Сексеуіл – шөл даланың падишасы

Әрбір адам табиғатты өзі үшін де, келешек ұрпағы үшін де қорғауға міндетті. Өйткені, адамзаттың табиғатсыз күні жоқ. Еліміздегі жалпы орман қорының 50%-дан астамын сексеуіл ағаштары құрайды. Сексеуіл – құмды шөлдің қорғаны, ол құмды бекітіп ұстап тұрады. Сексеуіл — ағаш тұқымдас өсімдік. Орталық Азия мен араб елдерінде онға жуық түрі болса, біздің елімізде ақ, қара және зайсан сексеуіл деген үш түрі кездеседі. Ақ сексеуіл құмды төбелерде, қарасы тегіс жазықтарда өседі. Оның тамыры 10-11 метр тереңдікке дейін кетеді. Оларға баяу бой көтерер кірпияздық тән, жиырма бес жылда 1,5-2 метрге дейін өседі, тіпті бұтақтарының биіктігі 5 метрге дейін өсетіндері де кездеседі. Ал, қарасы ақ сексеуілге қарағанда жуандау әрі ірі келеді, биіктігі 7 метрге дейін жетеді. Тамырын тереңге жаяды. Осы екеуіне тән ерекшеліктер зайсан сексеуілінде де бар. Осы сексеуіл ағашын өсірумен айналысатын облысымыздың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының үш орман шаруашылығы бар. Солардың бірі – ­ Созақ ормандар және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі.

Кейбір сексеуіл жаңбырсыз, қуаңшылық болған жылдары көктемде көктемей қалады. Сексеуіл ағашының көктейтін кезі – наурыз айының аяғы, сәуір айының басында ауа райының жылынып, шөптің көктей бастаған кезінде басталады. Сексеуіл ағашы гүлінің тозаңдануы  жел арқылы жүреді. 165­-170 күннен кейін сексеуіл тұқым бере бастайды. Қазан айының 5-20-шы жұлдызы аралығында сексеуіл тұқымын жинау жұмысы басталады. Одан кешіксе тұқым желмен ұшып кетеді. Жиналған тұқымды тазалап, кептіріп, себуге дайындайды. Белгіленген жерді алдымен жыртып, тырмалап алып, алғашқы қар түсердің алдында шамамен қараша айының 15-­нен қалдырмай 2-3 см  тереңдікке себеді, үстінен қайта тырмалап өтеді. Тұқым қыстай қар астында жатады, көктемде сол себілген тұқымның көктеп шығуын бақылаймыз. Көктемде тұқымның көктеп шығуы алғашқы кезде жаман болмайды, шамамен 55-60%-дай көктеп шығады. Көктемде, жазда ауа райы ылғалды, жаңбырлы болса жақсы шығады.
Өрттің тілсіз жау екенін және өрттің орасан зор шығындарға батыратыны баршаға белгілі. Орман-тоғайларда өрт орын алса, оңайлықпен сөнбейді, айналасындағы бірнеше метр жерге дейінгі өсімдік ағаштарын, аң-құстардың ұяларын жояды. Сол себепті табиғат берген байлықты сақтап, орман қорын көздің қарашығындай сақтауға баршамыз атсалысуымыз керек.                                                  

Нұрболат Бисүгіров,
 Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі 
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орманшы-қорықшысы.

2 пікір

  • Батырбек Аягөз
    Батырбек Аягөз

    Негізі қазақ даласы сексеуілге бай екен .Қазақ даласының керемет жерлері білдік .

  • Батырбек Аягөз
    Батырбек Аягөз

    Негізі қазақ даласының сексеуі ағашымен бай екенің білдік.Қазақ даласы табиғатты аяласа үлкен дүнелерге жеттеміз.Мен осы мәтінді оқып отыра көптеген мәліметтерді алдым .Осындай мәліметтер жастарға керек екен.

Пікір қалдырыңыз