«Сақалды құрылыста» сең қалай қозғалады?

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Бүгінде «Мақтаарал кірпіш зауыты» ЖШС-ға жетекшілік ететін Нұрділлә Қалисаевы былайғы ел кәнігі кәсіпкер ғана емес, тәжірибелі құрылысшы ретінде де таниды. Жастайынан құрылыс саласына қызығып өскен ол өзінің саналы ғұмырында көптеген нысандардың негізін қалап, қаншама үйлерді пайдалануға берді. Білікті басшы ретінде де зор құрметке бөленді. Іріленген Мақтаарал ауданының құрылыс бөліміне басшылық етіп жүрген жылдары тек сол бір ауданның өзінде қырықтан астам мектеп, балабақшаның құрылысын жүргізіп, ғасырға жуық тарихы бар ауданда бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізді. Одан кейінгі жылдары Сарыағашқа ауысып, ол жерде де өзінің іскерлігін көрсете білді.
Жалпы, адам баласы өзінің жан-дүниесі қалаған кәсіппен айналысса ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізетіні белгілі. Құрметті құрылысшы атанған Қалисаевтың толағай табыстарды еңсеруінің ар жағында бала кезден көрген-білгендері мен көңілге түйгендері себеп болса керек. Ал, көшбасшылық қабілеті арғы атасы Қалисаның қанынан дарыған деседі.
Тарқатып айтсақ, Нұрділлә Қалисаевтың кіндік қаны өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында сонау Түркіменстанның Көне Үргеніш қаласында тамып еді. Оның да өзіндік тарихы бар. Кезінде бабасы Қалисаны тағдыр солай қарай айдап барған екен. Отызыншы жылдары Кеңес өкіметінің өктем саясаты Маңғыстау қазақтарының наразылығын тудырып, жаппай бас көтереді. Алайда, өкімет бұл көтерілісті аяусыз басып, жергілікті халық ата жұртын тастап көрші мемлекеттерден пана іздеуге мәжбүр болады. Сонда әділетсіздікке қарсы бас көтергендердің бірі ретінде Қалиса да жасына жетпеген ұлы Малбағарды алып Түркіменстанды паналайды. Абыз Әбіш Кекілбаев айтатын «Қазақ даласына бір зобалаңнан кейін бір зобалаң тап болып, айрықша қасастықтан көз аша алмаған қытымыр заманда дүниеге келіп, көз ашқан осы бір ұрпақ қандай қайсар еді» деген сөз осы Малбағар бабаларға қаратып айтылғандай.
Шынында да, Малбағар Қалисаұлы да сол қайсар ұрпақ қатарына жататын. Қайсарлығы емес пе, күн көрудің өзі қиын болып тұрған күрделі кезеңде бөтен ел, бөтен жерде жүріп Чарджоу мемлекеттік пединститутының математика факультетіне оқуға түсіп, үздік бітіреді. Тіпті, сол жақта мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болады. Сонда үйленіп, сегіз ұл-қыз тәрбиелейді. Соның бесіншісі – Нұрділлә. Кейіннен бір топ ағайынымен туған елі Қазақстанға, Мырзашөлге қоныс аударады. Бұл өңір енді игеріле бастаған құрылыстың қайнаған ортасы болатын. Бала Нұрділлә балаң қиялға беріліп, төбесі көк тіреген алып крандарға қызыға қарайды. Өскенде құрылысшы болып, осындай әсем құрылыстар салуды армандайды. Сол арман оны мектеп бітірген соң Шымкент химия-технология институтының құрылысшы-инженер факультетіне жетеледі. Оқуды үздік бітірген соң алғашқы еңбек жолын «Колхозаралық құрылыс» мекемесінде прораб болып бастайды. Жұмысқа жан-тәнімен берілген жас маман учаске бастығы, бас инженер сияқты қызметтік баспалдақтардан өтеді. Кейіннен мекеме басшысы Ережеп Қанаев ауатком төрағасы болып сайланады да, отыздың үстіндегі Нұрділлә оның орнына бастықтың міндетін атқарушы болады.
