Мемлекеттік биліктің бастауы – халық

Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Қоғамды демократияландыру үдерістерінде жергілікті өкілді органдардың, халық билігінің негізгі формасы ретінде, мәслихаттар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының маңызы өте зор. Мәслихат – халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды белгілеп, олардың жүзеге асырылуын қадағалайтын жергілікті өкілді орган.

Халықтың еркін білдіру – әр депутатқа мерейлі міндет жүктеп, өзінің құзыры арқылы билікке араласуға мүмкіндік береді. Мәслихаттар жүйесі алғаш құрылған күннен бастап, әкімшілік-аумақтық бірлікті басқаруда жергілікті басқару тетігінің құзыретін кеңейтуге атсалысып келеді. Бұл талаптар еліміздің жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамасында көрініс тауып, әр азаматтың биліктің қайнар көзі бола алатындығын айқындайды.

Арыс қалалық мәслихат сессиясында күн тәртібіне енгізілетін мәселелерді алдын-ала қарастыру, мәслихат шешімдерінің жүзеге асырылуын қадағалау мақсатында екі тұрақты комиссия құрылған ды. Біріншісі – Бөгенбай Төлегенұлы төрағалық ететін бюджеттік және экономикалық даму мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия.

Екіншісі – Ерғазы Медетбеков төрағалық жасайтын әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия. Мәслихат міндеттерінің басым бағыттарын жүзеге асыруда тұрақты комиссиялардың алар орны айрықша. Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиялары жыл сайын мәслихат сессиясында есеп береді. Басты мақсат – атқарылған ауқымды істердің нәтижесін сараптау, алда күрмеуі шешілмей тұрған мәселелерді анықтау. Шешімдердің орындалуы тұрақты комиссиялардың, мәслихат аппаратының бақылауына қойылған. Олардың бәрі де тұрғындардың денсаулығын сақтап, мәдениетін өркендетуге, әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге қатысты әлеуметтік мәні бар мәселелерді шешуге бағытталған. Қабылданған шешімдердің, сессия шешімімен бекітілген бағдарламалардың орындалу барысы тұрақты комиссияларда тыңдалып отырылады. Сессия қарауына ұсынылған барлық мәселелер алдын-ала тұрақты комиссиялар отырысында қаралып, қызу талқыға түседі.

Арыс қалалық мәслихаты жергілікті өкілеттік орган ретінде ҚР Конституциясына сәйкес әрекет етіп, халықтың талап-тілектерін орындап, жалпы мемлекеттік мүдделерді ескеріп, оның жүзеге асуына қажетті шараларды анықтайды. Сондай-ақ, олардың орындалуын бақылап, қала аумағында мемлекет саясатын жүргізіп, әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын жүзеге асырады. Халықтың тұрмыстық ахуалын жақсартуға ықпал етеді. Осыған байланысты қалалық мәслихат депутаттары өз округтерінде атқарылған жұмыстары бойынша тұрғындармен кездесулер өткізіп, сайлаушылар алдында есеп береді. Кездесулер барысында депутаттар жыл бойы атқарған жұмыстарын ортаға салып, ашық сипатта өз сайлаушыларымен пікірталасқа қатысып, туындаған сұрақтарына жауап береді. Жиындарда жұртшылық тарапынан қаланың тұрмыс-тіршілігіне қатысты көптеген сауалдар қойылады. Мәселен, аулаларды абаттандыру мен көгалдандыру, көшелер мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды жөндеу, қоқыс қалдықтарын жинау, қала тазалығы, жарық орнату, тағы сол сияқты мәселелер. Барлық сұрақтарға тиісті жауаптар беріліп, жоғары тұрған органдарға шешімін табу үшін депутаттық сауалдар жолданады. Кейбір сұрақтар депутаттық бақылауға алынады. Дер кезінде шешіліп жататын мәселелер аз емес. Барлығы депутаттардың қадағалауымен іске асырылады. Атап айтар болсақ, Арыс ауданы экологиялық қауіпті аймаққа жатады. Қаламыздағы теміржол саласында қызмет етіп жүрген жұмысшыларға еңбекақы тағайындағанда ең төменгі санаттағы жалақы белгіленген. Осы мәселені халық қалаулылары Үкімет басшыларына, Парламент депутаттарына депутаттық сауал арқылы жеткізіп, экологиялық жәрдемақының мәселесін шешті.

