар дегенің Памир тауының етегі, Ауғанстанмен шекаралас ең шеткі аудандардың бірі ғой. «Арқадан арқар ауып кетсе, біз Сырдың бойынан Пархар ауып кеттік қой» деп отырушы еді әкем. Мынау әкемнің сол кездегі елді аңсап жазған өлеңі екен:
Жайылма, Жалғыз ағаш, 
                                 Төлес дедім, 
Кіндік кесіп, туған жер емес пе 
                                             едің?
Отыз жылдай өзіңнен ұзап кетіп,
Көзіме сағынғанда елестедің.
Жатсам, тұрсам ойымнан 
                               бір шықпадың,
Болмаса мен Пархардан келмес 
                                           те едім.
Түлкілі, Шоқымазар, Шатырабад,
Белгілі барлық жері көңілге жад. 
Тіліміз әлдеқайдан оралады,
Жақындап қалыппыз-ау 
                                  болуға сарт.
Әкелерім жүрген жолды басып, Тәжікстанға екі рет іссапармен барып қайттым. Бір аңғарғаным, қиын кезеңде Тәжікстанның экономикасын көтеруге қызмет еткен қазақтардың тарихы ол елде ешкімді қызықтырмайды екен.
– Комиссияның бір міндеті – қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін ұлықтауға ғылыми негіздеме дайындау екендігі белгілі. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
– Архив құжаттарымен жүргізілген жұмыстар барысында көптеген тұлғаларымыз құқықтық тұрғыда ақталғанымен, олардың қызметі, шығармашылығы саяси тұрғыда ақталмағандығы анықталды. Бұл жердегі кілтипан – аталған тұлғалардың құжаттарының қолжетімсіздігі деп білеміз. Содан да олардың өмірбаяндары ғылыми тұлғаланбаған. Комиссияның мақсаты – саяси қуғын-сүргін барысында саяси, азаматтық және шығармашылық ерліктерімен ел бастаған, ұлттық құндылықтарды сақтау жолында құрбан болған шаһидтердің есімдерін анықтап, ғылыми тұлғаландыру. Есімдері ұлықталуға тиісті тұлғалар қатарында шығыстанушы, түрколог, Түркістан мұхтариаты Халық кеңесінің мүшесі Сералы Лапин, Түркістанда қазақ балаларына арнап алғаш Әліппе жазған жәдитші, педагог-ағартушы Қоңырқожа Қожықов, оңтүстік өңірде ұлттық баспасөзді дамытқан, педагог- ағартушылар Қалжан және Әлібек Қоңыратбаевтар, Тәңірберген Отарбаевтың есімдерін ұлықтауға ұсынып отырмыз. Алаш қозғалысының қайраткерлері Файзулла Ғалымжанов, Садық Өтегенов, Әзімхан Кенесариндердің де есімдері ұлықтауға әбден лайық. Ауа көшудің басшылары Серқұл Алдабергенов, Жанәділ Исаев, Сәруар ишан Ибадуллаевтың да есімдері өздері туып-өскен ауылдардағы көшеге болса да берілуі керек қой. Қиын кезеңде облыс басқарған қайраткерлеріміздің де көпшілігі атаусыз қалуда. Айталық, 1924 жылы ұлттық-территориялық межелеуде Сырдария губерниясын құрып, Шымкентті орталық еткен губком хатшысы Сүлеймен Есқараев, губатком төрағасы Бегайдар Аралбаев, облыс басқарған Ыдырыс Мұстамбаев, Әбілқайыр Досов, облыстық, аудандық деңгейде басшылық қызметтер атқарған Емберген Алтынбеков, Сейітбек Кенбаев, Уәш Бабаев, Сейфолла Османов осы күнге дейін атаусыз қалып келеді. Созақ көтерілісінің басшысы Сұлтанбек Шалақов, Қызылқұм көтерілісінің басшысы Ағабек Қарақұлов және т.б. жан-жақты зерттеліп, насихатталуы тиіс. Олардың есімдерін жас ұрпаққа өнеге етуге тиіспіз. Бұл тізім алдағы уақытта толыға түседі.
