МӘМС туралы мәміле

Сұрақ
—МӘМС туралы жұрттың көзқарасы санқилы.
Жалпы жүйе туралы не айтуға болады?
Осыған байланысты мемлекеттік органның
жауабын ұсынып отырмыз.
—Бүгінде еліміздегі міндетті әлеуметтік
медициналық сақтандыру (МӘМС) қоры туралы
көзқарас сан қилы. Тұрғындар құны қымбат тұратын заманауи оталардың
бәріне бірдей қолжетімді емес екеніне орынды ренішін білдіріп те жүр. Жалпы
жүйені жетілдіру керек пе, әлде оны жойған дұрыс па деген
сауал көпшілікті мазалап жүргені анық.
Негізінде денсаулық сақтау жүйесінің барлық
дерлік мәселесі қаржыландыруға байланысты. Медициналық
сақтандырудың табысты жұмыс істеуі үшін ондаған жылдар бойы білікті сарапшылар
тер төкті. Қазақстанда МӘМС жүйесі 2020 жылдан бастап енгізілді.
МӘМС жүйесінің бірінші кезектегі міндеті
көп жылдан бері қаржы тапшылығын бастан өткерген отандық денсаулық сақтау
саласын тығырықтан шығару болды. Жүйе енгізілгелі қаржыландыру 2 есе
ұлғайды.
Қаржының
ұлғаюы көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін жылдан жылға арттыруға
мүмкіндік берді. Атап айтар болсақ, консультациялық-диагностикалық қызметтер,
жоғары технологиялық медициналық көмек, стационарлық көмек, амбулаториялық
деңгейде дәрілік заттармен қамтамасыз ету, медициналық оңалту бойынша тәуліктік
стационар жағдайында емделгендер саны артты. «Аңсаған сәби» бағдарламасы
аясында репродуктивті денсаулығында кінәрат бар отбасылар үшін көрсетілетін
қызметтер 7000-ға дейін жетті. Жоғары технологияларды пайдалана отырып
жасалатын операциялар 2 есе өсті. 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер
тісін жоспарлы түрде емдей алады. Сонымен қатар дәрі-дәрмектер тізбесі де
кеңейтілді. «Д»-есепте тұрған азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілді
көлемімен қатар, МӘМС есебінен де медициналық қызметтер көрсетіледі.
Медициналық сақтандыру жүйесі
аясында азаматтар мемлекеттік ұйымдардан бөлек, жеке клиникаларда да қаралуға,
оған тіпті тіркелуге мүмкіндік алды. Биыл Қор 1900-ден астам медициналық
мекемемен келісім жасасты, олардың жартысынан көбі – жекеменшік мекемелер.
Пациенттер клиниканы өздері таңдайды. Нәтижесінде клиникалар пациенттерді
өздеріне тарту үшін қолайлы жағдай жасап, қызметтерін жетілдіре түсуде.
Медсақтандыру қоры ең алдымен
пациенттердің мәселесін шешуге мүдделі, яғни халықпен кері байланысқа ерекше
назар аударады.
Әр
сақтандырылған адам аударған жарна мөлшеріне қарамастан, медициналық
қызметтерді толық көлемде, уақтылы алуға құқылы. МӘМС пакеті пациенттерге қажет
негізгі медициналық қызметтерді қамтиды. Атап айтар болсақ, қымбат анализдер,
тексерулер, консультациялар, сонымен қатар жоғары технологияларды пайдалана
отырып жасалатын операциялар және т.б. қызметтер кіреді. Көптеген операциялар
бірнеше миллион теңге тұрады. Ал азаматтар ай сайын кем дегенде 3500 теңге
жарна төлеп, осы қызметтерді қосымша қаржы төлемей ала алады.
Қазақстанда 16 млн-нан астам азамат
сақтандырылған. Оның ішінде 11 млн адам үшін МӘМС жарналарын мемлекет аударады.
Олар – кәмелетке толмаған балалар, ресми жұмыссыз болып тіркелген адамдар,
жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты үйде
отырған ата-аналар, мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі жандардың күтімімен
үйде отырған адамдар, зейнеткерлер, жұмыс істемейтін қандастар, күндізгі оқу
нысанында білім алатын студенттер, жұмыс істемейтін атаулы әлеуметтік көмек
алушылар, жазасын өтеушілер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен
наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II
дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар.
Осы орайда медициналық мекемеде
көрсетілген қызметке көңілі толмаса, дәрігер МӘМС аясында жолдама беруден бас
тартса немесе ақылы және т.б. мәселелермен өз емханасындағы «Пациенттерді
қолдау қызметіне» жүгіне алады. Ал ол жерден мардымды жауап ала алмаса,
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келесі байланыс арналары арқылы
өтініш жібере алады: fms.kz ресми сайты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және
Telegram-дағы SaqtandyryBot.
МӘМС жүйесін тоқтата салумен еліміздің
денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мәселесі шешіле қоймас. Бұл жүйені енгізу
үшін көп шаруа атқарылды, атқарылып жатыр. Әлі де жетілдіретін тұстары бар.
Денсаулық сақтау саласында ақпараттық жүйелерді интеграциялау және цифрландыру
бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде көптеген олқылықты
жойып, жүйенің тиімді жұмыс істеуіне үлкен сеп болатыны анық.
Алдымен рухани әлеуетті арттыру қажет
— Рухани
астананың мәдени тынысы қалай дамуда?
