Тасымалданған тамақтың тазалығына мән беріңіз

Қазір үйде отырып көңіліңіз қалаған тағамға тапсырыс бере аласыз. Тамақты тапсырыспен алып жеу, әсіресе, кешегі карантиннің кезінде қыза түсті. Қоғамдық тамақтану орындарында әзірленген дайын тағам түрлерін алдырып жегенде оның тазалығына, талапқа сай екендігіне де мән берген жөн.
Бүгінгідей аптап ыстықта тамақтардың тез бүлінетіні белгілі. Дайын болған тамақ межелі жеріне жеткенше оның айнып кетпеуін қатаң бақылау керек. Тапсырыс берілген тағамдарды тасымалдау, жеткізу барысында нені ескеру керек? Біріншіден, тағамнан уланудың алдын алудағы басты мәселенің бірі – жеке тұлға тапсырысы бойынша қоғамдық тамақтану орнында әзірленген дайын тағам өнімдерін аз уақыт ішінде тұтынушыға сапалы, органолептикалық құрамын сақтай отырып жеткізу. Ол үшін:
– қоғамдық тамақтану орнында әзірленген дайын тағам өнімдерін тұтынушыға жеткізушілер тамақ өнімдерін тасымалдауға арналған гастрономиялық термосыйымдылықтарды пайдалана отырып, тамақ өнімдерінің ластануын және органолептикалық қасиеттерінің өзгеруін, өнімнің қайталама ластануын болдырмайтын бір рет қолданылатын тұтыну қаптамасында (бір рет қолданылатын ыдыста) жүзеге асыруы;
– салат өнімдерінің, бірінші және екінші тағамдарды тұздықтармен байытуға жол берілмей, соустардың жеке тұтыну қаптамасында жеткізілуі;
– гастрономиялық термосыйымдылықтардың (изотермиялық контейнерлер, термоконтейнерлер, тоңазытқыш сөмкелерде) жуып-тазалауға төзімді материалдан болуы, мүмкіндігінше оның әрбірі жұмыс соңында тазалануы;
– жеткізушілердің медициналық тексеруден, гигиеналық оқытудан өткен, жұмысқа рұқсаты бар жеке медициналық кітапшасының болуы, тамақ өнімдерімен жанасуға арналған бір рет қолданылатын қолғап пен эпидемиологиялық ахуалға сай бір реттік бетпердемен қамтамасыз етілуі;
– терінің іріңді аурулары бар, іріңді, кесілген, күйген, терісі сыдырылған, сондай-ақ жоғары тыныс алу жолдарының ауруы бар, инфекциялық аурулармен ауыратын және инфекциялық ауруларға күдікті адамдардың дайын тағамды тасымалдауға жіберілмеуі;
– дайын тағам өнімдері салынған әрбір ыдыста өндірушінің аты мен мекенжайы, дайындалған күні мен уақыты, сақтау шарттары мен жарамдылық мерзімі көрсетілген таңбалау жапсырмасының болуы, тағамның тұтынушыға буып-түйілгеннен кейін бір сағаттан аспайтын уақыт ішінде жеткізілуі;
– әрбір тапсырыс тамақтану объектісінің есептік құжаттамасында қоғамдық тамақтану өнімінің атауын, дайындалған күні мен сағатын, таратудың (босатудың) аяқталу уақытын көрсете отырып, тіркелуі сияқты басты талаптарды сақтау тағамнан уланудың алдын алудың бірден-бір жолы болып табылады.

Алдарқұл АХМЕТОВ,
қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.



Пікір қалдырыңыз