Шаруалар көтерілістері бойынша: 
Созақ, Бостандық, Қызылқұм көтерілістерінің басшыларынан 14 жетекші анықталды. Көтеріліске қатысқандығы үшін тікелей қуғындалғандардың болжамды жалпы саны 2500-ден асты. Көтерілістің басты қозғаушы күші діни ұстаным болғандығын кеңестік тарихнама айтпай келген екен.
– Қуғын-сүргін барысында көтерілісшілердің жаппай атылған, көмілген жерлері туралы да деректер айтылып қалады. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілді?
– Түркістан облысы бойынша Созақ көтерілісі туралы деректер көп. Созақ көтерілісі бұрыннан айтылып, жазылып келеді. Әйтсе де, құпия қорлардың ашылуы айналымға жаңа мәліметтерді ұсынып отыр. Созақ көтерілісін басып-жаншу және қуғындау барысында мынадай жаппай жерлеу орындары анықталған: Созақ ауылының ортасындағы Ақтаста 40-50 көтерілісшінің денесі көмілген. Басына ескерткіш-белгі орнатылғанымен, әлі мемлекеттің есебіне алынбаған; Созақтан 2 шақырым жердегі Тастақсайға шайқас кезінде қаза болғандар мен шайқастан кейін атылғандар көмілген. Нақты саны белгісіз. Ескерткіш-белгі жоқ; Созақтан 10 шақырым жердегі Дуанада жер асты діни ғимаратты (қылуетхана) көтеріліске қатысқандардың туыстарын қамап, азаптау орнына айналдырған. Жанында жаппай жерлеу белгілері бар. 
Далалық экспедициялар барысында Сарыағаш ауданындағы Дарбаза стансасының жанында Ташкентке ағылған ашаршылық босқындарын пойыздан алып қалып фильтрация жасағандығын анықтадық. Мұнда аштықтан, аурудан өлгендер жаппай жерленген. Қорым аумағы өте ауқымды. Нақты жерленгендер саны белгісіз. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасуы керек (жерленгендер санын анықтау, қорымды қорғауға алу, т.б.). Өкінішке қарай, олардың Ташкент архивтерінде жатқан құжаттары қолжетімсіз болды.
– Облыс бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандардың нақты саны белгілі болды ма? Бұл бағытта қандай мәліметтермен бөлісесіз?
– Бұл жерде басын ашып айтатын бір мәселе бар, жоғарыдағы сөздерімде де бұл болжамды сан деп айтып өттім ғой. Оның мәнісі, әзірге біз қуғындалғандығы құжатталғандардың санын ғана нақты деп айтамыз. Ал, қуғындау әрекеті құжатталмаған категориялардың санын болжамды түрде атаймыз. «Аштан өлгеннің моласы болмайды» деген сөз бар. Оның мәнісі осы, жаназасы шығарылмайды, неден, қашан, қандай жағдайда өлгендігі құжатталмайды. Осы тәсілмен Сырдария округі аумағынан (қазіргі Түркістан облысы және Жамбыл, Қызылорда облыстарының жартысы) Өзбекстан мен Тәжікстанға ауа көшушілер мен ашаршылық босқындарының болжамды саны 500-550 мың шамасында деп айтамыз. Тәжікстанның өзінде 1930-1935 жылдары 100 мыңнан аса қазақ ауа көшушілері кірекештік жасап, ауыл шаруашылығы мен құрылыстарға жұмысқа тартылғаны анықталды. Қазақтарды көшіріп алуға Тәжікстан өкіметі арнайы жоспармен жұмыс істегені де анықталды. Өзбекстандағы ауа көшушілердің құжаттары қолжетімсіз болды.
