Бұхар бұғылары көбейіп келеді

Арыс ауданындағы Шөгірлі тоғайына Түркістан-Сырдария ұлттық паркі арнайы қорық ұйымдастырып, мұнда тұқымы сиреп бара жатқан Бұхар бұғысы жіберілген еді. Қазір бұл жерде 9 Бұхар бұғысы тіршілік етуде. Олар көбейтіліп, жергілікті табиғатқа үйренген соң Сыр бойына жіберіледі.

15-20 жыл ғана өмір сүретін Бұхар бұғылары Қазақстанның және халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітаптарына» енгізілген.   Сондықтан Арыс аймағындағы 9 бұғы ерекше күтімге алынған. Оларды бұғышылар мен қарауылдан бөлек арнайы мал маманы қадағалап отыр. «Сырдария-Түркістан МӨТП» КММ Сырдария филиалының аң қорғау инженері Ербол Шәріпбеков жануарлардың қазіргі күтімі жақсы екенін айтады.
«Қорық аумағындағы 20 гектар жер үш метрлік темірмен қоршалған. Одан бұғылар өтіп кете алмайды. 4 аналық бұғының біреуі жақында төлдеді. Қазір енесі мен төлін арнайы мамандар қадағалап отыр. Алматыдан, Түркістаннан келген жануарлар мұнда тез жерсініп үлгерді. Оларға рационмен жем-шөбі уақытында беріліп отырады және табиғи шөппен қоректенеді. Алдағы уақытта бұғыларды тағы да төлдейді деп күтіп отырмыз» дейді ол.
Бұхар бұғысы Алматы облысындағы Балқаш ауданының аумағында көп. 1981 жылы Алматы облысының Іле өзені бойында орналасқан «Қарашеңгел» аң аулау мемлекеттік шаруашылығына Тәжік­­станнан 22 Бұхар бұғысы әкелінген. Екі мыңыншы жылдардың басында олардың саны 300-ден асты.
Айта кетейік, бұғының бұл ерекше түрі ғылым тілінде «Бұхар бұғысы» (Cervus elaphus bactrianus) деп аталғанымен, одан бөлек «Хангүл», «Су бұғысы», «Тоғай бұғысы» деп те айтыла береді. Бүгінде олар Отырар ауданынан бастап, Қызылорда облысының Шиелі және Жаңақорған аудандары аумағына дейінгі алқапта мекендейді.  

Пікір қалдырыңыз