Қазығұрт – қазақтың қарашаңырағы

Қазығұрт ауданы – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан аграрлы аймақ. Шөбі шүйгін, топырағы құнарлы. Шыбық шаншысаң, шынар өсіп шығады. Қарт Қазығұрттың баурайы төрт түлік өсіруге де қолайлы. Жүзін күн мен аңызақ жел қақтаған диқандар мен атакәсіптен несібесін айырып отырған малшы қауым соңғы кезде заманауи ғылым жетістіктерін тиімді пайдаланып, жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде толағай табыстарға қол жеткізіп келеді.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша соңғы төрт айдың қорытындысы бойынша өндірілген өнім көлемі 9 164,7 млн. теңгені құрады. Жыл соңына дейін өнім көлемін 52 978 млн. теңгеге жеткізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда ауданда 9420 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында құрылыс жұмыстарына 198 857 мың теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 52-ге жетіп, 81,3 пайызды құрайды деп жоспарлануда.

Ежелден егін егіп, мал бағып отырған аудан халқы соңғы кезде кәсіпкерлікке де ден қойып, кенжелеп қалған орта және шағын бизнесті дамытуға бағыт ұстанып отыр. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелендіру бойынша бүгінгі таңда 18 жоба үшін 442 млн. теңгеге құжаттар тапсырылып, қаржыландырылуда. Нұһ пайғамбардың кемесі қалған киелі Қазығұртта туризм кластерін өркендетуге де мүмкіндік мол. Әрине, бұл ретте басшы біреу, қалғаны тіреу болып жұмыла жұмыс істесе, алынбайтын асу жоқ.

 

А.АБДУЛЛАЕВ: «ӘРБІР ӨТІНІШ НАЗАРДА БОЛАДЫ»

Ауа райы қолайлы, жері шұрайлы Қазығұрт ауданында осыдан 100 күн бұрын әкім ауысты. Ауданды басқару тізгінін қолға алған Арман Абдуллаев мемлекеттік қызметті 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы экономика департаментінің жиынтық талдау бөлімінің бас маманы лауазымында бастаған. Одан кейінгі жылдары түрлі салаларда жауапты қызметтер атқарған.

2013 – 2018 жылдар аралығында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, Шардара ауданының әкімі болды, облыс әкімі аппаратында экономика және бюджеттік сала мониторингі бөлімін басқарды. 2019 жылдан Түркістан облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасына жетекшілік етті.

Жаңа басшыдан жұрттың жаңалық күтетіні жасырын емес. Біз Арман Айдарұлымен осынау үш айдан астам уақыт ішінде атқарылған жұмыс пен алдағы жоспарлар жайында, яғни ауданның жалпы тыныс-тіршілігі төңірегінде аз-кем әңгімелескен едік.




– Арман Айдарұлы, аудан әкімі ретіндегі алғашқы жұмысыңызды неден бастадыңыз?

– Ең алдымен халықпен кездесіп, талап-тілектерін тыңдадым. Оларды не толғандыратынын анықтап алғаннан кейін әр ауыл бойынша жеке жоспар жасадық. Осыған сәйкес, ішіндегі ең өзекті мәселе дегендерін алдыңғы кезекке шығарып, жұмыс жоспарын бекіттік. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда халықтың басты талабы – инфрақұрылым. Ауданда ішкі жолдар, аудандық, облыстық маңызы бар жолдар мәселесі өзекті. Биыл Тұрбат өңірінен, Қақпақтан шығатын облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуден өткізуге қаржы қарастырылып, жұмыс басталғалы жатыр. Ал, Қаратас – Жаңабазар аралығындағы облыстық маңызы бар жолдың жөндеу жұмыстары 2019 жылы басталған, биыл аяқталады. Мұнан бөлек, халықтың сұранысы – ішкі көшелер. Сондықтан топырақ төселген көшелерге бірінші кезекте шағал тас төселеді. Ал, шағал тас төселген көшелерге асфальт төсеу мәселесі қолға алынды.

– Өзіңіз осы өңірдің тумасы болғандықтан, шаруа жайын, ел тұрмысын жете білесіз. Қазығұрттай жері шұрайлы аумақтың ырысын арттыруда атқарылып жатқан игі істерді бір тарқатып өтсеңіз.

– Аудан көлемінде биыл 88 650 гектар егістік жерді игеру межеленген. Ал, бүгінгі таңға 88 004,2 гектар жерге түрлі дақылдар егілді, яғни меже 99,3 пайызға орындалып отыр. Көктемгі егіс жұмыстары да қарқын алды.

Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы ауданға инвестиция тартуды міндеттегенін білесіздер. Сол бойынша да жұмыстар істеліп жатыр. Көптеген кәсіпорындардың өндіріс қарқынының өсуі, жаңа қуаттардың енгізілуі және технологиялық процесті модернизациялау өнеркәсіптік сектордың орнықты дамуына ықпал етеді. Ауданымыздағы өндіріс орындарын көбейту үшін «Қазығұрт» индустриалды аймағына инвесторлар тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуымыз қажет. Осыған орай, 2021 жылы негізгі капиталға салынған жалпы инвестициялар көлемін алдыңғы жылмен салыстырғанда 107 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Аудандағы жалпы 15 өнеркәсіп кәсіпорнының өнім көлемі 4 ай қорытындысы бойынша 2577,4 млн. теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 829,6 млн. теңгеге артты. Нақты көлем индексі 106,5 пайызға орындалып отыр.

Қазіргі таңда индустриалды аймақта құрғақ сүт шығару цехы ашылғалы жатыр. Одан бөлек басқа да кәсіпкерлермен жұмыстар істелуде. Жіңішке елді мекенінде 4 гектар жерге заманауи жылыжай салу жоспарланды. Қызылқиядан мал бордақылау алаңдары ашылмақ.

Шағын және орта бизнестің дамуы үшін жаңадан ісін бастаған кәсіпкерлерге бірінші кезекте жеңілдетілген несие қажет. Жалпы, қаржы ұйымдары арқылы 2021 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында 1378 тұлғаға 1302 млн. теңге несие берілді.

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында бүгінге дейін 56 жобаға банк несиелерін субсидиялау, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету секілді қолдаулар көрсетілді.

Бюджеттің кіріс көздерін ұлғайтып жатырмыз. Нақты айтқанда, 1,2 млрд. теңге шамасында бюджеттің кіріс көзін ұлғайтамыз деп отырмыз. Қазіргі күнде екі рет бюджетті нақтылап қойдық, 600 миллионға кірісімізді көбейттік. Тағы да келесі кезеңге 600 миллион теңгенің ішкі резервтерін есептеп, сол арқылы бюджет кірісін көтермекпіз.

– Бүгінде аумақтарда жайылымдық жер мәселесі өте күрделі болып отыр. Сіздерде бұл мәселе қалай шешілуде?

– Бізде Өгем ұлттық табиғи паркі бар. Соған өңіріміздің өзге аудандарынан жұрт малын әкеліп жаюда. Жергілікті тұрғындар «өз малымызды жаятын жер таппай қалдық, жайылым тарылды» деп өтініш жасағаннан кейін осы мәселемен де айналысуға тура келді. Арнайы бекет қойдырып, аумаққа заңсыз, құжатсыз енген малдың бәрін иелеріне қайтардық.

Мұнан бөлек газ, ауыз су, электр жарығымен қамту мәселелері бойынша да жоспарлар түзілді.

Қазір өңіріміз үшін ең өткір проблемалардың бірі – экологиялық проблема. Ауылдардың бәрінде бірдей қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын орындар (полигондар) жоқтың қасы десе де болады. Сондықтан біз биыл бес елді мекенде полигон салуды бастамақпыз.

Жуырда кәсіпкерлермен кездестік. Оларға «сіздер қалдықтарды өңдеуге инвестиция алып келсеңіздер» деген ұсыныс тасталды. Қалдықтарды полигонда көміп тастай бергеннен гөрі, барлық жерлердегі тәрізді «жасыл экономика» бойынша да жұмыс істесек деген ой бар.

– Ауданда жұмыспен қамту, жастардың туған жерде тұрақтап қалуына байланысты қандай іс-шаралар атқарылуда? Білім, мәдениет, спорт, құрылыс саласындағы ілкімді істерді де тілге тиек етсеңіз.

– Қазіргі уақытта жастардың ауылда қалуы үшін барлық жағдайлар жасалуда. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Денсаулық сақтау саласына келген жас мамандар жәрдемақымен қамтылады, әрі үймен қамтамасыз ету үшін ең төмен пайызбен несие берілуде.

2021 жылы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша нақты 2128 азамат бағдарламаға тартылды. 2021 жылдың 4 айында 1244 жаңа жұмыс орны ашылды, мүмкіндігі шектеулі 69 азамат жұмысқа орналастырылды.

