«Керуен сарай» келмесіңе қоймайды

Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».


Түркістан қаласы  2018 жылы облыс орталығы мәртебесіне ие болды. Содан беріде көне шаһарда жаңа нысандар көптеп салынып, келбеті күн санап түрленіп келеді. Айта кетерлігі, Түркістандағы жаңа ғимараттардың басым көпшілігі шығыстық стильде салынуда.

Жаңа Түркістанда саяхатшылардың ерекше қызығушылығын тудырып жүрген көрікті орындардың бірі – «Керуен сарай»  көпфункционалды туристік кешені. Кешен құрылысы 2019 жылдың  желтоқсан айында басталып, 2021 жылдың 10 сәуірінде пайдалануға берілді. 

Нысан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қарама-қарсы «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағында 20,5 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылған. Шығыс стилінде салынған ғимараттың архитектурасы да көздің жауын алады. Ал, көктем мезгілінде сакура ағаштары гүлдеп, кешенді одан сайын көріктендіре түседі. 

Бір мезетте 10 мың турист қабылдайтын осынау инвестициялық жобаны «Turkistan Tourism City» компаниясы іске асырды. 

 Кешенде Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», сәйгүліктер шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, фуд-кордтар, қонақүйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы бар. Бұл ретте барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған. Су кешеннің қақ ортасын кесіп өтетіндіктен, әр 50-60 метр сайын көпір салынған. 

Кешендегі ерекше нысандардың бірі – қауыз. Қауыздың қақ ортасында қираған кеменің кейпіндегі субұрқақ орналастырылған. Онда судағы «қайық шеруі» – театрландырылған шоу өткізіледі. Қойылым қазақтың ең көне мұраларының бірі, лиро-эпостық дастан – «Қыз Жібек» жырының негізінде әзірленген. Әр қайықта әртүрлі кейіпкерді бейнелейтін актерлер келушілерді қиялға толы әлемге жетелейді. Қойылым барысында ортада тұрған субұрқақтан бірде отшашулар атқылап, бірде су шапшып, шоуды әсерлі етіп жібереді.  Арна жағасындағы тастардан әуезді ән естіледі. Бұл   «Керуен сарайға» ерекше атмосфера сыйлайды. Сондықтан «Керуен сарай» «Қазақстандағы Венеция» аталып кетті. Қауыздың жанында амфитеатр бар. Мұнда  арнайы үйретілген сәйгүліктер шоуы өтеді. Жылқылар Франциядан арнайы әкелінген.  

«Керуен сарайда» «Сиқырлы керуен» атты балаларға арналған ойын-сауық орталығы бар. Бұл расымен сиқырлы ғимарат.  Ішіне кірсеңіз, Шығыс ертегісіндегі кейіпкерлерге жолыққандай күй кешесіз. Балалар ойнайтын аттракциондардың барлығы ертегі кейіпкерлерімен бейнеленген. Ішінің өзі басқа ойын-сауық кешендерінен ерекше жасалған. «Сиқырлы керуеннің» алдында қазақ мифологиясындағы қыран тәрізді алып құс – самұрықтың ұясы бар. Ғимарат «Алтын самұрық» деп аталады.   Еліміздің өткені, бүгіні және келешегінің көрінісі осы театр-музейде көрсетіледі. 

Кешеннің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестиция тартатын басты орталық болып отыр. Мұнда келушілердің уақыттарын қызықты әрі пайдалы етіп өткізулері үшін барлық жағдай жасалған. 

Пікір қалдырыңыз