Тәуелсіздіктің елең-алаңында көптеген мекемелер тоқырауға ұшырып, елді жұмыссыздық жайлаған кезде де
Н.Қалисаев сынды мамандар елдің кәдесіне жарап жүрді. Өзінің бұрынғы бастығы Ережеп Қанаев «Мақтаарал мақта өңдеу зауыты» АҚ-ға бастық болып келген соң мұны зауыттың құрылыс саласына жауапты етіп бекітті. Тәжірибесі толыққан оны Алматыға да шақырды. Бірер жыл сонда болып, «Қуат» корпорациясының негізін қалады. Шымкент қаласынан екі қыш зауытының іргесін қалап, іске қосты. Қай жерге барса да жұмысты жандандырып жіберетін оны Мақтаарал ауданының сол кездегі әкімі Қасымбек Хаметов құрылыс бөлімін басқаруға шақырды. Жаңа жоғарыда айтқан қырықтан астам білім ошағы осы жылдардан бастап салына бастады. Одан кейін ауданға іскерлігімен құрметке бөленген Серік Тұрбеков әкім болып келеді де, құрылыс жұмыстары тіпті қыза түседі. Іріленген Мақтаарал ауданындағы көптеген ауылдарға табиғи газ тартылып, ауыз су жүйелері іске қосылды. Сол жылдары аудандық газеттің бас редакторы болған Жолбарыс Тілеуұлы өз жазбасында мынадай естеліктер айтады. «...біздің айқын көзіміз жеткені – ол мінездің адамы екен. Айтқанын орындамай қоймайтын намысқойлығы тағы бар. Ол қызметке келгенде Жетісай қаласында біраз жылдан бері бітпей тұрған 1176 орынды мектеп бар еді. Мердігер ақшаны бөлдіріп, «жеп» кеткен. Сол жылдары жұмысын шала-шарпы істеп, сазға отырғызып кететіндер көбейіп тұрған бей-берекет заман еді ғой. Онда да «көкесі» көк тірегендермен соттасып, абырой табу қиын. Ал, біреуден қалған «мұраны» аяғына жеткізу жаңадан келген құрылыс бөлімінің басшысына жүктелді. Жаңадан келген әкім Серік Тұрбековке жағдайды түсіндіріп, көп қаржы керек екенін айтқан.
Жақында облыс басшысы ауданға келеді. Сол кісіге көрсетіп, түсіндіріп көрейік, – деп басу айтты жаңа әкім. Бірақ, нәтиже олар ойлағандай болмай шықты.
Құрылыс сендердікі, кінәлілерді табыңдар, өндіріңдер, әрекет етіңдер. Менің бір жерге екі рет беретін қаржым жоқ, – деп өңір басшысы қысқа қайырды. – Бір білетінім, бұл құрылыс биыл бітпейді, мына түрлеріңмен бітіре алмайсыңдар-ау, – деп сынай қарады.
Бұл сын бөлім басшысының намысын қамшыласа керек, қалай да бітіруге уәде береді. Кінәлілерді іздеп, соттасып жүруге уақыт тығыз. Не істеу керек? Нұрекең өзінің қалталы достарын, әріптестерін асарға шақырды. Бала кезінде Қалиса атасы осылай елді асарлатып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға баспана салып бергені бар. Бірақ, бұл салайын деп жатқаны жетім-жесірге пана болатын жатаған үй емес, білдей бір ауданның бетке тұтар білім ошағы... Тәуекелі бар адамға ол жағы тосқауыл бола алмады, білек сыбанып кірескен соң қойсын ба, көп ұзамай «сақалды құрылыста» сең қозғала бастады. Жыл соңында облыс басшылары жаңа мектепті ашуға келіп, алып нысанның асармен біткенін көріп, ризашылықтарын білдіріп еді».
Мұндай сақалды құрылыс мұнымен бітпейді екен. Қарақай ауылдық округіндегі мектеп те, Мырзакенттегі ауыз су жүйесі де құжат бойынша «қанттай» болғанымен, шын мәнінде ахуалынан адам шошиды. Сірә, сол жылдары бұл саланы ақша «жейтін» айдаһар басқарған-ау, әйтпесе мемлекеттің миллиондаған ақшасының түбіне су құйғандар...
