Қазмұхаммед Құлетов – қоғам қайраткері

Кеңестік билік тұсында Қазақстанда 103 мың адам репрессияға ұшырап, 25 мыңнан аса адам атылған делінеді ескі деректерде. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 7 мың адам тұтқындалып, олардың 2,5 мыңы атылды. Өкінішке қарай, бұл тізім бүгінге дейін жалғасып, дерексіз кеткендердің құжаттары іздестіру барысында әлі де табылуда. 

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында ұлт мүддесін өзінің жеке мүддесінен жоғары қоя білген қазақ зиялылары мен саяси элитасы қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің көш басында тұрды. Олар ағартушылық, қоғамдық-саяси қызметімен қатар, қазақ мемлекетінің көп салалы экономикасын дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру, білімі мен мәдениетін өркендету сияқты көкейкесті мәселелерді ұлттық мүдде тұрғысынан шешу жолында бар күш-жігерлерін, өмірлерін арнады. Өкінішке қарай, ардақтыларымыздың ұлы мақсаттарын іс-жүзіне асыруына кеңестік саясат тосқауыл қойып, олар сталиндік қуғын-сүргіннің құрбанына айналды.
Тәуелсіздік жылдарында шынайы зерделене бастаған кең ауқымды тақырыптардың бірі – Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескен адамдардың, сондай-ақ, қызметтік, ғылыми, мәдени және басқа салалардағы идеялары үшін мемлекеттік қудалауға, қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың тарихы және олардың қоғамдық-саяси қызметі.
Солардың бірі – қоғам қайраткері, ұлт жанашыры, «Ақ жол» газетінің шығарушы редакторы – Құлетов Қазмұхаммед Кәрібайұлы. Ол қызметінің соңғы жылдарында отбасымен Шымкент қаласында тұрып, 1936 жылдың сәуір айынан 1937 жылдың 2 шілдесіне дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Осы тұста Қазмұхаммед Кәрібайұлы  өзі туралы 1935 жылы 27 қазанда жазылған өмірбаянынан деректер қалдырған.      
Құлетов Қазмұхаммед 1897 жылдың қазан айында Сырдария облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. Әкесі Кәрібай егіншілікпен айналысып, әр жылдары түрлі дақыл егіп, диқаншылық еткен. Еңбегінің өнімі ең көбі 2 пұтқа ғана жеткен. Малынан бір-екі жылқысы және 10-15 ұсақ бас болған. Кейде ол да болмаған екен. Кәрібай  бірнеше жыл өзбек саудагерінің қойын бағып, одан 100 басқа дейін ұсақ мал алып, отбасын асырауда сүтін пайдаланады.
Бала Қазмұхаммед сауатын ескі діни ілімдер беретін қазақ мектебінде ашып, 1909 жылдан жаңа әдістемедегі мектептерде оқиды. 1912 жылы орыс-қазақ училищесіне оқуға түседі. Училищені бітірген соң кедейдің баласы ретінде жоғарғы-бастауыш интернатына қабылданады. Онда үш жыл оқып, 3-сыныптан бастап интернаттан шығуға мәжбүр болады. Интернат жабылған соң төлеп оқитын қаражаттың жоқтығына байланысты оқуын жалғастыра алмайды. 
Кеңестік билік орныға бастаған тұста – 1918 жылдың басында Арал теңізі ауылына келіп, өнеркәсіп бөліміне алдымен регистратор, кейін есепші болып жұмысқа тұрады. Сол кезде Ембі маңындағы теміржолды күзету үшін Қызыл гвардия қатарына шақырылады. Ембіден оралған соң жергілікті Қызыл гвардия штабына қабылданып, сол жерде біраз уақыт қатардағы қызыл- әскер міндетін атқарады. 
Осы кезде кеңестік штабқа қатардағы құрамнан мүше болып, 1919 жылдың тамыз айында Кеңестердің уездік съезіне депутат болып сайланады.
1918 жылдың аяғында солшыл социал-революционерлер ұйымына кіреді. Ал, екі айдан кейін бірігу кезінде большевиктер партиясына өтіп, парткомда белсенді жұмыс атқарады. Қазалы аудандық большевиктік коммунистік партиясының (АКП(б)-ның) мұсылман секциясының төрағасы болып саяси қызметін бастайды. 
1919 жылы өткен уездік партия конференциясында уездік комитетке мүше болып сайланып, Қазалыда уездік комитеттің  хатшысы қызметін атқарады.  Келесі конференцияда партияның уездік комитеті төрағасының орынбасары және аудандық КП(б) уездік мұсылмандар бюросының төрағасы болып сайланады. Сонымен бірге уездік төтенше комиссия алқасының мүшесі қызметін де атқарады. 
1920 жылы уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланып, іс жүзінде жұмыста екі-үш ай төрағалық етеді. Содан Ташкент қаласына Сырдария облысының өлкелік революциялық комитетінің төрағасы қызметіне шақыртылады. Бұл қызметте 1921 жылға дейін болып, облыстық партия комитетіне қызметке ауысады. 1922 жылдың аяғында Қазалы қалалық атқару комитетінің төрағасы болып ауыстырылды. Осы аралықта, яғни 1920-1921 жылдары Ташкент қаласында «Ақ жол» газетінде редакторлық қызмет атқарады. Орталық Комитеттің Түркістан партиясына мүше болып сайланады.
Қоғам қайраткері Қазмұхаммед Кәрібайұлы расында өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, адал, парасатты тұлға болған. 
