Бюджет қаражаты тексеру комиссиясының қатаң бақылауында
Жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды бюджет қаржысын тиімді пайдалану және игерілмей қалған қаражаттардың жай-жапсары жайлы жиын өткізген болатын. Әкім сол жиында бюджетті игере алмаған басшыларға қатаң шара көрілетінін ескерткен еді. Біз облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Әлімжан СИҚЫМБАЙДЫ әңгімеге тартып, осы мәселе жөнінде кеңірек айтып беруін өтінген едік.
– Әлімжан Игілікұлы, алдымен тексеру комиссиясының қызметі мен міндетіне тоқтала кетсек.
– «Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесі ҚР Президентінің 2011 жылғы 2 мамырдағы «Өңірлердегі сыртқы мемлекеттік бақылау органдарын жетілдіру туралы» Жарлығына сәйкес құрылған. Сол жылдың 21 шілдесінде «Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды. Соған сәйкес, ҚР Бюджет кодексіне және Тексеру комиссияларының қызметін реттеуші «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына тиісті өзгерістер енгізілді. Тексеру комиссиясының негізгі міндеті – жергiлiктi бюджеттiң атқарылуына, мемлекет және квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерiнiң пайдаланылуына жергiлiктi деңгейде сыртқы мемлекеттiк аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асыру. Сонымен қатар, ҚР бюджет, мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамалары және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуы, бюджет қаражатының, мемлекет және квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерiнiң пайдаланылуы саласындағы өзге де нормативтiк- құқықтық актiлерi талаптарының сақталуын бақылау. Жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын, аумақтарды дамыту бағдарламаларының және бюджеттiк бағдарламалардың іске асырылуын талдау мен бағалау да осы мекеменің міндеті. ҚР-ның 2015 жылғы 12 қарашадағы «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңының 48-бабында Тексеру комиссиясы мүшелерінің өкілеттіктері белгіленген. Атап айтқанда, олар Тексеру комиссиясының аудиторлық, сараптамалық-талдау, ақпараттық және өзге де қызметін ұйымдастырып, оны жүзеге асырады.
– Тексеру жұмыстары қандай тәртіппен жүргізіледі? 2022 жылы атқарылған нақты бір аудиторлық іс-шараны мысал ретінде атап өтіңізші.
– Мәселен, биыл менің жетекшілігіммен «Созақ ауданының жергілікті бюджетті тиімді жоспарлау және атқару, аумақты дамыту бағдарламасын және бюджеттік бағдарламаларды іске асыру, жергілікті бюджет қаражатын және мемлекет активтерін пайдаланылуына мемлекеттік аудит жүргізу» аудиторлық іс-шарасы жүргізілді. Шара барысында 26 аудит нысаны тексеріліп, мемлекеттік аудитпен қамтылған қаржы көлемі 12 млрд. 56 млн. 277 мың 400 теңгені құрады. Нәтижесінде, анықталған қаржы тәртібін бұзушылықтар көлемі 644 млн. 406 мың 700 теңгеге жетті. 43 рет ресімдерді орындау тәртібі бұзылған. Жалпы, өтелуге және қалпына келтірілуге жататын қаржы көлемі 644 млн. 406 мың 700 теңгені құраса, оның 643 млн. 764 мың 800 теңгесі қалпына келтіруге, ал, 641 900 теңгесі өтелуге жатады. Қазіргі уақытқа дейін барлығы 644 млн. 406 мың 700 теңге өтеліп, қалпына келтірілді. Сондай-ақ, аталған аудиторлық іс-шара қорытындысын негізге алып, ішкі мемлекеттік аудит департаментіне бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамаларды бұзу бойынша 11 материал жолданды. Сондай-ақ, заңбұзушылықтарға жол бергені үшін мекеме басшылары қатарындағы 23 лауазымды тұлғаға тәртіптік шара көрілді.
– Мұндай заңбұзушылықтардың жиірек орын алуына не себеп?
– Мәселен, жоғарыда атап өткен 26 объектінің 25-інде қаржы тәртібін бұзу жағдайлары орын алса, 21 нысанда 43 ресімдік бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде бухгалтерлік есепті жүргізу мен қаржылық есептілікті бұзу фактілері бойынша 9 мекемеде – 14, бюджет қаражатын және активтерді пайдалану кезіндегі бюджет заңнамасы және өзге де заңнама бұзушылықтары бойынша 16 мекемеде 29 заңбұзушылық орын алған. Мысалы, айлық жалақыны дұрыс есептемеу салдарынан 8 мекемеде – 277 100 теңге, қызметкерлердің іссапар шығындарын дұрыс есептемеу салдарынан 6 мекемеде 364 800 теңге қамтамасыз етілмеген. Заң бұзушылықтар мен кемшіліктердің негізгі себептерінің бірі ретінде бюджеттік қаржыларды пайдалану кезіндегі бюджет және өзге де заңнамалар, бухгалтерлік есептілікті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау тәртібінің талаптарының сақталмауын атап өтуге болады.
– Мемлекет басшысының пәрменімен Жоғары аудиторлық палата құрылды. Жаңа құрылымнан қандай нәтиже күтеміз?
– Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Есеп комитеті мен Тексеру комиссияларының құзіретін күшейтуді тапсырған болатын. Соған орай Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылды. Осы міндеттерді іске асыру үшін «ҚР Президенті туралы» және «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» екі Конституциялық заңға, сондай-ақ, 11 заң мен 2 Кодекске өзгертулер енгізілді. Өз кезегінде мемлекеттік аудит саласындағы бұл реформалар бюджеттің атқарылуын бақылауды одан сайын күшейтіп, мемлекет қазынасының тиімді пайдаланылуына септеседі деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Бауыржан ЕРМАН,
«Ontustik Qazaqstan».