Құқықтық мемлекетті нығайту жолындамыз

Азаматтардың құқығын сақтау – құқықтық мемлекеттің басты белгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында құқық қорғау жүйесінде елеулі өзгерістер басталғанын мәлім етіп, «2021 жылғы 1 шілдеден бастап әкімшілік әділет жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл институт мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын жаңадан қалыптастырады» деді. 

Президенттің бастамасымен қазір еліміздің сот жүйесі ауқымды реформаларды бастан өткеруде. Соның ең елеулісі – Әкімшілік әділет институтының енгізілуі. Әрине, реформа бір күндік жұмыс емес. Дегенмен, қолданысқа енгеніне екі жарым ай өтсе де, оның оңды нәтижелері байқалуда. 
Азаматтар мен мемлекеттік орган арасындағы әкімшілік-құқықтық дауларды шешудің айрықша процестік тәртібін реттейтін Әкімшілік әділет институты «еститін мемлекеттің» тұғырына айналып келеді. Өйткені, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс, ең алдымен, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету әрі мемлекеттік билік органдарының заңсыз әрекеттерінен қорғауға бағытталған. Осы ретте, Әкімшілік әділет институты өзіне жүктелген міндеттерді орындап отыр деп айтуға болады. Мәселен, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына шілде айынан бері жеке және заңды тұлғалардан 300-дей әкімшілік талап қою түскен. Мазмұнына қарай талдасақ, солардың басым бөлігі – сот орындаушылардың әрекеттеріне түскен шағымдар. Мұнан бөлек, салық заңнамасынан туындайтын даулар, мемлекеттік сатып алу саласындағы текетірестер бойынша түскен талаптар да аз емес. Сондықтан сот жүйесіндегі Әкімшілік әділетпен бірге келген оңды өзгерістер қазіргі қоғамдық қатынастардың түйткілдерін реттеудің бірден-бір құралы екендігін дәлелдеп отыр.  
Заңдылық пен әділеттілікті толық қамтамасыз етуді тапсырған Президент адам құқығын қорғау мәселесіне де айрықша назар аударып отыр. «Осы жаздың басында менің Жарлығыма сәйкес Үкімет Адам құқығын қорғау жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Осы маңызды құжат Қазақстанда адам құқығын қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін ұзақ мерзімді институттық негіз қалыптастырады» делінген Жолдауда.
Ағымдағы жылдың 9 маусымында қабылданған «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлығының еліміз үшін маңызы зор тарихи құжат болғаны анық. Бұл мемлекеттің құқықтық әлеуетін дамытуды көздеген Мемлекет басшысының бұған дейінгі екі Жолдауының жалғасы іспетті. Жарлықтың қабылдануы арқылы алдымен, адамның құқықтық статусы ең басты конституциялық құндылық әрі қоғам мен мемлекеттің тиімді дамуының өзгермейтін факторы екендігі нақтыланып, мемлекеттік саясаттың басты бағдары екендігі тағы бір айқындала түсті. 
Сонымен қатар, кешенді жоспар құқықтық идеологияны, қолданыстағы құқықты және Қазақ-стандағы заң қызметін одан әрі оңтайландыра түсуге бағытталған. Яғни елімізде адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және оны жүйелі түрде іске асыру – ең бірінші кезектегі міндет.
Жалпы, Президент бастамасымен еліміздегі сот-құқықтық жүйесінде жасалып жатқан нақты қадамдар өз жемісін беруде. Бұл ең алдымен мемлекеттік басқару жүйесіне оң әсер етіп, құқықтық мемлекетті нығайта түседі.

Қасым ИСЛАМОВ, 
Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісі басшысының орынбасары.

Пікір қалдырыңыз