Сыбаға сақтау салтымыз еді...

Салт-дәстүр, жөн-жоралғыны жақсы ұстанатын халық едік. Әсіресе, соғымнан алыстағы ағайын-туысқа, оның ішінде жасы үлкен кісілерге арнайы сыбаға дайындалатын. «Жеңсік ас» деп сапарға шыққандардан беріп жіберетін.
Тарқатып айтар болсақ, сыбаға – қазақтың жарасты әрі әдемі дәстүрлерінің бірі. Құрметті адамға, келімді-кетімді сыйлы қонаққа, жақын-жұрағатқа, болмаса жырақта жүрген үй-ішінің бір мүшесіне, жиын-тойға келе алмай қалған жандарға сыбаға берілетін. Оған бұрын «Өкпе бер, бауыр бер, сыбағамды тәуір бер» деп үлкен мән берген.
«Үйге қонып, әкеңнің сыбағасын жеп кет» деген сөзді бала кезде жиі естуші едік. «Әкеңнің сыбағасы» дегеннен сыбағаның, яғни жіліктердің адамдардың жасы мен мәртебесіне қарай тартылатынын аңғаруға болады.
Ертеректе беретін сыбағаны ерекше баптап, сақтаушы еді. Айранды ашытып құрт жасайтын. Көктем кезінде дайындалған сары майды бұзылмасын деп қарын мен бүйендерге салатын. Майлы сүттен сары ірімшік дайындайтын. Ал, сүрленген еттің жөні бөлек. Оның кәделі мүшелері мен қазыларын бүтіндей, қой етін қарынға тұздап, бұрыштап, алыстағы ағайынға бөлек-бөлек беріп жіберетін болған. Сондай-ақ, сыбаға сақтау сапардағы жолаушының аман-есен оралып, осы дәмнен ауыз тиюіне тілектестік білдіріп тұрады деп ырымдаған.
Қазір өзге үшін сыбаға дайындап, сарқыт сақтап жүрген ешкімді көрмейсің... Тіпті, ауылдағы туған-туыс пен қаладағы ағайынның алшақтаған арасын жақындастырып тұратын сәлем-сауқат та сиреген. Осыны ойлағанда, дана қазақтың туысына деген бауырмалдығы мен сыйластығын арттыратын осы бір дәстүрін сағынасың, аңсайсың...
Әйгерім ТАСТАНОВА, Шымкент қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері.