ТҮРКІСТАН: «ҚЫЗЫЛ СЫЗЫҚ» МӘСЕЛЕСІ ТҮБЕГЕЙЛІ ШЕШІЛДІ

Күн сайын көркейіп келе жатқан Түркістан қаласында бүгінгі күні барлық салада да ілгерілеушілік байқалады. Мәселен, өткен тоғыз ай ішінде өнеркәсіп өндіру көлемі 103,6 пайызды құрап, 13 млрд. 567 млн. теңгеге жетті. Негізгі каптиалға тартылған инвестиция көлемі 200 млрд. 542,9 млн. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 84,4 пайызға артқан. Көне шаһарға келетін туристер саны да еселене түскен.  Жыл басынан бері қалаға 1 млн. 200 мыңнан аса адам ат басын бұрған. Газ және таза ауыз су мәселелеріне қатысты кейбір түйінді мәселелер біртіндеп шешімін тауып келеді. Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков журналистерге осы жайды мәлім етті.

- Облыстағы өзге қалалар мен аудандар Түркістанға қарап бой түзейді. Сондықтан Түркістан қай салада да алдыңғы қатардан көрініп, қай кезде де көркейіп тұруы керек. Қаланы абаттандыру, оның экологиясын жақсарту бағытында бірқатар ілкімді істер атқарылып жатыр. Келешекте оның ауқымы кеңейе түседі. Жалпы, соңғы жылдары Түркістанда зәулім ғимараттар бой түзеп, елішілік және халықаралық деңгейде көптеген шаралар өткізіліп келеді. Әрине, шеттен келген қонақ ең алдымен қаланың тазалығын көргісі келеді. Бүгінге дейін қаланы көгалдандыру үшін ирригациялық каналдардан 65 мың шақырым гидрантты суару жүйесі тартылды. Ендеше, қолымыздан келетін шаруадан тартынбайық, - деп қала басшысы тұрғындарды шаһарды таза ұстауға шақырды.

Десек те, Нұрбол Әбсаттарұлы брифингте көпшлікті толғандырған бірқатар мәселелердің оң шешілгенін де атап өтті. Мәселен, 2000 жылдың қараша айында бекітілген қаланың бас жоспары негізінде қала көшелеріне «қызыл сызықтар» белгіленген болатын. Осыған байланысты көптеген жеке тұрғын үй мен кәсіпкерлік нысандары осы «қызыл сызық» бойында орналасқандықтан, тұрғындарға осы нысандарды мемлекеттік қабылдау және нысаналы мақсаттарын ауыстыру кезінде біршама қиындықтар туындап келген-тін. Осыған орай қала басшылығы мен қалалық прокуратураның араласуымен бас жоспарға дейін қабылданған құрылыс нысандары мен қолданысқа енгізілген мемлекеттік актілерді рәсімдеу процесі жеңілдетілді. Яғни «қызыл сызық» мәселесі түбегейлі шешіліп, бас жоспарға сай құрылыс регламенттері бекітілді.

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,

«Оңтүстік Қазақстан». 

2 пікір

  • Нурлан
    Нурлан

    Неге сауатты жазбайды. 2000 ж емес 2020 ж қараша айы. Ұят журналистер сауатты болайын.

  • Нурлан
    Нурлан

    Шешілген болса неге рухсат бермейді. Қызыл сызыққа түскен үйлердің құжатын бекітіп. Сөздері не аткарып жаткан жұмыстары сай емес.

Пікір қалдырыңыз