Бізде екі апатты жағдайдағы мектеп болған еді. Бірі – Тұрбаттағы Тураб Тула мектебі, екіншісі – Рабат елді мекеніндегі Патшайым Тәжібаева мектебі. Облыстық бюджетті нақтылау барысында сол екі мектепке де қаржы бөлінді. Мұнан бөлек, Сырлысай елді мекенінде мектеп болмаған, ол ауылдың балалары қатынап оқитын. Ол жерге де мектеп құрылысын бастауға қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар биыл ауданда төрт мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек.

«Қазақтелеком» АҚ тарапынан ауданда биыл 30 елді мекенге жоғары жылдамдықты талшықты интернет желісі тартылды, оның ішінде 37 мектепке талшықты интернет желісі орнатылды.

2021 жылдың бірінші тоқсанында 6,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Аудандағы 2 мәдениет үйінің құрылысына 41,2 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Спорт нысандарының саны 2021 жылдың 4 айында 288-ге жетті.

Сөз соңында әлеуметтік желідегі парақшаларым мен блогыма келіп түскен әрбір өтініштің заң шеңберінде қаралуы тікелей өзімнің бақылауымда екенін айтқым келеді.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

 

БӘЙГЕНІҢ АЛДЫН БЕРМЕЙ ЖҮР

Қазығұрт аудандық мәдениет сарайы жанынан 2001 жылы құрылған «Балауса» би ансамблінің бүгінде 70 мүшесі бар. Ансамбльдің жетекшісі – Гүлнара Оразова. Би ұжымы құрылған жылы-ақ аймақтық «Балауса 2001» байқауында 3-орын иегері атанды. Содан бері ұлттық биімізді дәріптеп, насихаттауға, жастарға тәлім-тәрбие беруге өз үлестерін қосып келеді. Ауыз толтырып айтар жетістіктері де аз емес.

2004 жылы облыстық «Ақ көгершін» балалар шығармашылық фестивалінің І дәрежелі дипломымен марапатталса, 2005 жылы облыстың рухани-мәдени саласының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін «Ең үздік көркемөнерпаздар ұжымы» болып танылды.

Мұнан бөлек, 2007 жылы Арыс қаласында өткен «Қоңыраулы қошақан» байқауынан бас жүлдемен оралды. Ал, 2009 жылы «Оңтүстік – таланттар мекені» облыстық өнер фестивалінде «Ең үздік би ұжымы» жүлдесін иеленді. Сондай-ақ, «Ұлы дала елінің өнерлі де, өрлі, талантты ұрпағымыз» халықаралық өнер фестивалінде бас жүлде алды. Сонымен қатар, «Сәлем саған, Түркістан» өнер фестивалі аясында өткен би байқауында жүлдегер атанды. 2020 жылы «Жас жұлдыз» республикалық би байқауынан да бас жүлдемен оралды.

Былтыр облыс мәдениетінің дамуына қосқан сүбелі үлесі және жоғары дәрежеде көрсеткен шығармашылық өнері үшін «ЖЫЛ БИ ҰЖЫМЫ – 2020» номинациясымен марапатталды. Біздің «Балауса» би ансамблі өнерпаздары мақтауға да, мақтануға да әбден лайық. Байқауларда биік белестерді бағындырып, аудан мерейін асқақтатып жүрген ұжымның келешегіне үлкен сеніммен қараймыз.

Раушан ЕШМҰХАМБЕТОВА, аудандық мәдениет сарайының әдіскері.

 

САЛАҒА НАЗАР АУДАРА БАСТАДЫ

Қазығұрт өңірінде соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласын дамытып, шаруа қожалықтарының экспортын еселеуге ерекше ден қойылып келеді. Бүгінде ауданда нарыққа неғұрлым қажетті өнім түрлеріне назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту және әртараптандыру мәселесі қолға алынуда. Сондай-ақ, суармалы жерді айналымға енгізу бағдарламасына басымдық берілуде.

Ауданда осы күндері ет экспортын еселеуге ерекше ден қойылуда. Себебі, етке деген сұраныс жыл санап артып отыр. Сондықтан аудан жұртшылығы тиімді салаға баса назар аудара бастады. Осыған байланысты мал басын көбейтуді көздейтін бағдарламалар қаржыландырылып, мол жетістіктерге қол жетіп жүр. Төрт түлік уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Соған сай, төрт түлік санын одан әрі көбейтуді көздеген келелі бастамалар молынан қаржыландырылып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілуде.

Ауданда қазіргі таңда егін шаруашылығы саласы да тұрақты дамып отыр. Соңғы жылдары мұнда егістік алқаптарының көлемі артты. Дақылдар бойынша тарқатып айтар болсақ: бидай – 40 570,26 га, арпа – 6255,32 га, дәндік жүгері – 351,7, бұршақты дақылдар – 59,2, ноқат – 26,3, мақсары – 11300,5 га, көкөністер – 358,6 га, бақша – 82,0 га, картоп – 228,6 га, жаңа жоңышқа 4850,2 га егілді. Егін мен мал шаруашылығын қатар игерген қазығұрттықтар биыл да дәнді дақылдан мол өнім алып, экспортты еселеуді жоспарлап отыр.

2021 жылы Қазығұрт ауданында жалпы құны 5,2 млрд. теңгелік, 318 жұмыс орнын құрайтын 1 ірі, 5 орта және 65 шағын жобаларды іске асыру қарастырылып отыр. Солардың ішінде: жеке кәсіпкер Р.Мамбеталиевтің құны 460,0 млн.теңгелік 18 жұмыс орнын құрайтын 1200 басқа арналған ІҚМ бордақылау алаңы жобасы, сонымен қатар «Сау ас» ЖШС-нің құны 1469,0 млн.теңгелік, 60 жұмыс орнын құрайтын 4 га өнеркәсіптік жылыжай құрылысы жобасы бар.

 

ҚАНАТЫН КЕҢГЕ ЖАЙЫП КЕЛЕДІ

«Қазығұрт нұры» ЖШС-нің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Аманжол Әшірбаевты жерлестері елдің қамын ойлаған іскер азамат ретінде біледі.




Ол еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастады. Сөйтіп жүріп шыңдалды. Сосын Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқып, инженер-механик мамандығын алды. Қазығұрт ауданындағы Карл Маркс атындағы колхозда шеберхана меңгерушісі, «Қаратас» өндірістік бірлестігінде төраға, «Өгем» орман шаруашылығында бас маман қызметтерін атқарды. 2001 жылы «Қазығұрт нұры» ЖШС-ін құрды.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы қиын-қыстау жылдарында серіктестікті қалыптастыру оңай болған жоқ. Бірақ, ол тынбай ізденді. Әлеуметтік мәселелерге кеңінен көңіл бөліп, түйткілді мәселелердің оң шешілуіне күш салды. Елді мекендерде көпір, мектептерді асарлатып салу істеріне ұйытқы болды. Мәселен, Махамбет Өтемісұлы ауылына Келес өзені арқылы өтетін көпір аяқталмай қалған еді. Соның құрылысын бітіруге қаржы бөлді. Сонымен қатар, жағдайы төмен отбасыларға демеушілік жасап келеді. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауданда өтетін әрбір ауқымды шарадан тыс қалмай, жерлестеріне көмек қолын созады.

Тоғыз жолдың торабына орналасқан Сарапхана ауылдық округіндегі «Қазығұрт нұры» ЖШС 3 гектар аумақты алып жатыр. Оның 2 гектарында қызанақ, 1 гектарында қияр өсіріледі. Жылына 2 өнім алады. Ресейге, Қырғызстанға жыл сайын 600 тонна өнім экспорттайды. Өнімдерін Қазақстанның барлық аймағына сатылымға шығарады. Тапсырыс берушілер өздері келіп, ауылдан әкетіп те жатыр. Биылдан бастап жылыжай аумағы бір гектарға көбеймек. Бұдан былай жылына 800 тонна өнім алынбақ.

– Былтыр карантинге байланысты Ресейге өнімдерімізді жібере алмай, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында саудаладық, – дейді кәсіпкер.

«Қазығұрт нұры» жылыжайы 2013 жылы салынған. Шаруасын 24 сотық жерден бастаған кәсіпкер бүгінде егістік көлемін 4 гектарға жеткізіп отыр. 60 адам жұмыспен қамтылған. Олар ай сайын 90 мың теңге көлемінде жалақы алады.

«Nur Otan» партиясынан Қазығұрт аудандық мәслихатына депутат болып сайланған А.Әшірбаев Өгем тауынан Қазығұрт, Сарыағаш, Шардара аудандарына экологиялық таза су жеткізуді жобалап отырғанын айтады. Бұл оның сайлауалды бағдарламасында бар мәселе. «Қазығұрт нұры» серіктестігі жұмыс ауқымын ұлғайтып, лимон өсіруді және баламалы күн сәулесімен жылыжайды қажетті токпен қамтуды мақсат тұтып отыр. Осылайша, серіктестік ұжымы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына өздерінің сүбелі үлестерін қоспақ.


Бетті дайындағандар Баян ДАРҒОЖИНА, Ажар БЕРМҰХАНОВА. «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз