Қалиды халық таниды

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Зейнеткер Қали Әбуов биыл 71 жасқа шықты. Төлебиліктер оны білікті дәрігер ретінде жақсы таниды. «Дарақ бір жерде көгереді» демекші, ол Леңгір қалалық ауруханасының терапия бөлімінде 40 жылдай қызмет атқарды. Ол кісімен арадағы әңгіме коронавирус жайында өрбіді.

– Бұл індет туралы бірінші рет естіп отырмын, – деді Қалекең сөзін әріден бастап. – 2020 жыл қарапайым халық қана емес, дәрігерлер үшін де қиын тиді. Мен мұны маман ретінде жете сезіндім. Теледидардан көріп, газеттерден оқып отырдық қой. Ауыр жағдайда өтетін өкпе қабынуына дәрігерлік тәжірибемде тұңғыш рет куә болдым. Қанша адам қайтыс болды десеңізші?! Маман ретінде айтарым, диагностикалық тексерулер, эпидемиологиялық талдау нәтижелері кешікті. Бастапқыда емдеу протоколында қателіктер орын алды. Жалпы, бұл жұқпалы вирус қоршаған ортаның бұзылуынан, адамдардың Алладан ажырауынан, пенделердің тәубеге келмеуінен, тойғанына шүкіршілік қылмауынан келген зауал секілді. Басқаша қалай айтуға болады?

Әлемде қанша ауру кездессе, соның бәрінің емі бар. Коронавирусқа әзірге дауа табылмай тұр. Бұл ауруға ешқандай антибиотик те, ыстық түсіретін дәрі-дәрмектер, гармондар да әсер ете қоймайды. Керісінше, олардың аллергиялық жағдайды туғызатын факторлары көп. Бір жақсысы, қазір адамдардың барлығы індеттен сақтанудың жолдарын түсініп қалды. Ең алдымен адамның бойындағы иммундық жағдайды көтеру қажет. Ол үшін базардан, дүкеннен сатып алған азық-түлікті емес, таза жерде өскен табиғи өнімдерді тұтыну керек. Екіншіден, қозғалыс көмектеседі. Дене белсенділігін күшейткен ләзім. Ол үшін фитнес клубқа немесе спортзалға барудың қажеті жоқ. Таңертең бой жазып, түрлі жаттығулар жасауды күнделікті дағдыға айналдырған адамға ауру жолай қоймайды.

Қалекең мұндай кеңесті өзінің тәжірибесіне сүйеніп айтады. Ол кісінің жер үйде тұрып жатқанына ширек ғасырға жуықтады. Бағила жеңгей екеуі қызметтен келе сала киімдерін ауыстырып, үй шаруасына білек сыбана кірісуді күнделікті дағдыға айналдырған. Әлі де солай, 45 сотық үйіргелік жеріне жыл сайын бау-бақша дақылын егіп, жайқалтып өсіреді. Көктемде жерді аударып, тырмалайды. Картоп, пияз, сәбіз және түрлі көкөніс егеді. Тіпті, бір танаптан 2 рет өнім алады. Мәселен, жаздық және күздік картопты жылда жинап жүр. Зейнетке шыққан соң айналысатын ермегі сол. Біріншіден, белсенді дене қимылы денсаулыққа пайдалы. Екіншіден, табиғи өнім экологиялық жағынан таза. Қызылша мен құлпынай алқабы да бар. Ол жарықтық қар жауғанша көктейді. Ал, базардағы азық-түлікке күмәнмен қарайды. Құрамында не бар екенін бір Құдайым білсін! Сиыр да ұстайды. Сондықтан үйінен ағарған үзілген емес.

Індет кезінде үйінде ауырғандар, ауруханада жатып шыққандар Қалекеңмен хабарласып, ақыл-кеңес алу үшін үйге келетін. Арасында ағайындары, араласып жүрген жора-жолдастары, көзтаныстар мен көршілер де бар. Дәрігер – қай кезде де дәрігер. Ол карантин талаптарын сақтауға, бетперде тағуға, той-томалаққа, басқа да түрлі жиындарға бармауға, үйден шықпауға кеңес берді.

Маманның айтуынша, коронавирустық пневмонияның дәстүрлі өкпе қабынуынан айырмашылығы бар. Бұл – басқа ауру. Ерекшелігі сол, өкпенің ауа жиналатын жерінде су пайда болады да, оттегі емін-еркін ене алмайды. Сөйтіп, өкпе бүрісіп қалады. Содан бар салмақ жүрекке түседі. Науқас қиналып, көз жұмады. Ал, өкпенің дәстүрлі қабынуынан екі аптада айығып шығады.

Қали Әбуов 1950 жылы 30 мамырда Төлеби ауданындағы Жаңа жол ауылында дүниеге келген. Сегізжылдықты ауылда аяқтап, Леңгір қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы №2 орта мектепті 1967 жылы бітірді. Алматы медициналық институтының емдеу факультетіне түсіп, оны 1973 жылы тәмамдаған жас маман еңбек жолын Леңгір қалалық ауруханасында дәрігер терапевт болып бастады. Бұл кезде бас дәрігер – Андрей Григорьевич Желиховский, ал, дәрігер сарапшы Евгения Павловна Кузнецова терапия бөлімінің, Владимир Иванович Данилов емхана меңгерушісі болатын. Білікті мамандардың тәлімгерлігімен жас маман өз кәсібінің қыр-сырына қанығып, тәжірибе жинақтады. Әлі есінде, 1978 жылы Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен бұрынғы Шымкент облысында бүкілхалықтық диспансерлеу науқаны жүргізілді. Осы шарада жас маман белсенділік танытты. Кез келген адамды есепке қоюдың, жыл сайын оларды тексеруден өткізіп тұрудың көмегі көп тиді. Тексерудің нәтижесінде тұрғындар арасында түрлі аурудың алдын алуға, анықталған кеселдің емін ертерек табуға мүмкіндік туды. Сөйтіп, бірінші санаттағы дәрігер атанып, 1983 жылы «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Білікті дәрігер емханада меңгерушінің орынбасары қызметіне жоғарылатылды. Көп ұзамай ауруханадағы терапия бөлімін ұзақ жылдар бойы басқарды. Кейін бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарды.

Қалекең 60 жасқа келгенде ұжымдағы әріптестері оның көп жылғы қажырлы еңбегін ескеріп, «Төлеби ауданының құрметті азаматы» атағына ұсынды. Аудандағы комиссия мүшелері құжаттарын қарады. Жерлесі, әнші Алтынай Жорабаеваның кандидатурасы да бар екен. Екеуінің біреуі ғана өтуі тиіс. Қалекең сонда тұрып: «Біз қыз сыйлаған халықпыз. Атақты соған беріңдер. Мұндай құрметке әнші қызымыз лайық» деп өз еркімен бас тартып, бір мәрттік жасағаны бар.

Есте қалған эпизодтар көп. Қайсыбірін айтсын. Аудандағы талай азамат оның қабылдауында болды, ем алды. Бірде «Қазығұрт» кеңшарындағы Садыр деген кісі аурудан әбден қажыған екен, үйіне шақыртты. Талай жыл ферма меңгерушісі болып абыройлы жұмыс істеген. Жасы сексеннің сеңгірінде. «Балам, асарымды асадым, жасарымды жасадым. Кезінде Ливенцовтың қолынан сыйлыққа жеңіл автокөлік те алғанмын. Әне, есіктің алдында тұр. Жасым болса келіп қалды. Не сұрасаң да аянып тұрған жоқпын. Мені тезірек ана жаққа жібер» дейді. «Ақсақал, менің мақсатым – Сізді емдеп жазу. Әлі-ақ аурудан айығасыз» деп ауруханаға алып келдім. Он шақты күннен кейін сауығып шықты. Қария алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Дәрігер үшін бұдан өткен құрмет бар ма?!

Бірде Леңгір қалалық отын базасының директоры Иван Иванович Прис ауруханаға инфаркт диагнозымен шұғыл жеткізілді. Дәрігерлер жасы алпысты алқымдаған азаматты ажалдан арашалап алып қалды...Трикотаж фабрикасының директоры Владимир Николаевич Дмитриенконы да қалай емдегені әлі есінде. Ол кісі бұдан кейін ұзақ өмір сүрді.

Әкесі есінен шықпайды. 2005 жылы 78 жасында көз жұмды. Тауға жіберген жылқылары үйге келмеген соң малын жаяу іздеген. Өмірі төсек тартып көрмеген қарияның мұндай кеселге қайдан шалдыққанын біле алмай дал. Әлде жүрегінің ауырғанын білмеді ме екен?! Жедел жәрдеммен шұғыл диагностикалық орталыққа апарды. Жүрегі 10-15 пайыз ғана жұмыс істеп тұр екен. Шымкенттен Леңгірдегі ауруханаға інісі Сапар екеуі әкелген соң жарты сағаттан кейін жүріп кеткен. Жұртты емдеп, талайын ажалдан аман алып қалғанда өз әкесіне көмектесе алмағанына әлі өкінеді. Бұл енді тағдыр шығар...

Қали Халықұлы тәрбиелеген шәкірттері Айгүл Оқанова, Гүлшара Құлумова қазір тұрғындарға медициналық қызмет көрсетіп жүр. Екеуі де айтулы маман. Зейнеткер осыған қуанады. Денсаулық сақтау саласында ол ұзақ жыл абыройлы еңбек еткені үшін Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының, Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінің Құрмет Грамоталарымен марапатталды. Ал, 2002 жылы 12 желтоқсанда Елбасының Құрмет Грамотасына ие болды.

 

 

 

 

 

Пікір қалдырыңыз