«Қазақстан бізден басқа ешкімге керек емес!»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында жақын арада жүзеге асырылатын саяси реформалар мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жан-жақты тоқталды.
«Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік» деді Президент.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстан жаңа реформалы мемлекетке айналатынын, Парламент пен мәслихаттар жұмысы жүйеленетінін атап өтті. Сондай-ақ, Президент «Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет. Осы орайда, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын» деді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі саяси ұстанымдарының бірі – ашықтық және қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнату. Бүгінгі бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Демек, жыл соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылданбақ.
Мемлекет басшысы өз Жолдауының соңында: «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі. Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ» деп кесіп айтты.
Ендеше, елдің ертеңіне алаңдаған ел Президентінің жаңа бастамаларына қолдау білдіріп, жүктеген міндеттерге жауапкершілікпен қарап, оның орындалуына атсалы-су – баршамыздың қасиетті борышымыз болмақ.
Бердіғали ӨМІРӘЛІ,
Түркістан облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы.