Сарыағашта жеміс өңдейтін заманауи кәсіпорындар салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кезекті кездесуі Сарыағаш ауданында жалғасты. Ел алдында есеп берген облыс басшысы биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылап, атқарылған жұмыстың мән-жайымен тұрғындарды таныстырды. Алға қойылған мақсат-міндеттермен бөлісіп, қолға алынатын жобаларға кеңінен тоқталып өтті.
– Сарыағаш – шекаралы аймақта орналасқан облысымыздың маңызды аудандарының бірі. Ауыл шаруашылығы қарқынды даму үстінде. Облыстағы жылыжайлардың 53 пайызы осы мекенде орналасқан. Біздің мақсатымыз – өңіріміздің әрбір тұрғынының өмір сүру деңгейін арттыру және қолайлы жағдай жасау. Бұл бағыттағы ұсыныстарыңыз біз үшін өте маңызды. Облысымыздың оңтүстік аудандарында 1 миллионға жуық тұрғын бар. Бірақ, бұл аймақтарда осы уақытқа дейін бірде-бір перинаталды орталық болмаған. Осыған орай Сарыағаш ауданынан перинаталды орталық салу бойынша сұрақ көтерілген болатын. Бұл бойынша Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берді. Сарыағаш қаласының аумағынан 8 гектар жер телімі бөлініп, жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Кейбір мәселелерді шешуде бюджеттен қаржы қарастыру үшін қосымша уақыт керек, бірақ олардың барлығы бақылауда тұр, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. 
Сарыағаш ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі биыл 6 айда 90 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 400 млн. теңгеге артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі былтыр 
7 млрд. теңгеден асты. Биыл жарты жылда 3 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды.
Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 62 пайызға өсті. Олармен өндірілген өнім көлемі өткен жылы 87 млрд. теңгені құрады. Биыл Сарыағаш ауданында қосымша 3,2 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді.
Аудан бюджетінің өзіндік кірістері былтыр 5 млрд. теңгеге жетті. Осы жылдың 6 айында өзіндік кірістер 3,5 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 13 пайызға өсті. 
Былтыр негізгі капиталға 27 млрд. теңге инвестиция бағытталған. Биыл 6 айда 12,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 52 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі есепті кезеңмен салыстырғанда 20 пайызға артып, биыл 6 айда 15 млрд. теңгеден асты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 11,2 млрд. теңгеге жетті.
– Жергілікті әкімдерге қоятын басты талаптарымның бірі – жаңа кәсіпорындар ашу, жаңа жұмыс орындарын құру, аймаққа инвестиция тарту. Мамыр айында облыстық делегациямен Қытай Халық Республикасына барып, бірнеше қаланың әлемге әйгілі ірі компанияларының жұмысымен таныстық. Іссапардың басты мақсаты – экономикалық дамуы бойынша тәжірибе алмасып, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру. Сарыағаш ауданындағы жылыжайларды, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін ескере отырып, жеміс-жидек өнімдерін кептіру, көкөністерді қайта өңдеу бағытын дамыту қажет. Осыған байланысты бірнеше аудан басшыларын Қытай мемлекетіне іссапарға жолдадым. Нәтижесінде «Damdes Agro» компаниясы қытайлықтармен келісім жасап, құны 4,6 млрд. теңгені құрайтын жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Ол жерде көкөніс мұздатқыш, жеміс-жидек өнімдерін кептіру, көкөністерді қайта өңдеу және орау материалдарын шығару цехтары ашылатын болады. 50 адам жұмыспен қамтылады. Облысымызда бизнесті қолдау үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Оларды тиімді пайдаланып, өндірісті кеңейтіп және жаңа өндіріс ошақтарын ашу қажет. Әкімдік сіздердің осы бағыттағы кез келген бастамаларыңызды қолдауға дайын. Көкөніс бағаларын маусымаралық кезеңде, яғни қысқы, көктемгі мезгілдерде тұрақтандыру мәселесі өзекті болып табылады. Облыста өнеркәсіптік көкөністерді сақтайтын қоймалар жоқ десек те болады. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет. Биыл Сарыағаш ауданында құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын 600 тонналық көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймасын іске қосу жоспарланып отыр. Аудандағы жеке кәсіпкер қойманың құрылысын аяқтап, мұздатқыштар орнату үстінде. Осының нәтижесінде көкөніс бағаларын маусымаралық кезеңде тұрақтандыруға болады, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. 
Сарыағаш ауданының шаруалары ауыл шаруашылығы өнімдерімен еліміздің басқа өңірлерін, шекаралас мемлекеттерді де қамтып отыр. Мұнда жыл басынан бері 38,5 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Биыл 71,5 мың гектар жерге егістік егілді. Сондай-ақ, 775 шаруа 1 алқаптан 2-3 өнім алу жобасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Тамшылатып суару жүйесі 1 786 гектарға енгізіліп, қарқынды баулардың көлемі 1 324 гектарға жетті.
Биыл мал шаруашылығы саласында 19 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Ағымдағы жылы «Бесқара» компаниясы 1,5 млрд. теңгені құрайтын 2 жобаны жүзеге асыруда. 
Ауданда ағын су мәселесі өзекті. Каналдардың су өткізу мүмкіндігін арттыру үшін 193 млн. теңге қаралып, ұзындығы 306 шақырымды құрайтын 6 канал күрделі жөндеуден өткізілмек. 
