Қырғыздар мен Тәжіктер...

Баян Дарғожина, «Ońtústik Qazaqstan».

Жер дауы шешілмей кикілжің бітпес

Соңғы жылдары Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан арасында қарулы қақтығыстар жиілеп кетті. Бұл шиеленіске көршілес екі ел арасындағы жер дауы түрткі болғаны даусыз. Сенімді ақпарат көздерінен белгілі болғанындай, қазіргі кезде қырғыз бен тәжік арасындағы шекарада шамамен 70 даулы жер телімі бар екен. Екі республика арасындағы 971 шақырым ортақ шекараның тек жартысына жуығы, 520 шақырымдайы ғана нақты бекітілген. Бұл жөнінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл былай дейді: «Кеңес кезінен бері Қырғызстан аумағында тәжіктің Ворух эксклавы орналасқан. Ондағы тәжік ағайындарды Тәжікстанмен жалғыз ғана жол байланыстырады. Бішкек пен Душанбе өз мүддесін ілгерілету, өз сөзін өтімді ету үшін кеңестік әртүрлі карталарды алға тартады. Мысалы, 1924–1939 жылдардағы карта тәжіктерге тиімді: онда Ворух ешқандай эксклав емес, «шығанақ» тәрізді Қырғызстан аумағына сыналай кірген Тәжікстан жері екені көрсетілген. Қырғызстан болса, 1958–1959 жылдардағы карталарды жақтайды, онда Ворух қырғыз территориясымен қоршалған Тәжікстанның эксклавы ғана».
Бақытбек Смағұлдың айтуынша, бұл аумақта тәжіктер мен қырғыздар бұрыннан тонның ішкі бауындай қоян-қолтық араласып, төскейде малы, төсекте басы қосылып, өмір сүрген. Кеңес заманында шекаралық жер шаруашылық негізге қарай бөлінген. Яғни көшпелі өмірге жақын қырғыздарға жайылым алқаптары, отырықшы өмірге жақын тәжіктерге бақша мен көкөніс егуге қолайлы жерлер берілген. Енді жер дауы қос ел арасына іріткі салып отыр. Шекаралық шиеленістердің көбі адам тығыз тұратын, жері шөлейтті, ресурстары шектеулі, бірақ топырағы құнарлы Ферғана алқабында жүреді. Бұл байтақ даланы Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз Республикасы өзара бөліп алуға күш салуда. Негізінде Баткен–Исфана тасжолының бойындағы Төрт-Қаша дейтін шағын учаскеде қырғыз және тәжік азаматтары аралас қоныстанған. Сондықтан бір-біріне ерегесіп бірде жолға, енді бірде суға таласқан қарапайым халық жиі қақтығысып қала береді. Бұл жанжалға әскерилер еріксіз араласуға мәжбүр. Оқтын-оқтын тұтанып кететін кикілжіңді екі елдің басшылығы да жылдам басуға тырысады. Бірақ, жағдайды үнемі бақылауда ұстап тұру мүмкін емес.
Саясаттанушы, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Болат Әуелбаевтің пікірінше, түбегейлі тыныштық орнату үшін екі жақтан шекара мәселесі бойынша комиссиялар жұмыс істеуі керек. Екі тараптың тұрғындары да өз елдеріне қарай ығысып қоныстандырылуы керек. Ортада ашық «бейтарап» аумақ болуы шарт. Мемлекет қонысын ауыстырған өз азаматтарына шығынды өтеп беруі керек. «Мен мұның соңы кең ауқымды қақтығысқа апарады деп ойламаймын. Өйткені, Тәжікстанның Ауғанстанмен арада проблемасы бар. Дәл қазір Душанбені сол проблема көбірек алаңдатады. Ауғанстанда былтыр тамызда билік ауысқанын білесіздер. Олар тәжік режиміне қарсы. Қырғыз тарапына да бұл қақтығыс тиімсіз. Оның үстіне қазір пандемиядан кейінгі кезең. Бюджеттің тапшылығы бар дегендей. Армияға ақша шығындау тиімсіз. Осының бәрін ескерсек, кикілжің дипломатия жолымен шешімін табуы керек» дейді сарапшы.
 
