Рәміздерді құрметтеу – елді құрметтеу

Мемлекет өмірінің идеологиялық өзегінің алтын тіні Мемлекеттік рәміздер екені айтпаса да түсінікті. Биыл еліміздің Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Мемлекеттік рәміз – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын, мемлекетіміздің өткені мен бүгіні, болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын жеткізетін құнды белгі. Ол халқымыздың тарихы мен тағдырын, ұлы мақсаттарға ұмтылысын білдіреді. Осы Мемлекеттік рәміздерді өскелең ұрпақ арасында қаншалықты насихаттай алып жүрміз? Бүгінгі жастар рәміздердің қадір-қасиетін біле ме? Осы сұрақтар төңірегінде сауалнама жүргізген едік.
Перизат ТӨЛЕГЕНОВА, мұғалім:
– Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамайтын атрибуттарының бірі. Біздің ұлттық Туымыз бүгінде БҰҰ штаб-пәтерінің төбесінде желбіреп, Әнұранымыз Олимпиадада және басқа да халықаралық жарыстарда шырқалады. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Мемлекеттік рәміздер – біздің сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағлымды тарихымыздың шынайы көрінісі. Оның мазмұнды нышандары кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр. Рәміздердегі нышандар арқылы қазақстандық қоғамның әлем алдындағы бейнесі қалыптасады. Рәміздерге деген құрмет – азаматтардың өз елінің азаматы екендіктерін қаншалықты деңгейде түйсінуінің, ел болашағына деген сенімінің және патриоттық сезімдерінің өлшемі.
Бүкілхалықтық сипатқа ие болған бұл мереке баршамызды бұрынғыдан да біріктіре түседі, ұлттық сананы қалыптастырады, патриоттық сезімді оятады. Тәуелсіздікке қол жеткізу тарихында төл рәміздеріміз дүниеге келген сәт – ерекше орын алады. Мемлекеттік рәміздер тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы, ізгі сезімдерді адамдардың жан дүниесіне сіңіруге қызмет етеді. Қыран бейнелі көк Туымыз, басқаға ұқсамайтын шаңырақ шырайлы шын дара Елтаңбамыз, Әнұранымыздың әсем әуені мен әдемі мәтіні тәуелсіз еліміздің атынан әлем алдында сөйлейтін ресми белгіге айналып келеді.
Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет жастар арасында да жоғары деп есептеймін. Оларға мектеп кезінен Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау үйретіледі. Рәміздердің шығу тарихы, олардың авторы жайлы мағлұматтар беріледі. Өзін елінің шынайы патриотымын деп есептейтін әрбір азаматтың Мемлекеттік рәміздерге құрметі жоғары болуы қажет. Рәміздерді құрметтеу – елді құрметтеу.
Аружан ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
студент:
– Қазақстан – Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен асқақ. Біз Тәуелсіздік тәбәрігін де, азаттық рухын да, ел дамуының екпінін де, биік меже, асқақ армандарымыздың өлшемін де осы үш киеміз арқылы танимыз. Танытамыз! Көк Туымыз – рухтың байрағы, Елтаңбамыз – елдіктің нышаны, Әнұранымыз – еркіндіктің асқақ үні!
Еліміздегі спортшылар байрақты бәсекелерде көк Туымызды әлем елдерінің алдына жоғары көтеруді мақсат етеді. Талайы халықаралық ірі жарыстарда, әлем, құрлық чемпионаттарында, Олимпиада ойындарында ел мерейін үстем етіп, мемлекеттік нышанымыздың төрден табылуына себепкер болады. Бұл – біз үшін үлкен
мақтаныш.
Алайда, осы тұста айта кетерлік бір жайт бар. Мәселен, АҚШ-та мемлекеттік туға деген көзқарас ерекше. Оларда тулары киімдеріне, көлігіне, ыдыс-аяқтарына дейін бейнеленген. Фильмдерін қарап отырсаңыз да әйтеуір бір тұстан АҚШ туын көріп қаласыз. Кино да идеологияның бір құралы ғой.
Ал, бізде мүлдем басқа принциптер қалыптасқан. Мемлекеттік туды Тәуелсіздік күнінде ғана көп көреміз. Сосын мемлекеттік мекемелерде ілініп тұрғанын ғана байқаймыз. Яғни күнделікті өмірімізге сіңіспеген. АҚШ пен Қазақстанның менталитеті екі бөлек болғанымен, мемлекеттік мәселеге келгенде принциптері ортақ болуы қажет қой. Түптеп келгенде, Мемлекеттік рәміздер елдіктің, егемендіктің жарқын нышаны болуы керек.
Оспан ЖҮСІПОВ, облыстық жастар ресурстық орталығының
маманы:
– Мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Қазақстан да өз егемендігін жариялаған кезде оны ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәртібінде Мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды.
Біздің елімізде термин сөздердің қазақ тілінде пайдалануына баса назар аударылды. Соның нәтижесінде «елтаңба», «әнұран», «рәміз» сөздері бүгінде кеңінен қолданылып жүр. Содан бергі кезеңде Қазақстанның мемлекеттік Туы Олимпиадалар мен түрлі халықаралық спорт жарыстарында талай мәрте желбіреді, Әнұранымыз да талай мәрте ойналды. Аспан түстес Туымыз ғаламшардың ең биік шыңдарына да, Арктика мен Антарктидаға да, тіпті ғарышқа да тігілді.
Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені, онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Әнұраны мәтінін білмейтін жан кемде-кем. Ол насихаттың жемісі десек, қателеспейміз.
Рәміздер балабақшаларда да, мектептерде де, жоғары оқу орындарында да, мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында да көрнекті орындарға орналастырылған. Және солай болуға тиіс те.
Сауалнаманы жүргізген
Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».