Ханбалық Түлкібаста арзандауы мүмкін
Өткен жылы еліміздегі балық шаруашылығымен айналысып жүрген және осы салаға қызығушылық танытқан кәсіпкерлер мен аудан әкімдерінің қатысуымен Шардара су қоймасында балық шаруашылығын дамыту бойынша республикалық семинар өткен болатын.
Аталған семинар Түлкібас ауданында жалғасын тапты. Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған семинарда кәсіпкерлерге балық шаруашылығын дамытудың тиімді тұстары мен оның табысты шаруашылық көзі екені кеңінен насихатталды.
Сол жиын бүгінде оң нәтижесін беруде. Соңғы жылдары Түлкібас ауданы аумағында төрт шаруа қожалығы балық шаруашылығы кәсібін дамытуға бет бұрып, жасанды тоғандарға алғашқы шабақтарын жібере бастады.
Аудан әкімі Нұрлан Байғұт балық шаруашылығын дамытуға бел буған «Оңтүстік балық» ЖШС-інде болып, жаңадан ашылған серіктестіктің жұмысымен танысты. Тастұмсық ауылының маңынан 11 гектар жерде орын тепкен жауапкершілігі шектеулі серіктестік 6 мыңға жуық асыл тұқымды ханбалықтың (форель балығының) шабақтарын Жамбыл облысынан әкеліп, жасанды бассейнге жіберіп отыр.
Пайдалы кәсіпті дамытуды көздеп отырған кәсіпкер келесі айда қосымша 100 мың ханбалық шабақтарын жасанды бассейнге жіберуді жоспарлауда. Шабақтар тиісті деңгейде өскеннен кейін дайын тұрған 3 жасанды тоғанға ауыстырмақ.
Кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмай, жаз айларында жасанды тоған санын 20-ға жеткізіп, балық ұрығын өсіретін технологияны меңгеріп, құрылғыларын орнатуды да қолға алмақ. Оған қажетті ғимараттары дайын.
Аудан әкімі шаруашылық нысандарын аралау барысында кәсіпкерлердің өтініштері мен ұсыныстарына құлақ асып, жаңа бастамаларына заң аясында қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Шаруашылық толығымен іске қосылған жағдайда қосымша жұмыс көздері ашылып қана қоймай, нарықтық бағасы 4000-4500 теңге тұратын ханбалықтың 1 келісі ауданда 2000-2500 теңгеге сатылуы мүмкін. Бұл – тұрғындар үшін өте тиімді.
Түлкібас ауданында облыс әкімінің кәсіпкерлікті, оның ішінде балық шаруашылығын дамыту, жаңа жұмыс көздерін ашу тапсырмасы ойдағыдай жүзеге асып жатыр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.