Тұғырлы тұтастық және ортақ құндылықтар

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Биыл Қазақстан Конституциясына және еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың кепілі – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 25 жыл. Осы жылдар бедерінде елімізде қыруар тірліктер атқарылды. Қазақстанды мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстар өзара ауызбіршілікте, тату-тәтті өмір сүріп келеді.

«Біз қазақ мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Басымыздан құт-береке қашпасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Достықты сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз» деп Қаз дауысты Қазыбек би айшықтағандай, Қазақстан қашан да бейбітшілікті ту еткен мекен.

Қазақстанның 1992 жылы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылдануы, сондай-ақ, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кіруі тарихи тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да маңызды оқиға болып саналады.

Елбасы –Тұңғыш Президент Н.Назарбаев атом қаруына тыйым салу, адамзатқа аса қауіпті жойқын қару түрінен толығымен бас тарту, ядролық сынақтарды болдырмауға қатысты ұсыныстарымен Қазақстанды дүние жүзіне жаһандық бейбітшілікті сақтап, саяси тұрақтылықты қолдайтын мемлекет ретінде танытты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы өзіне жүктелген міндетті лайықты орындап келеді. Ассамблея елімізді мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың өз мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін сақтауға мұрындық болып, ұлтаралық келісімді нығайтуға жұмыс істеуде.

Ортақ шаңырағымыз Қазақстанның бірлігі бекем, татулығының тұрақты болуына негіз болған Ассамблеяның айтулы датасына орай Түркістан облысында да біршама іс-шаралар жоспары түзілді. Олардың алғашқысы – ҚР Конституциясының 25 жылдығына орай облыстың этнос өкілдері тығыз орналасқан елді мекендерде ұлтаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған «дөңгелек үстел» басындағы кездесулер. Кездесуге Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылым жетекшілері мен мүшелері және түрлі этнос жастары қатысты. Аталған кездесулер жөнінде аудандық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде материалдар жарық көрді.

Елімізде орын алған пандемияға байланысты Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың қатысуымен ҚР Конституциясының 25 жылдығына орай жоғары, орта арнаулы, жалпы білім беру мекемелерінде және өзге де ұйымдарда дәрістер мен «ашық сабақтар» ұйымдастырылды.

Этномәдени бірлестіктердің Ассамблеяның 25 жылдығына арналған іс-шараларын ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облыстық ҚХА-ның әлеуметтік желідегі парақшаларында түрлі этнос өкілдері тарапынан 25 құттықтау, мақалалар және 3 сұхбат жарық көрді.

1 наурыз – Алғыс айту күні Түркістан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығының салтанатты ашылуы ұйымдастырылды. Облыстық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері киіз үй тігіп, дастарқан жайды. Іс-шара барысында жиналғандар ҚХА-ның алдағы міндеттері мен жоспарлары, Тұңғыш Президент– Елбасы Н.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды құрудағы ортақ құндылықтар мен топтастырушы сана негізінде азаматтық татулық пен бірлікті сақтаудағы еңбегі әңгімеге арқау болды. Алғыс айту күні жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, қоғамдық келісім, қайырымдылық, әлеуметтік ынтымақтастық пен өзара қолдау көрсетуді дамытуға ықпал ететіндігін атап өтті. Сонымен қатар, зиялы қауым өкілдері «Әралуандылықтағы бірлік» моделінің тарихи маңызын, Тұңғыш Президент– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында айтылған негізгі құндылықтармен бөлісті.

Кездесу барысында депортацияға ұшыраған этностардың ұрпақтары қазақ халқына алғыстарын білдірді. Кәріс этносының өкілі, «Мирас» университетінің студенті С.Пак қазақ халқына арнау жолдаса, өзгелері Абайдың, Ш.Қалдаяқовтың әндерін орындады. Іс-шара аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының волонтерлық қозғалыс орталығы белсенділерінің ұйымдастыруымен «Қамқорлық» акциясы өтіп, әлеуметтік аз қамтылған азаматтар мен көп балалы отбасыларға көмектер көрсетілді.

Мерейтойлық датаға орай ұйымдастырылған іс-шаралар санатында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен славян халықтарының мәдениеті мен тілін, дәстүрін насихаттайтын «Масленица» мерекесі, облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Ұлы даланың ұлы тұлғасы – Әбу Насыр әл-Фараби» тақырыбында өткен «дөңгелек үстел» мәжілісі бар. Ал, «Рождество» мерекесі, «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында карантин режимін сақтай отырып, этнос өкілдеріне қазақ халқының ұлттық киімдерін дәріптеу, салт-дәстүріне құрмет көзқарасын қалыптастыру, жастардың бойында патриотизмді нығайту мақсатында «Этно fashion» фестивалі өтті. Мұнан бөлек, түрлі этнос өкілдеріне қазақ халқының ұлттық ойындарын насихаттау үшін «Алтын асық» сайысы ұйымдастырылды.

 

 

Пікір қалдырыңыз