«Ауыл аманаты» жобасымен 
114 жоба бойынша құжаттары мақұлданып, 68 жобаға 406 млн. теңге несие берілді. Алдағы 3 жылда құны 33 млрд. теңгені құрайтын 96 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Жаңадан 2 мың жұмыс орны құрылатын болады. Нәтижесінде бюджетке қосымша 358 млн. теңге салық түседі деп күтілуде. Биыл 6 айда 2,9 млрд. теңгеге емдеу-сауықтыру кешені, көкөніс және жеміс-жидектер сақтау қоймасы, мейрамхана, тігін цехы, тауық сою бекеті, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жобалары іске қосылып, 141 жаңа жұмыс орны ашылды. 
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерде түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Жолдар жөнделіп, ішкі көшелер жаңартылды. Соңғы үш жылда тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 67 пайызға жетті. Тағы 5 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде жыл соңына дейін ауыз сумен қамтылу деңгейі 72 пайызға жетпек. Бұдан бөлек, биыл тағы 4 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстарына қаржы қаралып (669 млн. теңге), нысандар келесі жылы пайдалануға беріледі. 
Соңғы 3 жылда 13 елді мекен газға қосылып, қазіргі уақытта табиғи газбен 68 елді мекеннің 49-ы қамтылған. Биыл Жонарық елді мекеніне газ жеткізу үшін аудан бюджетінен 83,4 млн. теңге қаралды. 
Ауданда бірнеше жыл шешімін таппай, құрылысы аяқталмай қалған инфрақұрылым нысандары болған. Атап айтқанда, Береке елді мекеніндегі ауыз су жүйесі, Береке, Құлтума елді мекендерін газбен жабдықтау жүйесінің құрылысы, Жылға елді мекеніндегі 10 көшені абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары Сарыағаш қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлерге инженерлік инфрақұрылымдар салу жұмыстарына қажетті 347 млн. теңге толық қаралып, жұмыстар жалғасын тапты. 
Ауданның бірқатар елді мекендерін инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Дербісек елді мекенінде 70 гектар жерге, Қарабау елді мекенінде 27 гектарға электр желілері, ауыз су жүйелері салынуда. Одан бөлек, меморандумға тұру арқылы демеуші есебінен 6 елді мекенге инженерлік инфрақұрылымды өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. 
Сарыағаш ауданында желтоқсан айына дейін 3 мектептің құрылысы аяқталады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында былтыр 9 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 4 мектеп пайдалануға берілсе, 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары биыл аяқталады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша жалпы 
63 мектептің құрылысы жоспарланса, оның 10 мектебі Сарыағаш ауданында салынады. Бұл мектептер алдағы екі жылда пайдалануға беріледі. 
Денсаулық сақтау саласында ағымдағы жылы бірқатар нысандардың құрылысы жүргізілуде. Жаңатұрмыс, Қарақалпақ, Жонарық елді мекендерінде бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы былтыр басталып, биыл аяқталады. Жемісті, Тың елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы биыл басталатын болады. Одан бөлек, Қабланбек ауылдық аурухана бөлімшесі ғимаратына 101 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, «Балаларға арналған оңалту орталығы» ашылып, пайданалуға берілді. Сонымен қатар, 
1,6 млрд. теңгеге Сарыағаш аудандық орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 
Биыл Құрама және Жылға елді мекендерінде спорт кешенінің құрылысы басталды (жалпы құны 2,3 млрд. теңге, биыл 550 млн. теңге бөлінді). Мәдениет саласы бойынша Диханбаба ауылынан 200 орынды Мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы басталып, биыл пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ Қанағат елді мекенінен 150 орынды Мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы келесі жылы аяқталады.
«Еңбек» бағыты бойынша 3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды (1 080 тұрақты, 2 055 уақытша). Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 1 316 жұмыс орны ашылды.
– Құрметті жерлестер, өздеріңіз көріп отырғандай, барлық салада қарқынды жұмыстар атқарылуда. Біздің мақсатымыз – облысымыздың әрбір елді мекенін дамыту. Осыған орай назарды тек облыс орталығына ғана аудармай, қалған 16 аймақты да көркейту, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау біз үшін өте маңызды. Аудан әкімі өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін көтеруге бар күш-жігерін жұмсауы керек. Сарыағаш ауданында инвестиция тартып, жаңа кәсіпорындарды ашу үшін барлық мүмкіндіктер бар. Биыл облыстағы барлық ауданды бірнеше рет аралап, елді мекендерді абаттандыру бойынша жергілікті әкімдерге тапсырма берген болатынмын. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар қолға алынды. Оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Әрине, бұл жұмыстар – жергілікті биліктің басты міндеттерінің бірі. Дегенмен, ауданның бәсекеге қабілетті, дамыған, қауіпсіз әрі таза болуы барлығымызға қатысты. Сондықтан барлықтарыңызды, ауданды дамыту жолында аудан әкімімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын, – деді облыс әкімі. 
Тұрғындармен дидарласқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды елді мекендерді дамыту мен халықтың тұрмыс-тіршілігін арттыруға бағытталған игі істер жалғасын таба беретінін айтты. Сарыағаштықтардың барлық сауалдары мен ұсыныс-пікірлеріне жауап берді. Талап-тілегі мен өтініштерін тыңдады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз