Шешуші кезеңде белсенділік керек

Заман ағамына қарай қоғам да өзгеріп отырады. Халықтың бүгінгі белсенділігінің арқасында ел ескі сүрлеуден арылып, жаңа жүйеге қадам басып отыр. Көпшіліктің көкейіндегі мәселелер де су бетіне қалқып шығып, оны шешу жолдары қарастырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кешегі Жолдауында да негізінен елдегі ең өзекті мәселелер назарға алынып, оны шешудің оңтайлы жолдары көрсетілген. 
Иә, саяси сарапшылардың пайымдауынша, алдағы бір-екі жыл саяси тұрғыдан біраз өзгерістерге толы болмақ. Ол тіпті, биылғы күзде өтетін Президент сайлауының қарсаңында-ақ қыза түсетін сияқты. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс сайлауы өтеді. Мемлекеттік мүддені бәрінен жоғары қоятын Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің өкілеттік мерзімін қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол президенттікті жеті жылдан тұратын бір мерзіммен шектеуді ұсынып, бұл ұсынысты күздегі Президент сайлауынан кейін Парламентке жолдайтынын жеткізді. Ұсыныс жүзеге асса, болашақта Қазақстанда бір адам екінші рет Президент болып сайлана алмайды. 
Келесі жылы жүзеге асырылатын тағы бір саяси науқан – Мәжіліс сайлауы өтпек. Саясаткерлер бұл сайлауда конституциялық реформалардан кейін тіркелетін саяси партиялар саны артып, бәсеке күшейеді деп күтіп отыр. Демек, бұл доданың да дүбірі біраз қыза түседі деген сөз. 
Жолдауда қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жарияланатыны айтылды. Бұл мәселеге байланысты таяуда тергеу аяқталып, сол күндері қайтыс болғандардың толық тізімі жарияланған болатын. Сот ашық әрі әділ өтіп, халыққа қарсы шабуылдар мен жантүршігерлік қылмыстардың шынайы ұйымдастырушылары мен орындаушылары белгілі болады деп сенеміз.
Соңғы кезде жиі айтылған мәселенің бірі әйелдердің зейнет жасының 58 жастан 63 жасқа көтерілгені еді. Ел билігі әйелдердің зейнетке шығу жасын 2018 жылдан бері жыл сайын алты айға өсіріп келеді. Бастапқы жоспар бойынша 2027 жылға дейін бұл меже 63-ке келіп тоқтауы керек еді.
Бүгінде елде әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендетуді талап етушілер қатары көбейіп отыр. Осыны ескерген Мемлекет басшысы әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас межесінде қалатынын мәлімдеді. Қазақстан Президенті сонымен қатар, «Ұлттық қор – балаларға» деген бағдарлама ұсынды. «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады» деген Қасым-Жомарт Кемел-ұлы бұл жобаның 2024 жылы 1 қаңтарда іске қосылатынын да нақтылап өтті. 
Сондай-ақ, ол Қазақстанға утилизациялық алымсыз әкелініп, тіркеуден өтпей жүрген шетелдік көліктерді заңдастыруды ұсынды. Бұл өзгеріс елге 1 қыркүйекке дейін кіргізілген көліктерді қамтиды. 
Президент сонымен қатар, кәсіпкерлер үшін салық саясатын жақсартуды ұсынды. Жолдауда айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін қоғам болып атсалысқан жөн. Яғни қысқаша айтқанда, бұл кезеңнің Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызы зор. Ендеше, шешуші кезеңде үлкен-кіші демей, бәріміз де белсенділік танытуымыз керек. 

Әділхан АСАУОВ,
«Аманат» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы. 

Пікір қалдырыңыз