Қазалы уездік атқару комитетінде жұмыс істеген уақытта Түркістан Коммунистік Атқару Комитеті кеңесінің мүшесі ретінде екі шақырылымға қатысады. Түркістан таратылғаннан кейін өлкелік партия комитетінің мүшесі  ретінде Орынборға ауыстырылып, 1925 жылдың  25 мамырына дейін 5 ай қызмет етеді. 1925 жылдың мамыр-желтоқсан аралығында Шымкент қалалық губерниялық комитетінде меңгерушілік қызмет атқарады. 1925 жылдың аяғында партияның уездік комитетіне шақырылып, Орал губерниясының губерниялық прокуроры қызметіне тағайындалады.
1927 жылы қаңтарда жоғарғы заң курстарына іссапарға жіберілді. 1928 жылы оны бітіргеннен кейін Петропавл қаласына округ прокуроры болып барады.
1930 жылдың басында Үржар аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланады. Бұл қызметті аудан таратылғанға дейін атқарды. Округтер таратылғаннан кейін аудандық комитетке қайта шақырылды. 1930 жылдың қазанынан 1931 жылдың ақпанына дейін Шекара комиссиясының төрағасы қызметін атқарды. 1931 жылдың ақпан-тамыз айларында Үржар аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады.
1935 жылы тамызда Оңтүстік Қазақстан облысына шақырылып, мекеме таратылғанға дейін КазХлебЖив Союз (Казақстан астық және мал шаруашылығы кеңесі) депутаты болып жұмыс істейді. Бұл кеңес таратылған соң, 1932 жылдың шілдесіне дейін Заготскот (мал өнімдерін дайындау) кеңсесінің меңгерушісі қызметінде болады. 
1932 жылдың шілдесінен 1934 жылдың қаңтарына дейін Жоғарғы соттың  Қазақ бөлімшесінің төрағасы қызметін атқарды. 
1934 жылдың ақпан-мамыр айларында Казкрайсоюз (Қазақстан өлкелік кеңесі) төрағасының орынбасары қызметінде болды. 1934 жылдың мамырынан 1935 жылдың 1 маусымына дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық тұтынушылар одағы төрағасы қызметін атқарды. 1935 жылдың 1 тамызынан бастап Бүкілодақтық коммунистік партия (большевиктердің) облыстық комитетінің кеңестік сауда бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Өз қолымен жазылған бұл өмірбаянды Құлетов Қазмұхаммед сол кездердегі қызметтік қажеттілікке байланысты толтырған. 
1935 жылдың тамыз айынан Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған. 1937 жылы 2 шілдеде «халық жауы» ретінде Шымкент қаласындағы қазіргі Бекет батыр көшесіндегі үйінен  тұтқындалып, жазықсыз айыпталды. 
Қ.Құлетовтің бұдан былайғы тағдыры туралы деректерді Түркістан облыстық қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінде сақталған қызы Райхан  Құлетованың (Исаева) әкесі туралы естелігінен және әйелі Асьма Каримова-Кулетованың жұбайы туралы автобиографиясынан көруге болады. 
Райханның естелігі бойынша: 
«...Олар – НКВД-шылар үйімізге жарықтан қорқып, түн жамылып келді. Таң атқанша шкафтарды, үстелдерді тінтіп, ештеңе таппады. Әкем бізбен қоштасарда: «Мен кінәлі емеспін, көп кешікпей қайтып ораламын. Партия біздің адал екенімізді, кінәміздің жоқтығын анықтайды» деді. Бірақ, қайта оралмады, кездесуге де мүмкіндік берілген жоқ. Мойнына түскен қыл бұрау мен көрер қияметі осыдан басталды. 1937 жылғы 3 шілдеде «1922-1925 жылдары Кеңес өкіметіне қарсы топтарға мүше болған» деп партиядан шығарды. Тоғыз ай бойы камерада жалғыз ұстады, содан соңғы тағдырын көшпелі сот небәрі он бес минөтте шешті... 1938 жылғы 28 ақпанда (бір деректе 13 наурызда) атылғанын, неге екені түсініксіз бізден жасырды. Алматы Ішкі Істер бөлімінен «1945 жылғы 25 ақпанда жүрек талмасынан көз жұмды» деген хабар ғана алдық». Сотқа төрағалық еткен Горячев әкемді «Рысқұлов, Қожанов, Құлымбетов жетекшілік ететін ұйымның құрамында болғансың және қызмет бабын пайдаланып, Кеңес өкіметіне қарсы қастандық жұмыстарында белсенділік көрсеткенсің!» деп айыптаған. Сот ату жазасына кесіп, үкім сол күні орындалған. Қайда көмілгендігі жөнінде ақпарат жоқ. 
КСРО Жоғарғы Соты Әскери Алқасының 1958 жылы 29 наурыздағы шешімі бойынша Құлетов Қазмұхаммед Кәрібайұлының ісі қылмыстық құрамының  жоқтығына байланысты тоқтатылып, толық ақталды. 
Қазақ баспасөзінің дамуына ерекше еңбек сіңірген, елге қызмет етудің адалдық үлгісін көрсеткен, заң ғылымы саласында сүбелі еңбек еткен Қазмұхаммед Кәрібайұлы Құлетов сынды тарихи тұлғалардың қасіретті тағдырын, өнегелі өмір жолын, шығармашылық мұрасын зерттеу және оны кейінгі ұрпаққа насихаттау – зерттеушілер алдындағы міндет. 

Баршагүл ИСАБЕК,
 тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор 
міндетін атқарушы,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық
университеті басқарма мүшесі – Стратегиялық даму және әлеуметтік істер 
жөніндегі проректор.
Пікір қалдырыңыз