Эрмитажда тайқазанмен суретке түскен

Жақында Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Әмір Темір заманынан қалған құнды жәдігерлердің бірі тайқазанның тарихи отанына оралғанына 33 жыл толуына орай ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Онда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кіре берісіне тайқазанның тарихына қатысты мұрағаттық құжаттар мен суреттер қойылып, келушілердің назарына ұсынылды. Солардың арасынан мені мына бір мәлімет елең еткізді. 

Ресей федерациясы Орынбор қаласының тұрғыны Альфира Сүлейманова (Жапарова) осыдан 58 жыл бұрын Эрмитажда Тайқазанның жанында тұрып суретке түскен екен. 
Тарихтан білетініміздей, 1935 жылы тайқазан Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында өтетін Иран шеберлерінің ІІІ халықаралық конференциясына үш айға жіберілген болатын. Содан араға 54 жыл салып, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегінде Түркістанға қайта әкелінді. 
2019 жылдың наурыз айында Альфира Сулейманова кесенеге зиярат еткенінде өзімен бірге осы суретті ала келіп, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлеріне тапсырыпты.  
– Альфира Абдуллақызы 1938 жылы дүниеге келген. 1953 жылы Ресейге қоныс аударғанға дейін Түркістан қаласында тұрған екен. Содан болса керек, ол балалық шағы өткен қаланың тарихына және Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сол уақыттағы жай-күйіне қатысты көп мағлұмат білетінін аңғартты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тайқазанның Ленинград қаласына әкелінгені туралы хабарды естігеннен кейін 1964 жылы Эрмитаждағы жәдігерімізді көруге барыпты. Альфира Абдуллақызы бізбен кездескенінде сол сапары жайлы өзінің қызықты естеліктерімен бөлісті» дейді аталмыш музей қызметкерлері. 

Дилара БИМЕНОВА.

Пікір қалдырыңыз