Бірінші орым аяқталды
Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».
«Қыстың қамын жаз ойла» дегенді қазақ бекер айтпаса керек. Бүгінде ауыл жұрты үшін жауапты кезең болып табылатын қысқы мал азығын дайындау науқаны жүріп жатыр. Биыл да шаруалар қыстың қамына ерте кірісіп, ауа райының қолайлы уақытын тиімді пайдалануда.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 851 мың гектарға егіліп, көктемгі дала жұмыстары толығымен аяқталған. Егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде биыл мал азығы дақылдарының көлемі 5,5 мың гектарға артып, 227,5 мың гектарға егілді. Оның ішінде 298,2 мың гектарға дәнді дақылдар, 44,5 мың гектарға жүгері, 201,2 мың гектарға бидай, 47,4 мың гектарға арпа егілді. Егіс науқанына 12,2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникалары тартылды.
Сондай-ақ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан дала жұмыстарына 1672 агроқұрылымға 5,3 млрд. теңге несие берілді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облысқа төмендетілген бағамен 47,9 мың тонна дизель отыны бөлінген. Оның әр литрі 193-195 теңгеден босатылды.
Бүгінгі күнге жарты млн. тонна мал азығы, оның ішінде пішен (сенаж) – 23,2 мың тонна, шөп – 119,3 мың тонна, жоңышқа 328,7 мың тонна дайындалды. Облыс бойынша 784,9 мың тонна жем қажет болса, ол қазірге дейін 82 пайызға қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, облыста егістік алқап басынан шөптің бір орамы 350-400 теңгеден, жоңышқа 500-700 теңгеден сатылуда. Биыл «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ арқылы
облысқа алынатын 34,4 мың тонна бидайдан алынатын 9,3 мың тонна кебек агроқұрылымдарға арзандатылған бағамен, келісі 65 теңгеден сатылуда.
Міне, осылайша, мал азығын дайындау жұмыстары өңірде қызу жүріп жатыр. Ауа райының ашық күндерінде шөпті шауып, оның нәрі жойылып кетпей тұрғанда жинап алу үшін жанталасып жұмыс істеп жатқан шаруалардың ерен еңбегін қалай мақтасақ та жарасады. Қалай болғанда да берекелі жаздың қолайлы күндерін тиімді пайдаланып қалуға асыққан еңбек адамдары дала жұмыстарының көрігін қыздырып-ақ жатыр.