—Түркістан
ежелден ауыл шаруашылығы дамыған өлке. Сөйте тұра, Түркістан десе, оңтүстік
өлкесінің адамдарының ойына Түркістанның базары түседі. Демек, Түркістанда
ежелден Шығыс мәдениетінің сілемдері бар деген сөз. Алайда, мәдениет жалғыз
Шығыс мәдениетінен тұрмайтыны белгілі. Осы мәселеге орай қалада көптеген
жұмыстар атқарылды. Түркістан жаңарды. Рухани астананы халықаралық деңгейдегі
мәдени калаға айналдыру мақсат етілді. Ал, бұл жалғыз ғимарат салумен
шектелмейді.
Бүгінде Түркістанда өте қысқа уақытта
амфитеатр, Конгресс-Холл, Ұлы дала елі орталығы, драма театр, облыстық
ғылыми-әмбебап кітапханасы секілді ғажап мәдени-рухани ғимараттар бой көтерді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл ғимараттар қалаға көрік беріп қана қоймауы
керек. Қаншама көп ғимарат салып тастағанымызбен, адамдардың мәдени-рухани
санасы өспесе ешнәрсе өзгермейді. Мұндайда Түркістан тұрғындарының бойына «Мен
енді рухани астананың тұрғынымын» деген психология енді ме деген сауал өзінен
өзі туындайтыны түсінікті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы бастама көтерген болатын. Қазір
арнайы заң жобасы әзірленіп, қоғам талқысынан өтуде.
Осындай елдің
мәдениетін дамытуға бағытталған шаралардың көптеп өтуі – осы бастаманың жүзеге
асуына оң ықпалын тигізеді деген сеніммен өңірде көптеген мәдениет ошақтары
салынып, халыққа рухани қызмет көрсетіп келеді. Атап айтқанда, ағымдағы
жылы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде «Түркі әлемінің Этносәні» VI
Халықаралық фестивалі, республикалық «Түркістан дауысы – 2023» жас
орындаушылары байқауы, т.б. көптеген мәдени шаралар өтті. Сонымен қатар, 19-20
қазан күндері халықаралық «Voice of Turan-2023» қазақ әндері фестивалі өтеді.
Облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында «Ұлттық құрылтай» қарсаңында
жұмыс секцияларының отырысы, Халықаралық «Алтын Сақа» анимациялық фильмдер
фестивалі, «Елім-ай» дастанының 300 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы «Тайқазан» халықаралық ұлттық және этникалық
киімдер байқауы, Халықаралық көше театрлары фестивалі, «Бал таңдай» облыстық
балалар өнер фестивалі, аймақтық «Арай-2023» жас эстрада әншілері мен мәдени
іс-шара жүргізушілері байқауы өтті. Сонымен қатар көптеген кітаптың
тұсаукесерлері, әдеби кештер өтуде. Түркістан музыкалық драма театрында
ағымдағы жылы 14 қойылым, оның ішінде 2 премьера сахналанды.
Атауы
мыңжылдықтарға кеткенімен, облыс орталығы ретінде жаңару мен дамудың жаңа
белесіне көтерілген рухани шаһар төрінде мұндай шаралардың өтуі –
заңдылық. Бұл жобалар киелі шаһардағы жаңа мәдени нысандарда өтіп жатқан
шаралардың бір бөлігі ғана. Қала тұрғындары мен қонақтарының рухани әлеуетін
арттыру, бос уақыттарында тиімді, мәдени демалыс сыйлау мақсатында Түркі
әлемінің рухани бағдарына айналған шаһарда мәдениеттің өркендеуіне бағытталған
шаралар көптеп өтетін болады.
Театр өнерінің озық үлгілерін танытуда
—Бүгінгі театрлардың көрермені бар ма?
—Түркістан
облысында 3 кәсіби театр бар. Оның екеуі облыс орталығында орналасқан. Райымбек
Сейтметов атындағы Түркістан қаласы сазды-драма театры 20 жылдан астам тарихы
мен өзіндік орны бар қара шаңырақ саналады. Түркістанға келіп, алғаш рет оқу
ордасынан актерлық өнер факультетін қалыптастырып, театр және кино әртістерін
даярлап шығарған Райымбек Сейтметов алғашқы түлектермен театр ашқаны белгілі.
Театр ғимараты о баста кинотеатрға арналып салынғандықтан, оның сахнасы өте
тар. Дегенмен, театр ұжымы соған қарамастан қаншама спектакльдерді сахналады.
Бүгінде Р.Сейтметов театрының әртістері сахнада әбден ысылған профессионалдар.
Ал, Түркістан музыкалық драма театры енді
ғана қалыптасып келе жатқан жаңа театр. Биыл үшінші маусымын ашқалы жатқан
театр еліміздегі заманауи өнер ошақтарының бірі. Театр саласындағы әлемдік озық
тәжірибені, ең мықты деген өнер үлгісін Түркістан қаласы тұрғындары мен
қонақтарына паш етуде. Қазіргі таңда жас театр ұжымының репертуары Қазақстанға
ғана емес, алыс-жақын шет елдерден келетін қонақтарға да жақсы таныс.
Қазақ
театр өнерін жаңа деңгейге көтеруді мақсат еткен ұжым көрермен қалыптастыру,
театр өнерінің озық үлгілерін таныту мақсатында елімізге танымал тұлғалармен
бірлесе бірнеше жобаларды іске асырды. Алдағы уақытта қойылатын жаңа қойылымдар
театрдың шығармашылық ұжымының сахналауымен көрермен назарына ұсынылатын
болады. Ал, бұл «жаңа театрға қандай қойылым қойылса да әртістерді шеттен алып
келеді. Режиссерлер де солай. Жақында ғана Ресейдің режиссері келіп, бір спектакаль
қойды» деген сыңаржақ әңгімеге нүкте
қояры анық.