Жомарт жүректі, мәрт мінезді Нұрділлә Қалисаевтың қолға алуымен оңтайлы шешілген шаруа көп. Журналист Жолбарыс Тілеуұлының сөзімен айтқанда, оны санап тауысу мүмкін емес. «Бұл өңір атақты Жиделі-Байсын жерінің бір пұшпағы деп есептеледі, – дейді Жолбарыс аға. – Бір дәуірлерде осы өңірде аңыз бен ақиқат болып сан ұлттың санасына сіңген, талай ұрпақты өзіне табындырған, елдікке, ерлікке үндеген атақты Алпамыс атамыз өмір сүргені тарихтан белгілі. Көпшілік батыр бабаның айбынды ескерткішін орнатқысы келеді. Бірақ, ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайы изгі ниетке тұсау болып, уәде созылыңқырап кетеді. Елді игі істерге бастап жүрген Серік Тұрбеков тағы да құрылыс бөлімі басшысына ұсыныс жасайды.
Көптің тірлігі бәрімізге міндет, ата – ортақ, әруақ ортақ, қолдан келгенше көмек берейік, – дейді аудан әкімі өздерінің басқосуында.
Мұндайда атқа қамшы салдырмайтын Нұрекең білек сыбана кірісіп берсін. Тағы да құрылысшыларға өтініш жасайды, өзі бірге жүреді.
Ескерткіштің орнын дайындап, биіктігі жеті метрден тұратын тұғыр орнатты. Оған қажетті көз тартарлық қызыл тасты сонау Жамбыл облысынан алдырады. Алып тұлпардың асыл тұяғына алқызыл тас үйлесім тапқанына дән риза. Сол үйлесімділікті көріп қуанған Қалисаевтың нағыз құрылысшы екеніне сонда көз жеткізгенбіз. Бүгінде мұның қалай біткенін, қалай салынғанын біреу білсе, біреу білмейді. Әділдік үшін айту парыз, мұнда құрылысшы Қалисаевтың маңдай тері жатыр. Қасымызда жүрген Қалисаевтың азаматтығын, іскерлігін айтайық. Кейінгі ұрпаққа үлгі болсын!»
Жетісай аудандық ардагерлер кеңесін ұзақ жыл басқарған ел ағасы Әбдіғаппар Исаевтың сөзімен айтсақ: «Қолы ашық Қалисаевтың қамқорлығы мен демеушілігінің өзі бір төбе»... Жетісай мен Мақтааралдағы әсем ғимараттарда қолының табы қалған құрылысшы, тіпті, Жетісайға кіре берістегі боталы түйенің алып макетін салдырғанын да еске салды. Қанша дегенмен, елдің ағасы емес пе, Әбдіғаппар ағамыз ол кісінің қайырымдылық іс-шараларға бір кісідей атсалысып жүретінін жақсы біледі.
Құрылыстың құрметті қызметкері атанған Нұрділлә Қалисаев қанша дегенмен бизнестің де қыр-сырын жетік меңгерген жан ғой, бір кезде қараусыз қалған Жетісай ауданы, Ш.Ділдәбеков ауылдық округі аумағындағы, Сырдария өзенінің жағасындағы қыш зауытын іске қосып, бүгінде елдің кәдесіне жаратып жүр. Жылына он мыңнан астам қыш шығаратын зауытта алпыс адам тұрақты жұмыс істейді. Әуелден істің санына емес, сапасына көңіл бөлетін Нұрекең өндірген өнімі сапалы болуы үшін топырақты Сырдың бергі бетінен арнайы алдырады екен. Тасымалдау шығыны көп болғанымен, оның артында тұтынушылар тарапынан болатын алғыс та аз емес. Ал, бала кезден құрылысшы болып қоғамға пайдасын тигізуді көздеген Қалисаевқа керегі де осы, елдің алғаусыз алғысы емес пе?!
... Нұрділлә Қалисаевтың осынау жетістіктері жолында өмірлік жолдасы мен балаларының да зор үлесі бар. Үлгілі отбасының иесі жан-жары Ботагөз Сәдуақасовамен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, олар да бүгінде жоғары білім алып, өз салаларының таңдаулы маманы атанып жүр. Үлкен ұлы Қуаныш жеке кәсіпкерлікпен айналысса, қызы Светлана Астанадағы «Болашақ» қорында жұмыс істейді. Кенже ұлы Ерлан Алматыдағы Қазақ-Британ университетін бітіріп, кейін оқуын Лондонда жалғастырды. Қазір ол да кәсіпкер.
Қысқасы, ел үшін еткен еңбек еш кетпейді екен. Бүгінде кемеңгер басшы Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстанда қырық қала салдырған деп құрметтелетіні бар, сол сияқты қырық қала салмаса да, өзінің дәреже-деңгейінде қырықтан астам білім ошағын салған Нұрділлә Қалисаев та зор құрметке лайық!