Қазығұртта қызу жұмыс...

Қазығұрт ауданында биыл 45 318,8 гектар алқапқа астық егілді. Оның 39 940,6 гектарына бидай егілген болса, 5 378,2 гектары – арпа. Қазіргі таңда астықтың 16 281,4 гектары орылды. Яғни 14380 гектар жердің бидайы мен 1 901,4 гектардың арпасы жиналып үлгерді. 

Соңғы жылдары шаруалар жаңа инновациялық агротехникалық әдісті қолдана бастады. Жерді жыртпай тікелей дақылды тікелей егудің тиімді тұстары көп. Жаңа жүйемен жұмыс істей бастаған аудандағы «Сапа–2002» ЖШС төрт жылдан бері нольдік технологиямен жұмыс істеп келеді. Бұл тәжірибені алғашқылардың бірі болып Қазығұрт ауданында қолға алған «Тілеуберді» шаруа қожалығы бүгінде құны 30 миллион теңгелік итальян құрылғысын іске қосқан. Ал, «Үшбастау» өндірістік кооперативі мен «Сапар» шаруа қожалығы бразилиялық дән сепкішті пайдаланып келеді.  Жалпы айтқанда, ауданда Шарбұлақ, Қ.Әбдәлиев, Тұрбат, Қызылқия, Шанақ ауылдық округтері жаңа технологиямен жұмыс істеуде.
Аудандағы «Сапа», «Аманкелді», «Қарабау» серіктестіктері ірі тұқым шаруашылықтары болып есептеледі. Олар жоғары сапалы «Красноводопадская-210», «Стекловидная-24», арпа дақылының «Бәйшешек» сорттарын өндіріп, шаруаларға ұсынады.
Жылдағы дәстүрге сай бүгінде аудан еңбеккерлері қызыл дәнді қоймаға бастырып жатыр. Топырағы құнарлы таулы аймақтағы С.Рақымов ауылдық округіндегі «Бөденбай баба» ЖШС биылғы көктем жаңбырлы болуына байланысты дәнді жылдағыдан кештеу еккен екен. Әйтсе де, агротехникалық талаптарды сақтап, күтімі жақсы болған соң өнімнің шығымы жаман болған жоқ. Бес жүз гектар алқапқа егістік салған серіктестік таяу уақытта өткен жылғы межені орындайтынына сенімді.
 «Былтыр мың гектарға жуық егін ектік. Елде қуаңшылық болып, өнімдеріміз күйіп кетті. Биылғы өнім жаман емес, әзірге бидай түсімі   гектарына 14-15 центнерден айналуда» дейді серіктестік жетекшісі Ертуған Бөденбаев.
Серіктестік 2003 жылы құрылған болатын. О баста бар болғаны 16 мүшесі болған ұжымның жұмысы уақыт өте келе бір арнаға түсті. Бүгінде мұнда 65 адам тұрақты жұмыс істейді. Өз күшіне сеніп, маңдай терін төгіп, мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етіп жүрген серіктестік мүшелері осынау шілденің шіліңгір ыстығында да уақытпен санаспай еңбек етуде. Қазір ұжымның техникалары жаңарған, астық қоятын арнайы алаңдары да бар.

Ажар БЕРМҰХАНОВА.  Қазығұрт ауданы.                     
Пікір қалдырыңыз