Әжібай атаның әңгелектері...

Түлкібас ауданындағы Кемербастау ауылдық округінде тұратын Әжібай Сабуровты аудан халқы жақсы таниды десек, артық айтқандық емес. Сексен жасқа аяқ басқан атамыз әлі де тың. Өмірден көргені мен көңілге түйгені мол қазыналы қария бір мезгіл есігінің алдындағы бақшасын баптап, жұмыс істейді. Қаршадайынан  көзін еңбекпен ашқан оның зейнеткерлікке шыққанына  ширек ғасырдан асып кетсе де, денсаулығын күйттеп, үйінде жылы көрпеге оранып жатқан жері жоқ. Бала кезден жанына диқаншылық кәсібін серік етіп, күні бүгінге дейін талмай жалғастырып келе жатқан жайы бар. Алдыңғы жылы болса керек, өз иелігіндегі үш гектар жерге қарбыз өсіріп, оны Ресейге, қалғанын Тараз қаласының сауда орындарына өткізді. Адал еңбегінің жемісін көрген тәжірибелі диқан осы кәсібін биыл да жалғастырып, жасының ұлғайғанына қарамастан жерлестерінің ризашылығына бөленіп жүр. 

«Үйіргелік жерге көктем айында көкөніс көшеттерін еккен болатынбыз. Ауылдағы суармалы он гектар жерге сол көшеттерді отырғызып, баптап, өсірдік. Олардың ішінде 75 күнде пісетін әңгелек, қауын, қарбыздардың үш түрлі сұрпы да бар. Жас көшеттерді жылыжайда өсіріп, жетілдіріп алмасақ, Түлкібастың суықтау ауа райына бірден көндігіп кете алмайды. Өсіп жетілген әлгі көшеттердің бойы 10-15 сантиметрге жеткенде қондыруды бастадық. Оның үстіне бұл өңірге ағын су негізінен тау, бұлақ-бастаулардан ағып келетіндіктен, қолды қарып түсер мұздай су жас көшеттердің тамырына залал келтіреді, – дейді диқан.
Әрбір ісіне асқан ыждаһаттылықпен қарайтын Әжібай қария осындай қағидаттарды жақсы біледі. Көшеттерді  жауын-шашын, бұршақ  ұра қоймайтын мамыр айында отырғызу керектігін айтады. Жаңа көтеріліп келе жатқан жас өскіндерге табиғи тыңайтқыштарды ретімен қолданады. Бұл жақта түн салқын болғандықтан тек қана күндіз суарады екен. Осылайша тынымсыз  әрекет агрономиялық  талапқа сай күтіп-баптаудың арқасында өз нәтижесін бере бастады. 
Он гектар жерге егілген қауын-қарбыздың түсімі біз күткеннен де жоғары болып шыққанына қуаныштымын. Үш түрлі сұрыптан жайқалып өсіп шыққан қарбыздарымыз ауданымыздағы сауда орындарына түсіп, саудаланып жатыр. Тіпті, дәмі тіл үйіретін қарбызымызға  алдын-ала тапсырыс берушілер де көп. Бұл, әрине, қуанарлық  жағдай, –  дейді Әжібай қария тершіген маңдайын сүрте отырып.
Жаз бойы А.Асқаров атындағы жалпы орта мектебінің жоғары  сыныбында оқитын немересі Нұрқанат екеуі алқаптан аттап шықпапты. Биыл аталы-немерелі диқандар қастарына көмекшілер  алмаған. Отбасымен бірге тынбай тірлік етіп, көкөністердің бабын табуға тырысыпты. Осындай істің басы-қасында көмектесіп, әсіресе, ағын сумен және қосымша жұмыс күшімен (шабындық кезінде) қамтамасыз еткені үшін қария жергілікті әкімшіліктегі жігіттерге де дән риза.  
Әжібай ата диқаншылықпен қоса мал шаруашылығымен де айналысады. Еңбекқор қария кейбір жастардың жалқаулығын айтып, алтын уақытты текке өткізіп жүргендерін тілге тиек етті. «Қазіргі кезде диқаншылықпен түбегейлі айналысып жүрген жастар аз. Олар қызығушылық танытып, ақыл сұрап, алдымызға келіп жатса, біз үйретуден жалықпас едік. Бізді де қашанғы жүре береді дейсің?! Денсаулық сыр берсе, кәрілік күш алып бара жатса, қолдан күш кетсе, амал жоқ, бәрін де тастаймыз ғой. Әйтсе де, менің алға қойған мақсатым – жастарды диқаншылыққа баулу. Жастар маңдайы терлеп еңбек етсе, Жер-Ана берерінен танбайды. Өкінішке қарай, кейбіреулер Түлкібаста қауын-қарбыз өспейді деп жауын жаумай, су болып жүреді. Ал, біз болсақ «баптай білсең, жер жомарт» екенін дәлелдегіміз келеді. Бабын таба білсең, бізде қауын-қарбыз тұрмақ, тропикалық аймақта өсетін банан, ананасты  өсіруге де болатынын іс-жүзінде дәлелдеп береміз» дейді қимылы әбжіл, жүрісі ширақ Әжібай қария өзіне  сенімді түрде.
Әжекеңнің адал еңбегі аудан көлемінде орынды бағаланып жүр. Жылда аудан әкімдігі қоңыр күзде ұйымдастыратын «Алтын күз» байқауының әлденеше дүркін жеңімпазы атанып жүргені де баршаға аян. Биыл да осы байқаудың шын иесін табарына шүбәміз жоқ.  Өйткені, адал еңбек – шын бақыт екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрсетіп жүрген  Әжібай Сабуровтың кейінгі толқынды  Жер–Ананың тамырын дөп басатын  диқаншылыққа баулимын деген  талпынысы, еңбекке деген құлшынысы,  осы бағыттағы ширақ  іс-қимылы күнделікті өмірде айқын аңғарылып тұрғандай...

Орынтай  КӨМЕКОВ.
Түлкібас  ауданы.
Пікір қалдырыңыз