Өңірде күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру кезінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың болжамды саны 350 мыңнан асады. Іздестіру шаралары одан әрі жалғасуда. Науқан салықтар барысында қуғындалғандар саны 1200 адам (бұл құжаттық негізде анықталғаны).
Облыс бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшырап, әртүрлі жазаға тартылғанымен, осы кезге дейін құқықтық тұрғыда ақталмағандардың жалпы саны 6529 адамды құрап отыр (бұл құжаттық негізде анықталғандары).
– Архивтерде көп жұмыс істейсіз. Ерекше есте қаларлықтай қандай тың деректерге кезіктіңіз?
– Екі дерекке тоқталайын. 1931 жылғы Қызылқұм көтерілісі осы кезге дейін ғалымдардың назарынан тыс қалып келді. Көтеріліс туралы уақытында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бетінде алғашқы мақалалар жарияланған еді. 2011 жылы Шымкенттен Жан-Абай Бөриевтің құрастыруымен «Қызылқұм қырандары» атты естеліктер жинағы жарық көрген екен. Біз осы көтерілістің құпия қорлардағы құжаттарын іздеп таптық. Әзірге істі құпиясыздандыруға ұсынғанымызбен қолымызға тимеді. Көтеріліске қатысқандар мен  жазаланғандар саны нақтыланбады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуы керек. Көтеріліс басшысы Ағатай Қарақұлов ерекше батыр болғандығы құжатталыпты. Құжаттарда көтеріліс бойынша аса құнды мағлұматтар көп. Оны алдағы уақытта жариялайтын боламыз. Екінші мәселе жеке тұлғаға қатысты. Әжібек Тамғабаев деген атамыз болды. Біздің бала күнімізде ол кісі тәуір ат мініп, тұмағын милықтыра киіп, түксиіп елден жырақ жүретін еді. НКВД қорларынан сол кісінің ісімен кездейсоқ танысып қалдым. 1937 жылы 10 жылға сотталып, Хабаровскінің лагерінде жазасын өтеп келген. Сол кісіге «кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізген» деген айыптау қорытындысымен үкім шыққан. Құжаттарымен таныстым. Малын тартып алып, науқан салықпен титықтаған атамыз ауыл белсендісінің партия мен үкіметтің атынан сөйлеген сөзіне күйініп кетіп, боқтампаздық дәстүрмен «партияңның әкесін», «үкіметіңнің шешесін» деп балағаттап жіберген екен. Тергеуші осы әрекетті әйгілі елу сегізінші бапқа сыйғызып жіберген ғой.
– Комиссия жұмысы алдағы уақытта қандай бағыттарда өрбиді?
– Мемлекеттік маңыз алған жұмыс келер жылы да жалғасады. Осыған байланысты жұмыс тобының алдында мынадай басты міндеттер тұр деп ойлаймын: бірінші, осы кезге дейін архивтік құжаттармен жұмыс істелді. Ендігі кезекті саяси қуғын-сүргін науқандарының себептері мен салдарларына талдау-сараптамалық жұмыстар жүргізілуі керек. Екінші, статистикалық талдаулар жасалуы тиіс. Яғни ақтауға ұсынылатындардың тізімі нақтылануы керек. Үшінші,  шетелдік архивтермен байланыс орнауы керек. Атап айтқанда, өзбекстандық әріптестеріміз өз құжаттарымен бөлісуге дайын. Біз тарапымыздан ұсыныс жасалуы тиіс. Тәжікстандық әріптестермен де осындай жұмыстар жалғасуы керек. Мәселенің зерттеу нәтижелерін нақтылау үшін Мәскеу, Тәжікстан және Өзбекстан архивтерінде жұмыстар жалғасуы керек.
– Тарихымызды таразылайтын тың мәліметтермен бөліскеніңіз үшін көп-көп рахмет! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан 
Абай БАЛАЖАН,
«Оңтүстік Қазақстан».
Пікір қалдырыңыз