Арыс ауданына қарасты Аққала елді мекенінде интернет жүйесі өз деңгейінде жұмыс істемей келген болатын. Бұл өзекті мәселе де депутаттардың араласуымен шешілді.

Мемлекет тарапынан «Күміс алқа» және «Алтын алқа» тағайындалу мерзімінің ұзаққа созылуына және ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының кешіктіріліп төленуіне қатысты мәселе де мәслихат депутаттары тарапынан жоғары тұрған органдарға депутаттық сауал ретінде жолданды.

Сондай-ақ, Арыс қаласындағы 8 мыңнан астам үйді ауыз сумен қамтамасыз ететін «Теміржолсу-Арыс» ЖШС-нің және 11 ауылдық елді мекендердің тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін «Ақаба-Сервис» ЖШС-нің тарифтік құны салыстырмалы түрде алғанда ауыз су құнынан жоғары екендігі туралы мәселені шешу үшін Парламент Сенатының депутаттарына, теміржол басшыларына депутаттық сауал жолданды.

Депутаттардың тарапынан қойылған сауалдардың орындалуын қадағалау мәслихат аппаратының қызметкерлеріне жүктелген. Қандай да болмасын қарапайым халықтың мүддесін қорғайтын, шешімін табуды қажет ететін мәселелер қатаң түрде заң шеңберінде жүзеге асып жатады.

Пандемия салдарынан төтенше жағдай жариялануына байланысты қалалық мәслихат депутаттары әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға ақшалай және азық-түлікпен көмек көрсетті. Жерлесіміз, облыстық мәслихат депутаты Қ.Әбдіхалық 1,5 млн. теңгеге азық-түлік пен медициналық қорғаныш құрал-жабдықтарын таратты. Сондай-ақ, халық қалаулылары қаламыздағы карантинге оқшауланған обсерватор ғимаратын қажетті тұрмыстық заттарымен қамтамасыз етуге атсалысты.

Елбасының бастамасымен қолға алынған «Biz Birgemiz» республикалық акциясы аясында Жетісай қаласының тұрғыны, «Nur Otan» партиясының белсенді мүшесі, кәсіпкер Көбейбек Әлиев партияның қалалық филиалымен бірлесе отырып, Жетісай ауданынан 10 тонна қырыққабатты Арыс қаласына жеткізіп, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тегін таратып берді.

Мақтаарал өңіріндегі су тасқыны кезінде де депутаттарымыз белсенділік танытты. Түркістан облыстық, аудандық, қалалық мәслихат депутаттарының ұйымдастыруымен осы төтенше жағдайға байланысты гуманитарлық көмек жіберілгені белгілі. Арыс қалалық мәслихат депутаттары мен мәслихат аппараты ұжымының атынан көрпе-төсек, 2,5 тоннадай азық-түлік пен бақша өнімдері жөнелтілді. Арыс халқы мақтааралдықтардың басына түскен жағдайды шынайы түсінеді. Қиындықта қол ұшын берудегі дәстүр халқымыздың қанында бар, бойымызға сіңген асыл қасиет. Игілікті істе белсенділік таныту арқылы арыстықтар бірлікке бекем, іргесі бүтін, халқымызға тән бауырмалдық, мәрттік пен мәмілелі іске бастайтын жаңашылдық, жанашырлық қасиеттерін таныта алды.

Мейірхан СЫДЫҚОВ, Арыс қалалық мәслихат аппаратының басшысы.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз