Ізденіс үстіндегі ұжым

Шымкент қалалық кардиологиялық орталығында жаңалықтар аз емес. Қуат Ермағамбетов басқаратын ұжым – үнемі ізденісте. Жүректі емдеудің жаңа технологиялары мен озық тәжірибелерін игеру мақсатында мамандарды оқыту, олардың біліктілігін арттыру, шеберлік сыныптарын ұйымдастырып, тәжірибе алмасу жұмыстарын жолға қойған. Соның арқасында дәрігерлердің шеберліктері шыңдалуда. Бұл медициналық мекеме үшінші мегаполис қана емес, Түркістан облысының тұрғындарына да қызмет көрсетеді.

 

АРИТМИЯ ДЕРТІНЕН АЙЫҚТЫРАДЫ

Мамандардың айтуынша, елімізде жүректің түрлі дертіне шалдығушылар көп. Соның ішінде әрбір үшінші науқас аритмиямен ауырады. Былайша айтқанда, жүректің соғу ырғағы бұзылады. Мұндай патологиямен 3 мыңнан астам ауру есепте тұр. Бұл дерттің алдын алу тек жүрекке ашық күрделі ота жасау арқылы ғана жүзеге асады екен. Сондықтан, биылғы қазан айының 17 жұлдызында Қазақ аритмотологтар қоғамының президенті, Нұр-Сұлтан қаласындағы «ҰҒКО» АҚ-ның аритмология бөлімінің меңгерушісі, ҚР ДСМ бас штаттан тыс аритмологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор А.Әбдірахмановтың қатысуымен шымкенттік 3 науқасқа ота жасау шеберлік сыныбы өткізілді. Күрделі операциялар сәтті өткен соң, астаналық маман жергілікті БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Қазір науқастардың денсаулығы бірқалыпты. Ол алтын қолды шымкенттік хирургтердің әлеуеті мен мол мүмкіндігіне арнайы тоқталса, қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б. Позилов бұдан былай жергілікті кардиохирургтердің мұндай оталарды өз бетінше дербес жасай алатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, дәрігер профессормен байланысты үзбегі телемедицина арқылы одан ақыл-кеңес сұрап отыратын болады. Демек, біздің дәрігерлер де көп ұзамай науқастарды аритмия дертінен айықтыра алады. Бұл – тамаша нәтиже! Араға екі апта салмай-ақ кардиологиялық орталықта тағы бір шеберлік сыныбы ұйымдастырылды.

 

ЖҮРЕК ҚАҚПАҚШАСЫН АЛМАСТЫРДЫ

Шымкенттік кардиохирургтер алғаш рет жүрегінде ақауы бар науқастың қақпақшасын жабық түрде хирургиялық жолмен ауыстырып берді. Пышақсыз жасалатын күрделі әрі нәзік операцияны жасау үшін жергілікті ақ желеңділерге Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығынан білікті мамандар көмекке келді. Аталмыш орталықтың интервенционды кардиология және радиология бөлімінің меңгерушісі Серік Әлімбаев және катетерлеу зертханасының меңгерушісі

Әбдірашит Мұсаевтың қатысуымен 82 жастағы қарттың жүрегіне жабық түрде ота жасалды. Мамандар науқастың аяқ күре тамырына жеткізуші құрылғы арқылы еніп, жүрек қақпақшасын хирургиялық жолмен алмастырды.

«Отаның бұл түрі — медицина тілінде «аорта қақпақшасын транскатетерлі имплантациялау» деп аталады. Операция жұмыс істейтін жүрекке жасалды. Яғни өкпеге жасанды желдету қосылған жоқ. Сондықтан біз отаның негізгі бөлігі – қақпақшаны алмастыру уақытын 20 секундта жасап бітірдік» дейді Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығының дәрігері Серік Әлімбаев.

Әдетте, кардиологтар «аорта қақпақшасының стенозы» диагнозы қойылған егде жастағылардың жүрегіне ота жасатуға кеңес бермейді. Дегенмен, бұл жолы білікті мамандар тәуекелге барып, қарияның жүрек қақпақшасын алмастырып берді. Операция сәтті және тіліксіз өткендіктен мамандар науқастың екі-үш күн аралығында оңалатынына нық сенімді.

Бұл тәжірибе алмасудың нәтижесінде жергілікті медицина мамандары жүрек қақпақшасына жабық түрде ота жасауды өз бетінше атқара алатын болды.

Айта кетейік, мұндай операцияның түрлері медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде елдің әрбір азаматына ақысыз түрде көрсетіледі.

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

 

 

Пікір қалдырыңыз