Бірінші кезекте бейбіт тұрғындар зардап шегеді

Өткен аптада Төрт-Көчө мен Чыр-Добо деген жерлерде орын алған Қырғызстан және Тәжікстанның шекара әскерлері бөлімшелері арасындағы қарулы қақтығыста бейбіт тұрғындар қаза тапты. Тәжік тарапы миномет пен гранатомет қолданған. Соның салдарынан Қырғызстанның 11 әскери қызметшісі зардап шеккен. Ал, Тәжікстанның екі азаматы қаза болып, 10 адам жарақат алған. Оның алтауы әскери қызметші болса, төртеуі бейбіт тұрғын. Тәртіпсіздіктер Сомониён ауылынан Чоркух жамағатына бара жатқан Тәжікстан азаматтарының көліктеріне тас лақтырылғаннан кейін басталды деп айтылады. Қырғызстан бұл жайтқа қатысты тәжік шекарашылары қасақана арандатушылыққа барды деп отыр. Ал, тәжік тарапы Қырғызстанды кінәлауда.
Еске сала кетейік, былтыр сәуірде де қырғыз-тәжік шекарасындағы ауылдар тұрғындарының өзара айтыс-тартысы атысқа, екі ел армиясы арасындағы қарулы қақтығысқа ұласып кеткені белгілі. Ауқымды шайқас делінетіні, екі ел де өз шекарасына қарулы күштерін, танктері мен тік-ұшақтарын аттандырған. Атыс кезінде қос тараптан 49 адам қаза тауып, 287 тұрғын жараланған еді.
Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасындағы жағдайға қатысты біздің елімізде әртүрлі пікірлер айтылуда. Мысалы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Андрей Линник арадағы қақтығыстың тұрмыстық жанжал еместігіне сенімді. Оның ойынша, жанжал шығаруға мүдделі белгілі бір топтар бар. «Мұндай оқиғалардың неге сол аудандарда болатыны ешкімге құпия емес, өйткені шекарада тұрақсыз Ауғанстан бар. Ұйықтап жатқан топтар ауық-ауық бас көтеруде. Оған назар аударғанымыз да дұрыс. Бұл жағдайға ҰҚШҰ қатысушы елдер баса мән беруі керек, өйткені екі тарап та ҰҚШҰ құрамында. Бәлкім кездесу ұйымдастырып, осы мәселе бойынша белгілі бір стратегияны әзірлеп, талқылау керек шығар. Және бұл жағдайлар одан әрі қайталанбауы үшін қисынды қорытынды түю керек» дейді ол.
Ал, ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы Болат Нұрғалиев: «Менің пікірім, бұл тұрмыстық жанжал. Одан шу шығарудың қажеті жоқ. Бұл соғыс емес. Өзара келіспеушілік бірнеше сағатқа ғана созылды. Оның үстіне екі жақ оқ атыспау жөнінде келісімге келді. Бұл ішкі мәселе, сондықтан сырттан араласудың қажеті жоқ. Аталған жанжал мемлекетаралық қарым-қатынасқа еш әсер етпейді. Бізде де болады ғой, көрші екі ауыл өзара келіспей қалады, сол секілді. Әрине, тәжік-қырғыз шекарасында не болып жатқанын білмеймін, өз көзіммен көрген жоқпын», – деді. 
Оның айтуынша, аталған мәселені екі ел ешкімді араластырмай, өздері шешуі тиіс. 
     
Екі жақ ортақ ымыраға келді. Бұл уақытша ма?

Жанжалдың бейбіт жолмен шешілгені дұрыс-ақ. Шекарадағы түнгі кездесуде Қырғызстанның Баткен облысы мен Тәжікстанның Соғды облысы ішкі істер басқармасының басшылары шекаралық аймақтағы жағдайды реттеуді талқылады. Қырғызстанның ішкі істер министрі Улан Ниязбеков пен оның Тәжікстандағы әріптесі Рахимзода Хамро қоғамдық тәртіпті мемлекеттік деңгейде бақылауға келісті. Тараптардың келіссөздерінен кейін татуласуға қол жеткізілді. Екі жақ оқ атуды тоқтатуға  және шекараға тартылған қосымша әскерді алып кетуге келісті. Екі елдің құқық қорғау органдары шекара бойын бірлесе қадағалап жүр. «Қазіргі уақытта шекарада ахуал салыстырмалы түрде тұрақты және бақылауға алынды. Кешегі жанжалдың барлық мән-жайын арнаулы комиссия тергейтін болады. Қазір екі елдің күштік құрылымдары бірге шолғындау жүргізіп жатыр» деп нақтылады Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қақтығыс кезінде ел азаматтарына үндеу жасап, жағдайдың толық өз бақылауында екенін айтып, алаңдамауға шақырған. «Өзге елдердің мүддесін ұстанатын жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары мен саясаткерлердің ахуалды ушықтыру мақсатында таратқан жалған ақпараттарына сенбеңіздер» деп жазды Садыр Жапаров Facebook-тегі парақшасында.
Қырғыз елінің басшысы шекара мәселесі бейбіт жолмен және келіссөздер арқылы шешіледі деп отыр. Депутат Бақытбек Смағұлдың да айтпағы осы. Бішкек пен Душанбе келіссөз үстеліне отырып, жерге қатысты түйткілді бейбіт талқылағаны жөн дейді. «Алайда, Садыр Жапаров та, Эмомали Рахмон да бір-біріне жол бергісі келмейді, тіпті ұлтарақтай жерді де қарсыласына ұстатуға құлықты емес. Себебі, Қырғызстанда да, Тәжікстанда да халықтың ұлттық рухы көтеріліп келеді. Тәжіктер де, қырғыздар да жер мәселесінде бірауызды. Қос президент бұл мәселеде шегініс жасап, халқының ашынысын туғызуға мүдделі емес. Мәселе содан тұйыққа тіреледі. Өйткені, Жапаров мырза түрлі-түсті төңкеріс, халық толқуы нәтижесінде билік басына келді, ал, Рахмон мырза алда билікті ұлына табыстауды жоспарлап отыр деген ақпарат бар. Демек, екеуі де халық қаһарына ұшырағысы келмейді» деді Б.Смағұл. 
     Ол егер мемлекеттер өзара бітімге келе алмаса, ішкі ісіне алпауыт елдер араласуы ықтималдығын жоққа шығармайды. 2021 жылғы қазанда Тәжікстан өз аумағында Қытайдың база ашуын мақұлдағанын ақпарат құралдары жарыса жазып жатты. Тәжікстандық базаға меншік құқығы Қытайдың қорғаныс министрі Вэй Фэнхэнің Тәжікстанға сапары кезінде табысталған. Сондай-ақ, былтырғы жыл басында тәжік жерінде Қытайдың екінші әскери нысанының құрылысы да құпталған.  
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабековтің пайымынша да екі ел арасындағы шекара мәселесінің толықтай шешілмеуі қос мемлекеттегі саяси ойыншылардың мүдделі болмауына байланысты болып отыр. «Жалпы, шекараны құжат жүзінде айқындау шынымен де қиын процесс. Көп жағдайда шекараларды техникалық тұрғыда анықтау оңай емес. Бұл тұрғыда кейбір елді мекендер Қырғызстан немесе Тәжікстан жағында қалып кетуі мүмкін. Одан бөлек, кейбір жағдайда келіссөздер барысында мемлекеттер шекара мәселесін шешу үшін елді мекендермен алмасады. Бұл жағдай да күрделі процесс, шекара маңындағы жергілікті тұрғындар да қарсылық танытатыны түсінікті. Сондықтан кез келген мемлекет пен қоғам үшін ұлттық шекара тақырыбы өте нәзік мәселе. Шекаралас аймақтардағы ауылдар тығыз орналасқандықтан, қақтығыстар тұрмыстық шиеленістен басталады. Кейіннен екі мемлекеттің қарулы күштерінің қақтығысына ұласып кетуі өкінішті жағдай» дейді сарапшы. Оның сөзіне қарағанда бұл мәселені жақын арада шешуде тараптардың ұлттық нәзік мәселелерге аса мән беруі кедергі келтіруі мүмкін. Саясаткерлер нақты шешімдерге бармаса, қақтығыстар ары қарай жалғаса беруі ықтимал.
Пікір қалдырыңыз